Импорттан экспортқа көшу керек

Отандық сарапшылар 2025 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық тауарлардың шетелге жеткізілуі әжептеуәр төмендегенін алға тартты. Қаңтар мен наурыз аралығында экспорт көлемі 11,5%-ға төмендеп, 16 361,5 млн АҚШ долларын құраған. Бұл жағдай елдегі экономикалық ахуалға әсер еткен негізгі фактордың бірі болғаны рас. Негізгі экономиканы дамытудың бір жолы – экспорт көлемін арттыру болатын. Мемлекет басшысы да нақты міндеттер жүктеді, алайда жылдың басы көңіл көншітпей тұр.
Соңғы бес жыл ішінде ішкі нарықты реттеу кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатқан секілді. Өйткені шағын бизнестің көлемі артып, отандық брендтер қалыптаса бастады. Ал ірі өндірістердің әлеуеті бұдан үш есе зор. 2025 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы жалпы 29 272,2 млн АҚШ долларын құраған. Бұл жөнінде zakon.kz сайты жариялады. Айналым құрылымында айтарлықтай теңгерімсіздік байқалды: экспорт – 16 361,5 млн доллар, ал импорт – 12 911,1 млн доллар болған. Сауда балансының оң айналымына қарамастан, негізгі көрсеткіштердің серпіні алаңдаушылық туғызуда.
Жалпы экспорт көлемінің жартысынан астамы (52,3%) шикі мұнай мен өңделмеген мұнай өнімдеріне тиесілі болды. Ал, біздің Сыр өңірі мұнайдан бөлек аграрлы салаға басымдық берген. Бүгінгі күні облыстан 15,2 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 16 мемлекетіне экспортталған. Барлық экспортталған өнімнің 91,1 пайызын құрайтын күріш өнімі, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Грузия, Моңғолия және Ирак мемлекеттеріне экспортталып отыр. Есепті кезеңге 13 843,1 тонна күріш өнімі экспортталып, былтырғы жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 141 пайызға артты.
– Облыстан Ресей, Литва, Германия, Дания, Нидерланды, Қытай мемлекеттеріне 401,6 тонна балық, Германия, Польша және Нидерланды мемлекеттеріне 907,6 тонна қамыс және Ресейге 40,0 тонна күріш қалдығы экспортталды. Алайда шикізаттық сипат сақталғанымен, 2025 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстаннан тауар экспортының жалпы көлемі 11,5%-ға төмендеп, 16,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл құлдырау негізінен шикізат секторына тиесілі – оның көлемі жылына 15%-ға азайса, шикі мұнай экспорты бірден 21%-ға қысқарды, – дейді аймақтың бас агрономы Талғат Дүйсебаев.
Жаңақорғаннан экспортқа күріштен бөлек брендке айналған Жайылманың қарбызы ғана шығады. Жаз айының ортасынан бастап екі ай көлемінде көршілес елдерге экспортталатын қарбыздың биыл да межесі айқын. Бақша өнімдеріне мән беретін жайылмалықтар қарбыздан бөлек қауын мен асқақабаққа және мал шөбіне көңіл бөлуде. «Қарбыздың алғашқы өнімі өзге елдер және елдің батыс өңірлеріне жөнелтіледі. Одан кейін, солтүстік пен Елордаға жол тартады. Биылғы меже бойынша жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз. Ең бастысы, шаруалардың еткен еңбегі ақталса болғаны» – дейді ауыл әкімі Әліби Бөкеев.
Ал, Импорт құрылымы бойынша Қазақстан Республикасы дайын өнімдер мен жинақтаушы бөлшектерді белсенді түрде сатып алады. 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында ең үлкен үлес келесі тауарларға тиесілі болды. Бірінші, жеңіл автомобильдер (3,9%), екінші, дәрілік заттар (3,1%), үшінші, моторлы көлік құралдарына арналған кузовтар (2,9%) және телефон аппараттары (2,3%).
2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанның негізгі экспорттық серіктес елдері – Италия, Қытай, Ресей, Нидерланды, Түркия және Өзбекстан болса, импортта көшбасшы елдер – Ресей мен Қытай. Одан бөлек, Оңтүстік Корея, Германия, АҚШ және Түркия мемлекеті де бар.
Экспорт көлемінің 11,5%-ға төмендеуі Қазақстанның сыртқы саудасы үшін бірінші тоқсанның басты теріс нәтижесі болып отыр. Бұл Украинадағы қақтығыс пен АҚШ-тағы әкімшіліктің ауысуының тікелей салдары дейді мамандар. Қалай дегенде де, ішкі нарықтағы жағдай тұрақталып, сыртқы сауданың сәні кірсе әлеуметтік және экономикалық жағдайдың жақсаратыны ақиқат.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ