Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ФЕРМЕРЛЕР ОДАҒЫ: АГРАРЛЫ САЛАНЫ СЕРПІЛТЕДІ

ФЕРМЕРЛЕР ОДАҒЫ: АГРАРЛЫ САЛАНЫ СЕРПІЛТЕДІ

Жаңақорғанда «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің арнайы өкілі сайланды. Бұл жөнінде сәл кейінірек. Әуелі әкімдікте өткен алқалы мәжіліске тоқталсақ. Басқосуға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің стратегиялық жоспарлау департаментінің маманы Марлен Оспанов, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әуезхан Дарынов, төраға орынбасары Жақып Өмірзақов, «КазАгроНесие» АҚ-ның Қызылорда филиалы директоры Айдос Жылқайдаров пен аграрлық бағыттағы серіктестік басшылары мен шаруа қожалық төрағалары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков модераторлық еткен жиында республикалық үкіметтік емес ұйымның жұмысы мен тынысы баяндалды. Бірінші кезекте, бірлестік президенті Әуезхан Кәмішұлы одақты басқарған он жыл ішінде атқарған шаруаларын
тізбектеп берді.
– «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі шағын және орта бизнеске жататын ауылдық тауар өндірушілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаушы жалғыз өкіл болып табылады. Құрылғанына 15 жылдан асқан Одақтың бүгінге дейін фермер үшін атқарған шаруасы қыруар. Агроөнеркәсіп кешенінің дамуына кедергі болып отырған барлық өзекті мәселелерді анықтап, жауапты ведомостволармен жұмыс жасадық. Нәтиже бар. Тек бірлесіп қарекет жасасақ болғаны, – деді Әуезхан Дарынов.
Сондай-ақ дамыған елдердің тәжірибесінен біздікінің өзгешелігін атады. Оның айтуынша, бізде мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруда басымдық ірі тауар өндірушілерге беріледі. Ал ауыл шаруашылығындағы ұсақ тауар өндірушілер жағымсыз фактор ретінде көрсетіледі екен. Сондықтан агроөнеркәсіп секторында қарама-қайшылық орын алып жатқанын жасырмады. Мәселен, түрлі қаржы көзінен бөлінген ресурстардың 86 пайызына ірі тауар өндірушілер ие болса, қалған 14 пайызды шағын және орта бизнес иелері қанағат етуге мәжбүр екенін жеткізді. Бұдан өзге маусымдық мезгілде жанар-жағар май бағасының күрт қымбаттап кетуі шаруа­лар қауымын алаңдататын өзекті мәселенің бірі екенін тілге тиек етті. Бұл жөнінде Одақтың атынан жауапты министрлікке хат жазғанымен екі айдан бері қанағаттанарлық жауап ала алмай отырғанын жеткізді. Міне осы секілді ортақ мәселеде жаңақорғандық фермерлерді күш болып бірігіп, өнімді жұмыс жасауға шақырды.
Мұнан кейін мінберге көтерілген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің стратегиялық жоспарлау департаментінің маманы Марлен Оспанов «ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілгелі жатқан өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды.
– Елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту – аграрлық саясаттың маңызды бағыты. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында алдыға батыл қадам жасап, Үшінші жаңғыруды бастауға пәрмен берді. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласын жаңа экономиканың драйверіне айналдыруға баса маңыз берілді. Яғни ол өз кезегінде агралы саланың  қарқынды өсуін және оны тиімді бизнес көзіне айналдырып, тұрақты жұмыс көздерінің ашылуына даңғыл жол ашады. Осы тұста, Елбасы Жолдауынан туындаған басым бағыттарды жүзеге асыру барысында «Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі отыр, – деді министрлік өкілі.
ЖОЛДАУДАН ТУЫНДАҒАН
ТЫҢ ТЕТІКТЕР
Одан әрі министрлік өкілі арнайы слайд арқылы мониторингтік талдау жасады. Маңызды тұстарын тарқатып айтсақ. Біріншіден, Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортының көлемін 2,5 есеге арттыру туралы батыл міндет қойды. Бұл міндетті орындау мүлде жаңа көзқарасты талап етеді. Екіншіден, біздің елімізде ішкі нарықтағы сұраныс негізі біз өндіретін тауарлармен яғни, ет, дәнді және майлы дақылдар, күрі сияқты өнімдер артығымен қамтамасыз етілген. Сондықтан біз еңбек өнімділігін өсіру үшін ең алдымен экспорттық потенциалды анықтау қажет. Үшіншіден, ет өнімдерінің, оның ішінде сиыр еті мен қой етінің потенциалы өте жоғары. Мәселен қазір ауыл шаруашылық өнімдерінің жылдық экспорты 1,4 млрд. АҚШ доллары болса, тек қана ет өнімін экспорттауды 2,6 млрд. долларға жеткізуге болады. Ал сұраныс жағынан алсақ, Азия мен Таяу Шығыс елдерінің өте тартымды экспорттық нарықтары бар. Әсіресе сиыр еті мен қозы етіне сұраныс тұрақты түрде артып келеді. Және біздің екі көршіміз – Ресей мен Қытай аталған өнімдерді аса ірі көлемде импорттаушылар болып табылады. Төртіншіден, қолданыстағы бағдарламаны ет, сүт, құс шаруашылықтарын дамытуға және суармалы жерлерді кеңейту арқылы көкөніс өнімін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді арнайы салалық құжаттармен толықтырдық. Оған қоса, қант саласын дамыту бағдарламасы әзірленетін болады. Бір ерекшелігі бұл құжаттар агробизнестің тікелей қатысуымен әзірленді. Бесіншіден, алдағы 10 жылда ірі қара мал, қой және жылқы шаруашылығымен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық ферма құру, пайдаланатын жайылымдар алаңын 58 млн. гектардан 100 млн. гектарға кеңейту, ірі қара малды 15 млн. басқа дейін, ал қой санын 30 млн. басқа ұлғайту көзделіп отыр.
Осындай оң өзгерістерді атап көрсеткен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің стратегиялық жоспарлау департаментінің маманы Марлен Оспанов Мемлекеттік бағдарламаға енгізілетін өзгерістер жобасы барлық мүдделі министрліктермен, өңірлер мен «Атамекен» ҰҚП-мен келісіліп, үкімет сағаты барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары тарапынан қолдау тапқанын жеткізді.
Басқосу барысында «Тұртан ата» шаруа қожалығының төрағасы Алшынбай Тұртанов, «Ынтымақ» ЖШС-нің директоры Рахымбаба Құтыбаев, «Миялы» өндірістік кооперативінің төрағасы Абдулла Әбсаттаров аудан шаруаларын толғандырған, бірнеше жылдан бері түйіні тарқатылмаған өзекті мәселелерді ортаға салды. Бірінші, егін, мал шаруашылығына берілетін жеңілдетілген субсидияның саны жыл санап қысқарып бара жатқандығын көтерді. Екінші, 250 мыңнан астам төрт түлігі бар Жаңақорған ауданында жайылымдық жердің жетіспей жатқандығын мәселе етті. Сондықтанда  аудан аграрлы аймақтың бірі болғандықтан жайылымдық жерге баса назар аудара отырып, малшылар Қызылқұм аумағын игеру онда суландыру жұмыстарын жолға қоюды сұрады.
Мәжіліс соңында күн тәртібіндегі негізгі мәселе – арнайы өкіл сайлауға тоқтады. Шаруа қожалық төрағалары мен мүшелері, жиынға қатысушы барлық кәсіпкерлер «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жаңақорған ауданы бойынша өкілі қызметіне «Ынтымақ» ЖШС-нің директоры Рахымбаба Құтыбаевтың кандидатурасын ұсынды. Осылайша бірауыздан ауданда ауыл шаруашылығы саласының өрістеуіне сүбелі үлесін қосып жүрген Рахымбаба Байбосынұлы Фермелер одағының аудандағы өкілдігіне жауапты төраға ретінде тағайындалды. Оған қоса, өкілдіктің кеңес мүшелігіне 9 адам тағы сайланды. Ендігі кезекте алдағы уақытта Фермерлер одағы шаруа қауымның ортақ мүддесін жоғары мінберлерден айтылуына жұмыс жасайтын болады.
Әбдісамат ӘБДІШ.
01 тамыз 2018 ж. 1 262 0