№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қаржы мақсатты жұмсалса игі

Қаржы мақсатты жұмсалса игі

Әлеуметтік желіде «Экономикалық сараптама: цифр мен «шифр» деген мақала көзге оттай басылды. Аштым. Тым көлемді екен. Қазір асығыс заман ғой, табақтай-табақтай дүниеге көз сала бермейміз. Бірақ, мақаланы ә деп оқығаннан, бітіргенше асықтым. Себебі өзіміздің ауданның қордаланған мәселелері көтеріліпті. Жай ғана көтерілмеген, оның шығу себеп-салдары көрсетіліп, кемшіліктері тайға таңба басқандай белгілі болды. Соның бірі – мемлекеттік қайтарымсыз гранттан беру жайы сөз болыпты.


Әрине, біз аудан әкімі аппаратының мәжілісіне қатысқан жоқпыз. Бірақ желіде оқығанымыздай, қайтарымсыз грант беруде ашықтық пен жариялықтың маңызына ерекше екпін беріп, грант алғандардың базасын жасақтаудың жайы айтылыпты.
Жалпы Жұмыспен қамту орталығының басшысы «жас болса да бас болып» жүрген азамат. Сырттай білемін. Ол: – Былтыр грант алғандар арасында кәсіпкерлігін уақытша тоқтатқан – 7, мүлде жауып тастаған – 16 адам анықталды. Жаңақорған кентінің 9 тұрғыны кәсіпкерлігін жапса, 3-і уақытша тоқтатты. Бұл қатарда Қожакент, Жаңарық, Ақүйік, Жайылма, Сунақта, Қыркеңсе, Қандөз, Төменарық ауылдық округ бар. Грант алған 649 кәсіпкердің 513-і әлеуметтік аударым аудармағаны белгілі болды. Жаңақорған кентінің 6 тұрғыны мен Келінтөбенің 1 азаматы қаржыны мақсатсыз жұмсағаны анықталып, экономикалық сотқа жолданды, – депті.
Әрине, грант алғаннан кейін кәсіпкерлігін жауып тастауға орталық ғана емес, кент, ауылдық округ әкімдері де жауапты деп білеміз. Өйткені жүйеленбеген жұмыстың артынан шикілік шығуы заңдылық. Гранттың 555 мың 600 теңгесіне бизнесті қалыптастырып, дамытып әкету оңай емес. Меніңше, бұл қаржыны отбасылық бизнесті дамытуға бағыттаған дұрыс. Мәселен, ауылда бір отбасы тауық ұстайды дейік. Міне, грант осындай отбасыға бағытталып, олардың инкубатор аппаратын алып, балапан ашып, соңы сатуға және тауық санын көбейтуге мүмкіндік берген дұрыс. Ал, мұндай ақпаратқа әкімдер қанық. Сондықтан жергілікті әкімдер отбасылық бизнесті заңдастыруға құлықты болып, шағын және орта бизнестік дамуына жағдай жасағаны абзал. Жоқ. Біздің әкімдер әлі ұйықтап жүр. Оларға бюджеттің қаржысы қайда кетсе де бәрібір ме, сонда?!
Бұл жерде Жұмыспен қамту орталығын ақтап алайын деген ойым жоқ. Аудан әкімі айтқандай, электронды ақпараттық база жасақтамай, істе береке болмайды.
Руслан Рүстемұлының: – “Тұрлыбеков жолдас, сіздің жұмысыңыз бюджет қаржысын тарату емес, оған мониторинг жасап отыру. Мұны істемек түгілі несие, грант алған азаматтардың елді мекендер бойынша базасы қалыптаспаған”, – дегені өте орынды сөз.
Әкім бар ақиқатты жайып салып, әрі оны газет ашық жазғанын бірінші рет оқыдым. Экономикалық сараптамада аудан әкімі:
– Тағы түсінбейтінім, жыл басында қажетті қаржыны сұрап, бюджеттік өтінім бересіздер. Біз өтінімге сай қаржыны бюджеттен толық бөлеміз. Алайда жарты жыл өтпей қаржы жетпей жатыр дейсіздер. Неге? Кім кінәлі? Өздеріңіз! Солай бола тұра, «әкім қаржы қарамайды, экономика бөлімі тиісті қаржыны бермейді» деп адамдарды бізге жібересіздер. Бұл дұрыс па? Сіз мемлекеттік саясатты жүргізетін тұлға ретінде бюджет қаржысын тиімді, оны мақсатты жұмсауды сауатты жүргізуіңіз керек. Соны сіз білесіз бе?
Айналып келгенде, мұның бәрі жұмысты дұрыс жоспарламауыңыздан, бюджет қаржысын оңды-солды шашып жатқандарыңыздан.
Бір мысал айтайын, өткен аптада қабылдауыма Қожакент ауылдық округінің бір тұрғыны келді. Оның айтуынша, орталық грантты 2 мәрте алды деген желеумен сотқа беріпті. Бұл фактіні зерделей түссек, кінә сіздерден. Өйткені қаржыны кім берді? Сіздер бердіңіздер. Неге бір адамға екі рет бердіңіздер, өйткені ақпараттық база жоқ. Ол сынақ тапсырып, бизнес жоспарын қорғады, яғни ақшаны ұрлаған жоқ. Енді мәселені медиация деңгейінде шешудің орнына, сотқа тартасыздар. Әлгі азамат грант қаржысын қайтарамын деп отыр ғой! Мұндай әділетсіздікке орын беруге болмайды, – дегенін түртіп алдым.
Бір-екі жылдан бері грант аламын деген үмітпен кәсібінде (ИП) ашып қойған жастар бар. Олар тіркелу тізімінің кезегіне іліне алмай отыр. Нағыз істеймін, дамимын деген адамның іс талабынан білуге болады. Кәсібін жақсы атқарып, үлкен бизнес ашқалы отырған жастар қаншама? Оларды әкім айтқандай, сүйемелдеу керек. Қаржы алудың жолдарын түсіндіріп, өнім өндіруге жағдай жасау маңызды.
Бірақ, қолдау жетіспей жатыр. Қайран мемлекеттің қаржысы-ай! Бір сиыр алып, сүтін сатып қарық боламын деп алған әйелдердің грант ақшасын еркектері құмар ойынға салды ғой! Соны талапты жастарға бергенде ғой!

Айгерім ӘБІЛТАЕВА
Оңғарбай көшесінің көше
комитетінің төрағасы
08 маусым 2021 ж. 1 332 0