№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғандық жас келін Мөлдір Ахметова ағасын қалай атайды?

Жаңақорғандық жас келін Мөлдір Ахметова ағасын қалай атайды?

Қазақта көнеден келе жатқан «ат тергеу» дейтін дәстүрлі ұғым бар. Әуелі халық болып күллі жұртқа құрметті адамның атын атамай жанама ат қойып қадірлейді. Мәселен, «Қажы ата», «Би ата», «Батыр ата» тағы сол секілді тізіле береді. Келесі бір шарт: жас келін түскен жеріне, күйеуінің туыстарына деген ізгі құрметпен оларды өз атымен тікелей атамай, арнайы ишаралап ат қоюы еді. Келін тарапынан осы ат тергеу барысында оның тапқырлығы, теңеу сөздерге шешендігі, жарасымды әзілқойлығы да сынға түсетін болған. Мысалы, қайын ата, қайын ағаларына – саятшы болса «бүркітші ата, аға», діндар адам болса «молда ата, аға», жақсы киінетін, сымбатты адам болса «сері ата, аға», жасына қарай «кіші ата, аға» деген сияқты т.б. ат қойса, қайындарына қалжыңға негізделген, күлкілі аттар да қояды.

Тақырып ауаны түсінікті болған шығар. Яғни, жаңа түскен келіннің атасы мен енесіне, қайы­нағалары мен абысын-ажындарына, қайын сіңілі, қайындарына өзінше жарасымды ат қоя білуі. Бұл дегеніміз «үлкенге құрмет- кішіге ізет» қағидасының құнды ғұрпы. Дала өркениетінің сан ғасырдан Бізге жеткен асыл арнасы. Ендігі кезекте, бүгінгі таңда бұл ат тергеу дәстүрін қоғам өмірінде жас келіндер қаншалықты қолданып жүр, осыған тоқталайық

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

«Жолдасым 4 ағайынды. Үйдің үлкені. Өзінен кейін екі інісі және бір қарындасы бар. Маған үйдегілерге ат қою қиынға соқпады. Отағасының әке-шешесін, яғни ата-енемді «ата-апа» деп атайтыным сөзсіз. Бірінші қайнымды «төрежан» деп атадым. Өйткені ол арасында ағасына ақыл айтып, жол сілтейтін. Сондықтан да осылай атағым келді. Екіншісін «кенже бала» дедім. Аздап тентек. «Тентегім» деп те айтқым келді. Бірақ ойлана келе осылай атағаным дұрыс деп шештім. Ал, қайын сіңлімді көзі мөлдіреп, күлімдеп жүретіндіктен «күлімкөз» дедім. Бұл атауларды келін боп түспей тұрғанда ойластырып қойған едім. Алайда ат қою мұнымен тоқтамады. Ауылдың үлкендеріне де ат қоюым керек болды. Атам мен апамның туысқандарының да атын тергеуім керек екенін апам жақсылап түсіндірді. Дегенмен апам маған көмекке келді. Атамның өте сергек жүретін інісі бар. Оған «Серіаға» деп ат қойдым. Әрбір адамға ат қою барысында апам әрқайсысының бойындағы ерекше қасиеттерін ескерді. Үлкен-кішілігінен бастап, мінез-құлқы, атақ-абыройы, беделіне және сол адамның бойынан табылатын әдет қылықтары, барлығы ескерілді. Осылайша ат қоюымыздың өзі ерекше бір қызық болды». Бұл жаңақорғандық жас келін Мөлдір Ахметованың айтқаны.
Жасыратыны жоқ, қазіргідей ақпараттық тех­нология қарқынды дамып, ұялы тұтқаға үңілген қазақ келіндері арасында ат тергейтін ата дәстүр, босағадан аттай алмай тұр-ау. Әрине, «көпке топырақ шашу–ақымақтың ісі». Мүмкін ауылдық жерде әлі күнге ат тергеуді әдетке айналдырған жеңгелеріміз бар шығар. Бірақ, байқағаным бүгінгі жас келіндер қайын ағасының есімін атап, артына «аға» сөзін қоса салады. Кейінгі жылдары ат тергеу ғұрпы замана ағымына икемделіп, заманауи есімдер келіндер аузында. Қызметіне қарай «Доктор қайынаға», «Әнші қайным», әкіматта істесе «Әкім қайынаға», имандылық жолында жүрсе «Молда қайным» деген секілді.
Сондай-ақ бүгінгінің заманауи енелері келін­дерінің «енешка» дегеніне қанағат тұтатын болды. Таяуда бір ауылға барғанда жас келіннің аузынан құлаққа түрпідей естілетін, ұлттық құндылықтан алыс мынадай теңеу естідім. «Біздің үйдегі «Каляни» деп әңгімесіне екі-үш мәрте енесін қосты. Ішімнен ойладым. Айдаладағы «Анандитану» ілімінен сусындап, енесіне «ізеттілік» көрсетіп отырғандығы шығар деп. Не істейміз енді? Көрген көзде жазық жоқ. «Ата-анаңа не көрсетсең, алдыңа сол келеді» деген халық тәмсілі тұрғысынан алсақ, қазіргі келін келешек ене емес пе?
Шүкір, бүгінде өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды. Айтайын дегенім, ата-ене сыйлаудың, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің ерен үлгісі болып есептелетін ат тергеу үрдісін қайта жаңғыртсақ. Қазақ келіндеріне тән келетін бұл игі дәстүр ұлтымыздың бойына ана сүтімен дарыған имандылық пен ізеттіліктің айқын көрінісі. Түптеп келгенде, ата-енесін сыйлап, үлкенді де кішіні де сыпайы түрде асқа шақырса, бүгінгі таңда ене мен келіннің шайқасы орын алмас па еді? Келін үшін дастарқан басында сіз-біздесіп, жарасымды әңгіме өрбітуге де қолайлы. Сондай-ақ, ажырасудың ауылы да алшақтай түседі. Заман дамыған сайын жаңашылдыққа бой ұрып, бұрынғының салт-дәс­түрінен қол үзіп бара жатырмыз. Сананы жаңғырту – әдет-ғұрпыңды ұмыту емес. Керісінше сый-құрметіңді арттырып, отбасыңды біріктіріп, мәдениетіңді қалыптастыратын рухани азық деуге болады. Дана халықтың өзі жасаған осы әдет-ғұрып пен жөн-жосықты біліп, үйрену және өмірде қолдану – ағайынды адас¬тырмас сара жол. Мұны отбасында ата-ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада үлкендер жастарға үйретіп, айтып отырса, ұтарымыз көп болар еді. Ал, асыл жеңге, жас келін! Ағайын-жұрағатқа ат қоюға қамдана беріңіз.

                                                                                                                                                     Әли ТЕМІРБЕК
20 тамыз 2019 ж. 1 919 0