Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ӨТІНІШТЕР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

ӨТІНІШТЕР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

2019 жылдың 12-13 ақпанында «Халықты жұмыспен қамту орталығында» аудан әкімінің орынбасары, тиісті сала басшылары көп балалы аналарды қабылдап, олардың арыз-шағымдарын тыңдағанын осыған дейін хабарлаған едік. Кеше аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Әбдіғанит Ахметов «ашық есік күнінде» түскен жұрттың тілек-талабын сараптап, журналистерге брифинг берді.
– Жыл басынан бері аудан әкімдіктері мен бейінді бөлімдерде азаматтарды қабылдау жүргізілді. Нәтижесінде аса мұқтаж отбасылардың деректер базасы құрылды, нақты қажеттіліктері мен проблемалары анықталды. Біздің тараптан әр отбасын қолдау жөнінде жоспарлы шаралар әзірленді, – деді сала басшысы.
«Ашық есік күні» 242 азаматтан 368 өтініш түсіпті. Оның 73-і жұмысқа орналасу жөнінде болса, 62-ы қаржылай көмек, 68-ы атаулы әлеуметтік көмек сұрапты. Сондай-ақ, тұрғын үй мен азық-түлік алу, мемлекеттік грант пен медициналық көмек және т.б. жөнінде жүгініпті.
– Аудан тұрғындарының барлық арыздары мен өтініштері жедел түрде жүйелендіріліп, талданып, көпбалалы отбасыларды қолдауды күшейту жөніндегі аудан әкімдігі жанынан құрылған жұмыс тобының қарауына жолданды, – деді ол.
Басшысының сөзінше, өтініштер жан-жақты зерттеліп, заң талаптарына сәйкес өтініштерді орындауды пысықтапты.
2018 жылы республикалық бюджет арқылы 100 жаңақорғандық мемлекеттік грант алып, кәсіпкерлігін дамытуға мүмкіндік алды. Биыл да қайтарымсыз гранттар алуға ниеттілер аз емес. Қоғамдық қабылдауда осындай өтінішпен 46 азамат келіпті. Олар қалай, қанша суммада грант алады? Бізді осы сұрақ қызықтырды.
– Биыл 200 азамат республикалық бюджеттен 50500,0 мың теңге қаржы қаралып отыр. Қаржыны сәуір айынан бастап беру жоспарланды. Мемлекет басшысы «2019 жылды жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған байланысты Үкіметте 29 жасқа дейінгі 200 жасқа 505 000 теңгеге дейін грант беру жайы қаралуда. Грант алуға үміттелерді 15 наурыздан бастап оқытылады, – деді Әбдіғанит Садықұлы.
Республика азаматтарын уақытша жұмыспен қамтамасыз ететін әлеуметтiк пайдалы бағыттағы қоғамдық жұмыстар тұрғындардың мерзімдік еңбекақы алып, әлеуетін арттыруға аз болса да сеп болады. Сондықтан, жыл сайын қоғамдық жұмысқа сұраныс артып келеді. Жыл басынан «Жұмыспен қамту орталығына» 527 жұмыссыз тіркелді. Сұраныс қанағаттандыру мақсатында аудандық бюджеттен 26,4 млн. теңге, облыстық бюджеттен 48,6 млн. теңге қаржы бөлінді. Аталған қаржыға 280 адам 6 айлық жұмысқа қабылданады. Қосымша 250 тұрғынды 6 ай мерзімінде жұмысқа қамту үшін жергілікті бюджеттен қаржы сұралды. Қаржы берілген жағдайда 530 адамды мерзімді жұмыспен қамтылады.
– Біз аз қамтылған және көмекке аса мұқтаж отбасыларды, оның ішінде көпбалалы отбасыларды жан-жақты қолдауды қамтамасыз етуге тиіспіз, – деді бөлім басшысы.
– Мерзімді жұмыспен қамтылғандардың қаржы көлемі қандай?
– Айына 44 759 теңге қаралды. Әлеуметтік аударымдарды ұстағанда әр жұмысшы 38250 теңге қолға алады.
– Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?
– Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға ақшалай нысанда беретін төлем түрі. Республикалық бюджеттен 229389,0 мың теңге қаралды. Жаңақорған ауданы бойынша 806 отбасы өтініш берді. Олардың 4975 отбасы мүшесіне шартты және шартсыз қаржылай көмек беріледі. Атап айтқанда, 752 отбасының 4711 мүшесіне шартты ақшалай көмек, 54 отбасының 264 мүшесіне шартсыз ақшалай көмек алады.
– 2019 жылдың 22 ақпанында «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық үйінде өткен еңбек жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келушілер қарасы көп болды. Осы жайында айта кетсеңіз...
– Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін жәрмеңкелер жоспарлы жүргізіледі. 2018 жылы 14 жәрмеңке ұйымдастырылып, 188 жұмыс беруші 309 бос жұмыс орындар ұсынып, жұмысқа қабылдады. Ал, 2019 жылдың 22 ақпанында өткен жәрмеңкеде 15 мамандық түрлері бойынша 58 бос жұмыс орны анықталып, 27 жұмыс беруші қатысып, 58 азамат жұмысқа жолданды.

P.S.: Естеріңізге сала кететіні, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2019 жылдың ақпан айында Үкімет жанынан ел азаматтарының табысын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту және көп балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылған болатын. Оның үстіне, Президент «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Үкімет пен атқарушы билікке әлеуметтің әлеуетін арттыруды тапсырды. Олай болса, қоғамдық қабылдауда көтерілген өтініштер жергілікті атқарушы биліктің назарынан тыс қалмайтын болар. Жаңақорғандықтар содан үмітті...

Лаура БИБАСАРОВА.

03 наурыз 2019 ж. 836 0