№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» ҒАФУРДЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЫ

ҒАФУРДЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЫ

  Қазақта «Кең болсаң, кем болмайсың» деген өмірдің өзінен ойып алынған мәтел бар. Биыл 95-жылдық мерейтойын облыс, қос аудан атап өткелі отырған жерлесіміз Ғафур Мұхамеджанов туралы жазуды мақсат етіп, қолымызға қалам алған тұста «Бұл есімнің мағынасы қалай екен?» деген орынды сұрақ туындады. Себебі, адамға үш рет азан шақырып қойылған есімі пешенесіне жазылған тағдырымен тамырлас болып шығатындығын эзотериктер растайды.

Арабша «Ғафур сөзі – кешірімді» деген мағынаға ие. Ендеше, 40 жыл ат үстінен түспей ел басқарған азаматтың алды кең, кешірімшіл, қоғамшыл, өмірлік түсінігі мол, салқынқанды сабырлы болмаса, қандай азамат болса да, арғымақтан аударылы қала береріне қоғам куә.
Өмірбаянынан бастасақ, Ғафур Мұхамеджанов осыдан тоқсан жыл бұрын Жаңақорған ауданы, «Өзгент» ауылында дүниеге келген. Бозбала кезінде -ақ зерек жас ауылдың бастауыш мектебіне мұғалімдік етеді. 1942 жылы 18 жасында майданға өз еркімен аттанады. Екінші жаһандық сұрапыл соғыста Ленинград майданында болып, Маннергейм қамалындағы кескілескен қоян-қолтық ұрыстарға қатысады. Выборг, Тарту қалаларын жау қолынан азат етудегі ерен ерлігі үшін «За отвагу», III дәрежелі «Даңқ», «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталды. 1944 жылы Тарту қаласы түбінде жараланып, 1945 жылы елге аман-есен оралады. Екі жылға жуық Шиелі аудандық Советі атқару комитеті аппаратында қызмет етіп, 1947 жылдың қарашасынан бастап Шиелі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарады. Ел басқаруға өмірлік тәжірибесі мен соғыстан алған сабағы аздық ететіндігін ерте түйсінген соң, Алматы жоғарғы партия мектебі мен Қызылорда педагогикалық институтында білімін жетілдірді. Бір жерде тұрақты қызмет етуінің арқасында жиырма жылда биліктің барлық баспалдақтарынан өтіп Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына дейін өрлейді. 1970-1975 жылдары іргелес Жаңақорған аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы, 1975-1985 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің әкімшілік және сауда-қаржы органдары бөлімінің меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды.
Көрші екі ауданның соғыстан тұралаған халық шаруашылығын қалпына келтіріп қана қоймай, республикадағы рекордшылар қатарына қосты. Дауылпаз ақын Махамбеттің: «Тебінгі терге шірімей, терлігі майдай ерімей, алты малта ас болмай, өзіңнен туған жас бала, сақалы шығып жат болмай, Ерлердің ісі бітер ме!-деген жалынды жырлары сұрапыл соғыстан аман оралып, қара қазан сары баланың қамымен қырық жыл бойы ат үстінен түспеген Ғафур сынды саңлақ сардарларға арналса керекті. Соғыстағы ерлігі үшін«За отвагу», III дәрежелі «Даңқ», «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерін алса, соғыстан кейінгі жылдары халық шаруашылығы саласындағы сүбелі үлесі үшін үш рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, және оннан аса медальдармен марапатталды.
Қазақтың кемеңгер тұлғасы Дінмұхамед Қонаев екі рет Шиеліге сапарлап келіп, отбасынан дәм татып, қарапайым тұрмыс-тіршілігіне ризашылығын білдіріп: «Ғафеке, жұмысты таза, әділ, батыл жасайды екенсіз», – деп баға бергенін әлі күнге дейін басшылық қызметтегі ізбасар інілері аңыз етіп айтады.
Осы жылдары ақ күріштің атасы атанған дала академигі Ыбырай Жақаевтың соңынан қаншама Жақаевшы ерлер шықса, Ғафур Мұхамеджановтың ел тағдырына келгенде ақ адал ісі мен шыншыл, өткір де талапшыл, темірдей тәртіп пен қаталдығын ұстанған ізбасарлары қатарынан қаншама қоғам мен мемлекет қайраткерлері шығып, биліктің беделді «шоқжұлдызы» атанды. Ғафур Мұхамеджанов өнегелі ұрпақ, өзіне лайықты ізбасар шәкірттерді тәрбиелей білді. Олардың арасында Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетов, Қызылорда, Талдықорған облыстарын басқарған мемлекет қайраткері Сейілбек Шаухаманов, бірнеше мәрте сенатор болған Оңалбек Сәпиев, бірнеше ауданды басқарған Жолдасбек Ердешбаев, Сәмит Далдабаев секілді көптеген азаматтар осы Ғафур Мұхамеджановтың қанатының астында ағалық, ұстаздық қамқорлығын көріп, тәжірибесінен тәлім алып, шекпенінен шынығып шықты.
Ғафур Мұхамеджановтың ғибратты ғұмыры Сыр өңірінің тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Алаштың ардақтылары, қазақ елінің баянды болашағы үшін отаншылдықтың нағыз үлгісін көрсеткен Д.Қонаевтың, Ж.Шаяхметовтың, Н.Оңдасыновтың, Ж.Тәшеновтің, Сыр өңірін дамытуға сүбелі үлес қосып, аймақтың экономикалық әлеуетін көтерген М.Ихсанов, И.Әбдікәрімов, Е.Әуелбеков, Т.Есетов, Қ.Қазантаев, Е.Көшербаев, Б.Уәлиев, А.Жанпейісов, Қ.Әбуов, С.Құбашев, Н.Ергешбаев, Е.Жүнісбаев, Ы.Қалиев сынды қайраткерлермен үзеңгілес, замандас болып бір кісідей еңбек етті. Жергілікті халық Шиелі, Жаңақорған өңірін түлетудегі биліктің беделді «шоқжұлдызының» орасан еңбегін әлі күнге өсер жастарға өнеге етіп, жыр қылып айтады.
Елге қызмет еткеннің қашанда еңсесі биік. Ғибратты ғұмырын еліне арнаған нар тұлғаның бағасын болашақ әлі бере жатар.Бұған дейін Ғафур Мұхамеджановтың атында бірнеше мектеп пен шағын көшелер ғана болса, тау алыстаған сайын зорая түсетіндігін ескерсек, тарих жады тұлғаларды жылдар өте одан да еңселендіре берері хақ.

Ескендір ЕРТАЙ.
---
28 мамыр 2019 ж. 895 0