№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ДСҰ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАУҚАРЫ ҚАНДАЙ?

ДСҰ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАУҚАРЫ ҚАНДАЙ?


Елбасы отандық өнімді қолдауды биік мінберлерде жиі айтып жүр. Бұған басты себеп: алдағы уақытта ДСҰ-ға мүше мемлекеттен сапасы жоғары, бағасы арзан тауар көптеп келе бастайды. Яғни, біздегі тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысына бәсекеге сай болу талабы қойылады. Сарапшылардың пайымынша, отандық кәсіпкерлер үшін 160-тан астам шетелдік бизнес өкілдерімен бәсекеге түсуі алғашқы бесжылдықта қиынға соғады. Сырттан арзан әрі сапалы тауар ағыны артқанда бұқараның соған ұмтылары анық. Бұл тұрғыда импортты ырықтандырудың жалғыз жолы бар. Ол – отандық өнімдердің әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Яғни, Елбасы Жолдауында айтылғандай, «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет–сапалы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана тауар өтімді болып, сырттан келіп бізді ешкім жарылқамайды.

ЭКСПОРТ ӘЛЕУЕТІ
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және Даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдың қарашасына дейін Қазақстанда 2 млрд долларға жуық 114 млн. тонна азық-түлік тауарлары экспортталған. Атап айтқанда, Ауғанстанға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Иранға, Қытайға өсімдік майы мен бал, ет және құс өнімдеріне сұраныс артқан. Одан өзге фармацевтикалық және медициналық өнімдер Моңғолия мен Вьетнамға экспортталған. Сондай-ақ Ресейлік дүкендер мен супермаркеттерінде қазақстандық азық-түлік тауарларының саны артқан. Әрі ресейлік тұз нарығының 13 пайызын біздің ел қамтамасыз етіп отыр екен. Жалпы, экспорттың басым бөлігі ДСҰ-ға мүше елдерге жөнелтілген. Оның ішінде: Ресей – 19, Қытай – 18, Швейцария – 5, Түркия – 3 пайызды құраған. Негізі сыртқы сауда айналымындағы әріптес мемлекеттің көпшілігі халықаралық қауымдастыққа мүше елдер. Экспортпен қатар ілкімді инвестиция тартуға даңғыл жол ашылады. Осы орайда, Қазақстан қызмет көрсетудің 12 секторы бойынша өз міндеттерін айқындап алған. Негізі бұл бағытты дамытуға біздің ел мүдделі. Себебі, елдің ішкі жалпы өнімінің 54 пайызы қызмет секторының үлесінде. Әзірге шикізат секторына мұнай-газ, тау-кен саласына шетелдік капитал тартып отыр.
Сондай-ақ аграрлы сектордың тамырына қан жүгірері айқын. Осы тұста Сыр маржанының орны айрықша. 2017 жылы Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы тауарларының экспорты 42 пайызға артқан. Оның ішінде, күріш экспорты 45 пайызға артқан. Қызылордадан Иран Ислам Республикасына 60 тонна күріш экспортталған. 2020 жылы экспорт көлемі 8 мың тоннаға жетеді. Және де өткен жылы Сыр өңірі буферлік аймақтан шығып, Иранға Сыр елінен 812 бас қозы экспортталған.
Көбіне Сыр салысын сауда кәсіпорындары мен кондитер өнімдерін шығаратын зауыттар сатып алған. Аталмыш пайыздық көрсеткішті көтеру аймақтың басты назарында. Оған қоса Сыр өңірінің агроөнеркәсіп өнімдерінің әлеуетін арттырып, экспорт көлемін өсіру де күн тәртібінде. Осы орайда, жаңақорғандық «Тасболат-А» ЖШС-не қарасты тәулігіне 60 тонна күріш ақтауға қауқары бар зауытты айтуға болады. Бұл зауыттың құрылғанына көп уақыт болмаса да республика өңірімен қатар «Тасболат-А» брендіндегі Сыр маржанын шетелге экспорттауда.
– Жалпы, былтыр Жаңақорған ауданында 1046 гектар, Шиелі өңірінде 1280 гектар аумаққа сыр саласын ектік. Өнім жақсы болды. Бүгінде Кедендік одақтың мүмкіндігі пайдаланып, Ресейге 400, Қырғызстанға 600 тонна, Өзбекстанға 200 тонна, Тәжікстанға 128 тонна «Лидер», «Фаворит» элиталы күрішті экспорттадық. Өздеріңізге белгілі, екі жыл болды дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке ендік. Енді отандық өнімді өзге де шетел мемлекеттерге саудалауға даңғыл жол ашылды. Оған біздің мүмкіндік те бар. Өйткені, біздің күріш ақтау зауыты бәсекеге қабілетті. Соңғы үлгідегі қытайлық автоматтандырылған аппаратпен жабдықталған – дейді «Тасболат-А» ЖШС директоры Бақытжан Тасболатов.
Сондай-ақ сарапшылардың пайымы бойынша ДСҰ-ға кірген біздің елдің әлсіз салалары жетерлік. Олар: металлургия, текстиль, химия өнеркәсібі, машина, құрылыс, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі сынды салада ілгерілеушілік жоқ. Халықаралық ұйымға кірудің қандай артықшылықтары бар екенін жергілікті кәсіп иелерінен сұрап көрген едік.
– Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру – отандық өнімнің әлемдік нарыққа шығуына даңғыл жол ашты. Әрине, біздің басты экспорт – шикізат өнімдері. Мұнай, түсті, қара металдар, оған қоса астық. Мақтанып айтуға тұрарлық, Қазақстан астығы сапасы мен өнімділігі жағынан Канада мен Австралиядан асып түседі. Бизнесмендер үшін жаңа көкжиек ашылды. Бірақ бізге ағылатын шетелдік арзан азық-түлікке отандық өнім де бәсекелесе алуы шарт – дейді жергілікті кәсіпкер Нұрболат Аширов.
Хош. Ендігі кезекте сыртқы сауданың сорпасын сапырып отырған қай елдің тәжірибесіне сүйенсек болады деген сауалға тоқтасақ. Әрине, бұл тұрғыда көршілес аспанасты елінің даму үдерісі көпке үлгі. Әлемдік рейтингте алғашқы үштіктен ойып тұрып орын алған. Мұнда ұсақ кәсіпкерлік кеңінен өріс жайған. Негізі Қытай ДСҰ-ға мүшелікке өткеннен кейін аграрлы саладан индустриялы мемлекетке айналған. Кәсіпкерлері де нарықтағы құбылысқа тез бейімделген. Біздің күнделікті тұтынып жатқан бұйымдар мен киім-кешек шекаралық өңіріндегі шағын зауыттарынан келуде. Бұл дегеніміз Аспанас­ты елінің шекаралық аймағындағы кәсіпкерлерді байытып жатқан қазақстандықтар. Бұдан шығатын қорытынды, Қазақ елі де осындай сенімді сауда әріптесін табуға маңдай терін төгуі тиіс.
Түйіндей келгенде, кез-келген ел үшін дүниежүзілік сауда ұйымына өту үлкен бедел. Мұнда өнеркәсіп шаруашылық тауарын сатуда тарифтік және тарифтік емес кедергіні төмендету, халықаралық сауданы одан әрі ырықтандыруға мол мүмкіндік туады. Сондай-ақ әлемдік нарықта еркін және бәсекелестікке төтеп бере алатын тауар шығаруға ынталандырады. Яғни, отандық өндірістің екінші тынысы ашылды. Тек, халықаралық қауымдастықтың талабына сай өнім шығарып, ұсына білсе болғаны. Бұл орайда, мемлекет отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдай жасады. Енді жаһандық нарыққа шығатын, бәсекеге қабілетті өнім шығару – барша кәсіпкерлердің іскерлігін шыңдай түседі.

Әбдісамат ӘБДІШ.
06 қаңтар 2018 ж. 1 851 0