№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Әлім Мұхамеджановтың өнегелі өмірінен не білеміз?

Әлім Мұхамеджановтың өнегелі өмірінен не білеміз?

Адам бойындағы қарапайым қағиданың өзі қанмен келетін қасиет. Республиканың бас әскери комиссариатын жиырма жыл бойы абыройлы басқарған туған жеріміздің түлегі, ардақты аға Әлім Мұхамеджановтың отбасында өзімен қоса есептегенде бес бірдей полковник шығыпты. Мұндай мәртебелі биіктікті бағындырған «бақытты отбасы» біздің білуімізше Қазақстанда біреу ғана. Қазақтың қарапайым отбасында өсіп-өніп, өнеге алған өреннің алдына зор мақсат қойып, соған жету жолында талмай талаптануының астарында ең алдымен Отанына шын берілгендік, азаматтық борышқа адалдық, ең бастысы ұлы даланың ұрпағына тән асқақ рух тұнып тұрғандай.
Әлім Мұхамеджановтың ғұмырбаяны осы сөздің дәлеліндей.
Ол Жаңақорған ауданы, Өзгент елді мекенінде қарапайым отбасында дүниеге келді. Аудан орталығындағы жеті жылдық мектепті бітірген соң, 1939 жылы Орджоникидзе қаласындағы әскери училищесінде оқыды. Осы жерден бірден қолына қару алып, соғысқа аттанды. Майданға кірген бетте жараланып Қазақстанға оралды. Ол осында Амангелді Иманов атында әскери батальон жасақталғанда, 3-ші жеке атқыштар құрамында 2,5 мың жауынгері бар топпен қайта майданға кіреді. Оңтүстік Орск әскери округінің 14-ші мергендер мектебінің батальон командирі болады. Осы құрамда соғысып Кенигсберг қаласы теміржолы комендантына өткен Әлім Мұхамеджанов елге 1946 жылы бір-ақ оралды. Алдымен Қызылорда әскери комиссары, Мерке аудандық әскери комиссары, одан соң Алматы қаласы Фрунзе (қазіргі Медеу) аудандық әскери комиссариатын басқарды. Одан әрі Қазақ ССР Әскери Бас комиссардың бірінші орынбасары болып 20 жыл абыройлы қызмет атқарды.
Алпыс бір жасқа келгенінде ресми әскери қызметінен отставкаға шықты. Ғылыммен дендеп шұғылдануға кірісті. Соғыстан кейін әскери дәрежемен шектеліп қалмай, 1962 жылы КазГу-дің тарих факультетіне оқуға түсіп, 1969 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған болатын. Ғалым өзі таңдаған әскери тақырыптар бойынша посткеңестік және Ресейдің мұрағаттарын терең зерттеп,зерделеп жазды. Әскер тарихына түрен салды. Әскери қызметтен босаған соң тарих, археология, этнография институтында ғылыми ізденістерін жалғауға мол мүмкіндік туды.

Қанды көйлек қаруластары – Халық қаһармандары
Есімдері ел жүрегіне орныққан ғажайып тұлғалар Халық қаһарманы – Бауыржан Момышұлы, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры атағын иеленген Талғат Бигелдинов Әлім ағаның майдандағы қандыкөйлек қаруластары ғана емес, бейбіт өмірдегі барынша сыйласып, қалтқысыз қарым-қатынасын үзбеген үзеңгілес бауырларындай болыпты. Оған бұл кісілердің айтып, жазып қалдырып кеткен шын көңілден шыққан лебіздері, жарқын естеліктері дәлел. Әлім аға Бауыржан Момышұлы туралы жазбасында: «Бұл кісіні тым қатал, бет қаратпайтын сұсты, қатыгез кісі санайтындар көп, Баукеңнің ішкі дүниесіне үңіле білгенге ол кісіден артық ұлтқа жаны ашитын адам жоқ. Күндей күркірегені болмаса зады жуас, жүрегі жұмсақ, тағы неткен көңілі кең, аса бауырмал кісі» деп толғанады. Осы кісіге ұқсап, жолын қуса екен деген тілекпен өзінің ұлының есімін «Бауыржан» деп қойды.
Ол ниеті де оңғарылды. Ұлы Бауыржан үмітті ақтап, үлгілі ер жетті. Екі бірдей министрлікті басқарды. Әділет министрі болды. Ішкі істер министрі болды. Еліміздің Ата Заңының қалыптасуына, нығаюына қажырлылықпен қызмет атқарған белгілі заңгер.
Әскери адамдар көбіне прагматик, логикасы, ішкі серпіні мықты келеді емес пе? Біздің Әлім ағамыз да нақ осындай турашыл, өмірге өз шындығымен келіп, соған қылау жұқтырмаған адам.
Халық қаһарманы, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қорғаныс Министрі болған Сағадат Нұрмағамбетов республикалық әскери комиссар, ал Әлім Мұхамеджанов оның орынбасары болып, ширек ғасыр қос тарлан қояма-қолтық қызмет жасады. Жұмысынан мін жібермейтін, қандай тапсырманы болмасын тап-тұйнақтай тындыруда қарамағындағыларға тамаша үлгісімен танылған әріптесі туралы: «Ол абырой-дәрежесін асқақ ұстауға дағдыланған әскери тәртіптің адамы. Биік болмыстың иесі. Таза еңбекқорлық, толыққанды тәжірибесімен елімізде әскери комиссариаттың қалыптасуына орасан зор еңбек етті» деп еске алады Сағадат Нұрмағанбетұлы.
Бүгінгі күндері еліміздің қорғау­шыларын даярлайтын, оқытатын мәрте­белі әскери комиссариаттың билік басында отырған шені зор, зейіні мол лауазым иелері – Әлім Мұхамеджановтың шәкірттері. Ел астанасында, Алматыда, Меркеде, Таразда, Қызылорда комисса­риатында Ә.Мұхамеджанов салған сара сүрлеудің ізі бар екенін ешкім де жоққа шығармайды. Жақсының ісі, өнегесі өлмейді. Білім, білік, әскери әлеуеті жетіп тұрса да жетістікті шен қуумен есептемейтін ерек тұлға «генерал» болмадым деп ешкімге өкпе артпады. «Ел төбесіне көтерген Бауыржан Момышұлы өмір бойы полковник болды. Енді қай жағынан келгенде де Бауыржаннан бір саты төмен тұруым керек қой» деген ізгі қағидасынан жаңылмады.
Бірақ өзі атақты емес, туған ұлтының тағдыр-талайын жоғары қойды. Халықтар достығы салтанат құрған кешегі Кеңестік кезеңнің ұстанымын ұлықтап, жер бетінде әділдіктің қанат жаюы жолында көкірекке түйген ұлағатын шырақ етіп ұстап, онымен жас ұрпақ көңілін нұрландыруға ұмтылды. Тарих тастай қатып, көбесі сөгілмес үшін оны көзімен көргендер жазып қалдыруы тиіс. Сонда ғана шынайы тарих қалыптасады. Шындық шынжырлауға көн­бейді. Осындай жауапты сынды, жоғары міндетті мойнына алған Әлім аға жатпай-тұрмай еңбектеніп, кешегі өткен қанқұйлы соғыстың арсыз келбетін аяусыз әшкерелеген әйгілі еңбегін «Казахстанцы в битве под Москвой» деп аталатын кітабын жазды. Бұл соғыстан соң 27 жыл өткеннен кейін Кеңес Одағы және Қазақстандық оқырмандарға Мәскеу шайқасын ғылыми түрде талдап, зерттеп-зерделеп түсіндіріп берген ғылыми еңбекпен пара-пар еді.
Шындығында, осынау ғажайып тұлға үшін Отанның игілігінен артық ешнәрсе болмады. Ол перзенттерін де осындай қадір-қасиетке баулыды. «Ешкім саған міндетті емес. Өмірде барлығына өзің қол жеткізуге тиіссің» деп баулыды оларды өмірге. Балаларына қойған талабы: адалдық, тәртіп, жауапкершілік, еңбексүйгіштік, шынайылық, жақын-жуық­қа көмек беруге даяр тұру.
Кіндігінен өрбіген 7 перзенті де әке алдындағы осынау аманатқа адалдық танытып келеді.
Тәуелсіздік алған қиын жылдарда бір жағынан білгір маман, бір жағынан адам танитын, мінезге бай, қиын шақта ұлттың бір жағына ұстын бола білетін кадрларға қажеттілік туындаған күрделі кезеңдерде осынау абыз әке тәрбиелеген тұлғалы азаматтар – Бауыржан, Бақытжан, Икрам, Акрам, Ержан Мұхамеджановтар Елбасының ең сенімді серіктері болды, қиын сында қал-қадірінше қолқабыс етті.

Адамның бәрін
сүйген бауырым деп
Қызметте құзыретке қол жеткізу, дарын-қабілетіңмен көпті мойындатып көш бастау бір ерлік, сонымен қоса қара бастың ғана қамын күйттемей, қалың елдің қабағын бағып, қиналғанда қасынан табыла білер балапан тілек, қайырымды жүрек иесі болудың нығметі бір бөлек. Екінің бірінің маңдайына бұйыра бермес киелі мінез, қастерлі қасиет бұл. Біздің Әлім ағамыз нақ осындай жан болып өтті өмірден.
Туған жеріміздің түлегі, Академик ағамыз Бірлес Алияров былай деп еске алады:
– 1961 жылы университетті бітіріп, Алматы энергетикалық ғылыми зерттеу институтына қызметке орналасуға жолдама алдым. Бірақ Алматы қаласына тіркеуге тұру қиынның қиыны. Салып ұрып Әлім ағама келдім. Ол кезде Фрунзе (қазіргі Медеу) аудандық әскери комиссариатының бастығы бір сөзге келмей шаруамды бітіріп жіберді. Келер жылы алдына тағы келейін. Бұл жолы інім Аманжол оқуға түсе алмай, қалада жұмысқа қалдыру үшін тағы тіркеу мәселесі алдан шықты. Әлекең Калинин аудандық Әскери есепке алатын бөлімшеге тіркетіп, тағы да тығырықтан құтқарды. Бұдан кейін де қаншама көп жақсылығын көрдім» десе, Қазақстан Журналистер Одағы Сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Кенжебек Әбдімәуленов: Мектепті жаңа бітірген жас талаппын. Бағытым – Алматы. Қолымда Әлім Мұхамеджановтың мекен-жайы жазылған бір жапырақ қағаз. «Комсомол көшесі 54 үй, 53 пәтер». Сабылып жүріп, әйтеуір таптым. Есікті Күләш апам ашты. Ар жағында ағамды көзім шалды. Кәдімгі өзім оқитын ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы мектептің «Құрмет тақтасына» ілінген түлектер арасынан күнде көріп жүрген формадағы әдемі кісі. Жат жерде жақын тартып, аяғымнан нық тұрып кеткенімше қамқорын аямаған осы ағам мен оқуды бітіріп, осында тұрақтап қалуыма, қалада тіркеліп, баспаналы болуыма, Қазақ радиосына қызметке орналасып, одан әрі өсуіме де тікелей ықпал етіп, көңілінен таса қалдырмағанын тіпті мақтанышпен айтқан болар едім, – дейді ағынан жарылып. Тек бұл кісілер ғана емес ауылдан арып-ашып барған қаншама ағайынға ашық қабақ танытып, таудай қамқор болғанын көмегін көргендер ұмытқан емес.
Бұл кісінің шарапатын көрген жандардың аға алдына қамығып кіріп, жадырап шыққандары жөнінде жарқын естеліктеріне куә болып көңіліңіз жадырайды. Кісіге еткен жақсылығың ешуақытта жуылмайды екен.
Қадірлі ағаның өзінің жан жолдасы, қазақтың біртуар ұлы, Академик Сұлтан Сартаевпен бірге елге арнайы атбасын бұлған талай сапарына куә болдық. Сондағы қос ағамыздың да ел азаматтарына айтар базынасы біреу: «Онсызда азғантай қазақты ру-руға, жік-жікке, жілік-жілікке бөліп не керек? Балаларға теріс әсер етеді. Өсейін деп тұрған жеткіншектердің келешегін тұсайды, адымын тарылтады. Ондай нашар мінезден сақ болыңдар».
Ал өздері ешуақытта да ешкімді бөліп – жармады. Тілектері елдің үстінде өтті. Өздері елдің астанасында күнелтіп, қызмет жасаса да көңілдері ел жақта, жақсылығына сүйініп, кемшілігіне күйініп, қолдарынан келгенше көлеңкесін түсіруден бір жаңылмай өтті. Туған топыраққа тәу етудің үлгісі осындай-ақ болар.

«Майдандастарым
мазалап жүр»
Әлім аға өмір бойы өз қызметіне адалдығынан танбаған жан. Орта Азия Әскери округінің әскери командирлер құрамына мүше ретінде Одақтың мұрағаттарын ақтарып, әскери тарихты зерделеумен болды. Ол өзі соғыстың бел ортасында қан құйлы шайқасты бастан өткерген солдат ретінде соғыс қимылдарына өз көзқарасы тұрғысынан баға беруде биік құқын бәсеңдетпей ғылыми ізденістерін жалғады. Қазақтың Ұлттық Әскери Энциклопедиясын шығаруға атсалысып, демалысқа шыққан соң да тынбай еңбектенумен жүрді.
Ол кездері Пушкин атындағы кітапханадан өзіне арнайы бұрыш тауып алып, «Дария» романын өндірте жазып жатқан жазушы Дүкенбай Досжан осы ғимаратқа жақын үйі маңында сейілдеп жүретін Әлім ағаны жиі кездестіретінін айтады. Рухтас, мұраттас жандардың әңгімесі жараса кетері өз алдына, жақын жердегі қымызханаға жайланып отырып, сыр тиегін ағытар күндерді сағынышпен еске алған жазушы жазбасында мынадай жолдар бар: Желтоқсан оқиғасы кезінде өрімдей жастардың жағдайына алаңдап алаңға келген ағаны күзетшілер төңіректеп: «Кімсің? Құжатыңды көрсет» деп қоқыраңдағанда «Аулақ жүр. Мен бұл елді қан соғыста қорғағанмын» деп жан адамды жанына маңайлатпаған ағаның жан-дүниесі астаң-кестең болып, сонда бір қатты жараланып еді» дейді. Көз алдында жапырылғалы тұрған жауқазын жастар жайын ойлап, жаны қалай түршікпесін, ол тұрмақ өткен соғыста нешеме жыл бұрын шейіт болып кеткен боздақтардың бейнесі көңілінен бір кеткен емес. Оны өзі Дүкенбайға былай деп сыр қып айтыпты:
«Түнеукүні таңғы сағат төртте үйдегі телефон шырылдайды. Барып көтеріп, «Алло, алло» деймін. Тырс еткен үн жоқ. Тұрып-тұрып, бір кезде трубка қойылып қалды. Сірә бұл мазалап жүрген майдандас достарымның рухы-ау. Сен күлме. Бұлай болуы әбден мүмкін. Жүрегім сезеді. Солар. Жан достарым. Дүйсетай 41-дің ақ қар, көк мұзында көздеп атқан мерген оғынан мерт болды. Бар болғаны он тоғыз жаста еді. Кәрібоз мына тұрған Жалағаштың жайсаңы еді. Жазған өлеңдерін оқысаң. 43-ші жылғы жаппай көмілген минаға түсіп, опат болды. Түн ішінде ұшып жүрген осы боздақтардың рухы, елбілеп-желбіреп мені іздеп жүр, тіл қата алмай, үнімді тыңдап, үздігіп тұрған сол сабаздарым, қандыкөйлек Кәрібозым, Дүйсетайым, Жүрегі құрғыр сезеді».
Өргендер қайтып келмейді. Бірақ есіл ер жүрегінде олар мәңгі тірі. Өзімен бірге жасап келе жатқандай. Үнемі ту сыртынан бағып, тілектес болып жүргендей, тіпті таңалакеуімде тыныштықта аулаға шыққанында бұтақ арасынан, бұлақ түбінен мұның атын атап, сыбыр еткендей болады.
Суішкілігі таусылмай тірі қалғандағы арттырғаны, солардың аты өшпей, ұрпақ жадында жаңғырса дейді. Осы ой тыныштық таптырмай қолына қаламын алып, сосын жазу үстеліне қайта шегеленеді.
Оны Дүкенбаймен жақындастыратын, туыстастыратын тылсым қасиет осы, бәлкім. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда». Қалам иегерінің баршасына ортақ жан азабы осындай, қадірлі оқушым.
Әлім аға 1995 жылы қасиетті сапар – Қажылыққа барып қайтты. Ата-анасы, жақында дүниеден озған сүйікті жарының атынан тәу етіп қайтқан еді. Ал өзі 2005 жылы Алматы қаласындағы қарашаңырағында жарық өмірден озды. Бірақ қалың қазағы аман тұрғанда аға аты мәңгі жасай береді.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.

20 тамыз 2019 ж. 1 255 0