Салық жүйесіндегі жаңа бетбұрыс

Мемлекет құрылымы мен экономиканың ілгерілеуі салық жүйесіне де тәуелді. Елімізде 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енбек. Бұл – тек қағаз жүзіндегі құжат емес, халық пен бизнестің күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды реформалардың бастауы. Ал 2025 жылдан бастап-ақ бірқатар жаңашылдық енгізіліп, жаңа жүйеге көшуге дайындық жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл реформалардың түпкі мақсаты – салықтық әкімшілендіруді барынша жеңілдету, бизнеске түсетін жүктемені азайту және қарапайым азамат үшін салық жүйесін түсінікті әрі қолжетімді ету. Яғни бұрынғыдай күрделі есеп-қисап емес, нақты әрі қарапайым тәртіп орнайды. Осы орайда біз Жаңақорған ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қалдыбек Мұсаевпен әңгімелесіп, жаңа салық саясатының қыр-сырына үңіліп көрдік. Ол алдағы өзгерістердің мән-маңызына тоқталып, қарапайым халықты толғандыратын сауалдарға жауап берді.
– 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексінде ҚҚС 12%-дан 16%-ға дейін ұлғаяды деп жарияланды. Мұны қарапайым халыққа түсіндіріп өтсеңіз...
– Жаңа Салық кодексі – салық жүйесін әділетті, ашық және заманауи талаптарға сай қалыптастыруға бағытталған маңызды құжат. Мемлекет басшысы салық саясаты тұрақты, ашық әрі қарапайым болуы қажет екенін нақты атап өтті. Осы талаптарға сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа кодексте бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған. Ең алдымен, қосылған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға дейін ұлғаяды. Бұл - салықты әкімшілендіруді күшейтіп, бюджет кірісін арттыруға бағытталған қадам. Алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітаптар мен археология саласына қатысты қызметтер бұл салықтан босатылады. Сонымен бірге дәрі-дәрмек пен ақылы медициналық қызметтерге ҚҚС 2026 жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз көлемінде кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл денсаулық сақтау саласына жүктемені бірден арттырмау үшін жасалып отыр. Табысы жоғары азаматтар үшін прогрессивті жеке табыс салығы енгізіледі. Жылдық табысы 8500 АЕК-тен асатын азаматтар 15 пайыз мөлшерлемемен салық төлейтін болады. Бұл әділеттілік қағидатын енгізуге бағытталған. Сонымен қатар бұрынғы 7 арнайы салық режимі үшке дейін қысқартылады. Енді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация қолданушылар және шаруа қожалықтарына арналған нақты әрі түсінікті режимдер қолданылады. Бұл - кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыруға жасалған қадам. Жалпы, жаңа салық кодексі салық төлеушілердің құқығын қорғауға, салық жүйесін ашық етуге және мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы сенімді серіктестік орнатуға бағытталған. Біз бұл өзгерістерді тек қабылдап қана қоймай, әрбір азаматқа түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргіземіз. Бұл енгізілген салық өзгерістер еліміздің экономикасының ашықтығын арттыруға, кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге және қоғам үшін түсінікті салық жүйесін қалыптастыруға бағытталған қадам. Бұл өзгерістер бір күнде емес, кезең-кезеңімен жүзеге асады.
– Білуімше, жаңа құжатқа енгізілген өзгерістер кәсіпкерлердің жүктемесін азайтып, салық жүйесін барынша оңайландыруға бағытталғаны айтылуда. Бұған не дейсіз...
– Өзгерістерге сай 2026 жылдан бастап бұрынғы бірнеше арнаулы салық режимдерінің орнына тек үш негізгі салық режимі қалдырылады. Олар: біріншісі — өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұлғаларға арналған режим. Ең басты өзгеріс – енді олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ қызметін заңды түрде жүзеге асыра алады. Олар ай сайын 4% көлемінде ғана әлеуметтік төлем төлейді, барлық салықтан босатылған, ал зейнеткерлер мен кейбір санаттағы азаматтар әлеуметтік төлемнен де босатылады. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұлғалар міндетті түрде бақылау-кассалық чек беруге тиіс. Бұл талап мобильді қосымшалар арқылы да жүзеге асырыла алады, яғни арнайы касса аппаратын сатып алу міндетті емес.
– Жақында мобильді ақша аударымдарына бақылау күшейетіні айтылды. Халық арасында «жеке аударым үшін де айыппұл салынады» деген алаңдаушылық бар. Бұған түсініктеме берсеңіз...
– Мұндағы басты мақсат – адамдардың күнделікті тұрмыстағы жеке қаржылық қарым-қатынасына араласу емес. Керісінше, кәсібін жүргізіп, бірақ ресми тіркелмеген азаматтарды анықтап, олардың табысын заңды түрде салыққа енгізу. Соңғы жылдары көптеген кәсіпкерлер тауарды немесе қызметті ресми касса арқылы емес, жеке карталарына мобильді аударым қабылдау арқылы жүргізіп жүр. Бұл көлеңкелі экономиканы көбейтіп, мемлекет бюджетіне түсуі тиіс қаржының сыртта қалып қоюына әкеліп отыр. Осыны реттеу үшін нақты өлшемшарт қабылданды. Егер бір телефон нөміріне үш ай қатарынан ай сайын 100-ден астам әртүрлі адамнан ақша түссе, ол кәсіпкерлік қызметтің белгісі ретінде қаралады. Яғни, мәселе аударымның санына емес, оны жіберген адамдардың көптігіне байланысты. Бір адамнан күніне жүз рет ақша келсе де, ол кәсіпкерлікке жатпайды. Ал егер жүз түрлі адамнан қаражат түссе, онда ол жүйелі кіріс көзі ретінде бағаланады.
– Шектік көлем қандай мөлшерде белгіленген?
– Қазірше межелік шек ретінде 255 мың теңге ұсынылып отыр. Себебі қолданыстағы заңға сәйкес, табысы 12 еселенген ең төменгі жалақыдан аспайтын азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы. Ең төменгі жалақы – 85 мың теңге болса, оның үш есесі 255 мың теңгеге тең.
– Туыстар арасындағы қаржылай көмек ше?
– Бұл жерде көпшілік алаңдамауына болады. Туыстардың бір-біріне жіберген қаражаты кәсіпкерлік табыс ретінде есептелмейді. Қазақтың тұрмысында ағайын арасындағы қолдау, той-томалаққа барған қонақтың ақша жіберуі – қалыпты жағдай. Мысалы, сіздің тойыңызға 200 адам келіп, әрқайсысы мобильді аударым жасаса да, бұл уақытша құбылыс болып есептеледі, кәсіпкерлікке жатпайды. Себебі сіз ай сайын той жасап отырған жоқсыз ғой. Біздің ескеретін жайт – бұл талап тек кәсіппен айналысып, бірақ салық органдарына тіркелмеген адамдарға қатысты. Яғни тұрақты түрде тауар сатып, қызмет көрсетіп, соған ақша алып жүргендер, бірақ ресми чегін бермей, табысын жасырып жүргендер назарға алынады. Жеке мақсаттағы аударымдар – мысалы, баланың оқуына, ем-домға, жолға шығуға немесе үйдегі шаруашылыққа деп туыстардан түскен ақша ешқандай бақылауға жатпайды. Қайырымдылық мақсатта ақша жинағандар да бұл талапқа кірмейді.
– Жеке тұлғалардың салықтық жеңілдіктері туралы не айта аласыз?
– Ипотекасы бар азаматтар енді жалақыларынан ұсталып жүрген жеке табыс салығын азайта алады. Бұған дейін тек «Отбасы банк» арқылы ипотека алғандарға берілген құқық енді барлық екінші деңгейлі банктегі ипотека иелеріне қолжетімді.
– Такси жүргізушілері салық төлей ме? Мобильді төлем тәсілін қабылдаудан бас тартқан жағдайда тұтынушы өз құқығын талап ете ала ма?
– Такси жүргізушілері патент арқылы арнайы салық режимін қолданады. Олар табысының 1%-ын ғана салық ретінде төлейді. Сонымен бірге кез келген кәсіпкер төлемнің барлық түрін қабылдауға міндетті. Егер қолма-қол емес төлемді қабылдаудан бас тартса, алдымен ескерту жасалады, қайталап бұзса – 40 АЕК айыппұл салынады.
– Көлеңкелі экономикамен күресте ауданда қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Көлеңкелі экономика – ел бюджетінің толық түсуіне кедергі келтіретін үлкен мәселе. Оның басты бөлігі – тіркелмей жасалатын сауда-саттық пен заңсыз көрсетілетін қызметтер. Бұл дегеніміз – салық төлемейтін, ресми тіркелмеген кәсіпкерлер. Мысалы, базарларда, көшелерде тауарды құжатсыз сататындар, такси қызметін рұқсатсыз көрсететіндер немесе жалға берілетін мүлікті жасыратындар. Бұған қоса, алкоголь өнімдерін заңсыз сату да көлеңкелі экономиканың бір бөлігіне жатады.
Аудан көлемінде мұндай заң бұзушылықтарға қарсы нақты шаралар жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері тіркелмеген 24 азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен оларға айыппұл салынды. Бұдан бөлек, салық органдары арнайы талдау жүргізу арқылы мүлік салығын төлемей жүрген немесе мүлкін әдейі төмендетіп көрсеткен салық төлеушілерді анықтап, бюджетке қосымша 45 миллион теңге қаржы өндірілді. Сонымен қатар, камералдық бақылау нәтижесінде тағы 52,3 миллион теңге салық түсімі қамтамасыз етілді.
Аталған шаралардың барлығы көлеңкелі бизнесті азайтуға бағытталған. Дегенмен бұл тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, тұтынушылардың да жауапкершілігі бар. Әрбір азамат сауда жасағанда немесе қызмет пайдаланғанда бақылау кассалық машинасынан чек талап етуі тиіс. Чек – сіздің құқығыңызды қорғайтын құжат. Егер сапасыз тауар алсаңыз немесе қызмет дұрыс көрсетілмесе, дәл осы чек арқылы шағым түсіре аласыз. Сондықтан көлеңкелі экономиканы қысқартуда халықтың да белсенділігі маңызды рөл атқарады.
– Көпбалалы отбасылар үшін қандай жаңа жеңілдіктер қарастырылды?
– Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылдан бастап төрт және одан көп баласы бар отбасыларға арнайы салық жеңілдігі енгізілді. Бұл жеңілдік – көпбалалы жанұялардың табысын салықтан босату арқылы олардың қолындағы қаражатты көбейтуге бағытталған. Енді мұндай отбасылардың табысына салықтық шегерім қолданылады. Жылдық ең жоғарғы сома – 282 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), бұл 2025 жылғы есеппен 1,1 миллион теңгеден асады. Мұндай шегерім ата-ананың біреуіне де, екеуіне де беріледі. Яғни, егер жанұяда әке де, шеше де жұмыс істесе, әрқайсысы өз жалақысынан шегерім пайдалана алады. Ал егер тек бір ата-ана жұмыс істесе, ол толық көлемде жеңілдікке ие болады.
Бұл жеңілдіктің нақты пайдасын мысалмен түсіндірейін. Мәселен, айлық табысы 200 мың теңге азамат бар делік. Бұрын ол жалақыдан зейнетақы мен міндетті төлемдерді шегергеннен кейін қалған сомадан 10% жеке табыс салығын төлеп отырған. Ал енді көпбалалы ата-ана ретінде салықтық шегерім пайдаланып, жалақысының бір бөлігі салықтан босатылады. Нәтижесінде ай сайынғы табысы 10-15 мың теңгеге артады. Бұл – отбасылық бюджет үшін айтарлықтай көмек.
– Жалпыға бірдей декларациялау туралы қысқаша айтып өтсеңіз...
– Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Мақсат – азаматтардың табысы мен мүлкі туралы ашық есеп жүргізіп, көлеңкелі экономиканы азайту. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларациялаудың 4-ші кезеңі басталды. Бұл кезең ең ауқымдысы болып саналады, бірақ бірден барша халықты қамтымайды.
Ең алдымен айта кететін жайт – 8 миллионнан астам азамат декларация тапсырудан босатылды. Олардың ішінде жалдамалы қызметкерлер, зейнеткерлер, әлеуметтік төлем алушылар бар. Яғни қарапайым халыққа артық жүктеме салынған жоқ.
Декларацияны тапсыруға міндеттілердің қатарына: шетелде мүлкі бар Қазақстан азаматтары, мемлекеттік және сайланбалы лауазымдарға кандидаттар, банктердің, сақтандыру ұйымдарының немесе бағалы қағаздар нарығының ірі қатысушылары, жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариустар, адвокаттар, сот орындаушылары және т.б.). Сондай-ақ өз еркімен декларация тапсырамын деген азаматтар кіреді. Жалпыға бірдей декларациялаудың енгізілуі – салық жүйесінің ашықтығын арттыруға және әрбір азаматтың қаржылық жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Бұл қадам көлеңкелі табысты азайтып қана қоймай, халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әсел РЗАЕВА




