Агроөндіріс: импорт немесе экспорт
Ішкі нарықты агроөнімдермен қамтамасыз ете алмай жүріп экспорт мәселесіне көңіл бөлгеніміз күлкілі көрінеді. Мемлекет осы жағдайға бар назарды аударып, өнім өндіруді дамытуға бетбұрыс жасай бастады. Яғни, жеңілдетілген несие, қайтарымсыз қаржы мен субсидияны сұраусыз беріп келеді. Алайда, егін шаруасы да, мал өнімі де көңіл көншітпейді. Әсіресе, күнделікті тұтынатын тауарлардың өзін жыл он екі импорттаймыз. Сондықтан экспортты қоя тұрып, алдымен өз нарығымызды реттеп алғанымыз әлдеқайда абзалырақ болар еді. Содан кейін сыртқы саудаға назар аударармыз, Президент айтқандай, аграрлы сала экономиканың негізгі драйверіне айналады.
Негізінен мемлекеттік қолдауды шағын кәсіпкерлер аз көріп жатқан жоқ. Агрокешеннің ең тиімді тұсы жылыжай өндірісін дамыту. Бізде субсидияға дұрыс құжат болса, грантқа жақсы жоба болса болғаны. Ал, несиенің қайтарымы уақытылы төленсе қалғаны маңызды емес. Барлғығына топырақ шашуға болмайды, ақиқатында өндіріс өркениеті тым баяу келе жатқаны жасырын емес. Осы мәселе реттелсе алдымен ел эконмикасы көтеріледі, екіншіден, елдің әлеуеті артады.
Аграрлы сала экспортында Сыр маржанының үлесі басым. Мәселен, Қызылорда қаласындағы «Мағжан және К» ЖШС күріш ақтау және тұз өндіру зауыты заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтар өнім шығарады. Зауыт автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Өндірілген өнімнің 40 пайызы ішкі нарыққа, қалғаны экспортқа шығарылады екен. Олардың арасында Әзербайжан, Моңғолия, Түркіменстан, Украина секілді мемлекеттер бар. Сондай-ақ, былтыр АҚШ-қа сынақ ретінде алғашқы өнім жеткізілген. Жалпы жылына 20 мың тонна күріш ақталатынын серіктестіктің бас директоры Сағидолла Сыздықов жеткізіпті. «Жан-Арай» ЖШС күріш, құрама жем өндіру, жеміс, көкөніс өңдеу және сақтаумен айналысады. Мұнда қуаты тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіретін және тәулігіне 150 тонна күріш ақтайтын екі зауыт бар. Өнім еліміздің барлық аймағында сатылады, оған қоса Түркия, Ирак, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Беларусь және өзге де алыс-жақын шетелге экспортқа шығады.
Айта кететін жаңалық, жақында ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Иран Ислам Республикасына жұмыс барысымен барып, сауда-экономикалық миссиясының ашылуына қатысты. Иран тарапының өкілдерімен бірқатар нәтижелі кездесулер өткізіп, екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жиын жасалды. Қазақстан мен Иран арасындағы ауылшаруашылығы жөніндегі жұмыс тобының 1-ші отырысында вице-министр елдер арасындағы агро секторда сауда-экономикалық байланыстардың тұрақты өсуін көрсетіп отырғанын атап өтті.2024 жылы ауылшаруашылығы өнімдерінің өзара тауар айналымы 220,1 млн АҚШ долларын құрап, өсім 2023 жылмен салыстырғанда 33,2% жеткен.
Отырыс барысында бірқатар келісімдерге қол жеткізілді. Енді қазақстандықтар дәнді-бұршақты дақылдар және арпаны, 500 мың тонна күнбағыс майы мен күнжараны, қой еті мен тірі малды Иранға жеткізу мәселелерін пысықтады. Яғни, биыл да экспорт көлемін кеңейтіп, елдегі агробизнестің ауқымын кеңейтуге бар мүмкіндік қарастырылады.
