№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Инноватор көшпенділер

Инноватор көшпенділер


Қазіргі ер азаматтың гардеробы неден тұрады? Туфли, шалбар, белдік, көйлек, оның сыртынан костюм киеді. Енді осы аталған киім-кешектің түгелін ойлап тапқан кім? Авторы басқа емес, біздің бабалар...


Мария Харлоу, көне дүние та­рих­шысы: Шалбар да, костюм де көшпенділердің ойлап тапқан бұйымы. Түбін зерттеп қарасаңыз, бұл киімдердің түгелі ат үстіндегі өмірге шақталған кешектер. Отырықшы қауымдардың мұндай көйлекті ойлап табуға қажеттілігі де болған жоқ. Костюм – көшпенділердің шапанының ықшамдалған нұсқасы. Ат үстіндегі адам жиі еңкейіп, тіктелетіндіктен, бел тұсы ашық қала беретін. Суық тимес үшін сол кезде көшпенділер тірсекке дейін жететін ұзын шапандарды ойлап тапты. Көшпендінің шапанынан плащь, костюмдер пайда болған. Далалықтар шалбар киіп, шапан жамылып, сол кездің өзінде-ақ қазіргі заманның стилін сомдап, жасап қойды.
Ал, сол ғасырлардағы мысырлықтар, грек-римдіктер болса, ұзын матаны денесіне орай салып жүре беретін... Ары кетсе, төбесінен төңкере киетін, қолтығы ашық туника, хитон дейтін жалбағай ұзын етекті көйлектермен жүрді... Әйелінің де, ерінің де бұты жалаң болды десек болады.
Біздің заманның IV ғасырына дейін, Еуропа жұртының киімінде ердікі, әйелдікі деген бөлініс б олмады. Ал сол дәуірдегі көшпенділердің көйлегінен қайсысын әйел, қайсысын ер азамат киері анық көрініп тұратын. Ол ол ма, көшпендінің киіміне қарап қай рудың адамы, әлеуметтік ахуалына дейін біле алады! Әне, дизайн өнері бойынша далалықтар әлемге үйретуші болды. Сол көшпенділердің әлемдік тігін ісіне революция әкелген, тарихты өзгерткен бірден-бірі киімі бар. Ол – шалбар!
Сағындық Жауынбаев, тарихшы: «Жазы ыстық, қысы суық Ұлы Далада өмір сүретін адам шалбарды ойлап таппауы мүмкін емес. Климаттың өзі адамды осындай ортаға бейімделуге мәжбүр етті. Белуардан келетін қар, ат үстіндегі өмір – шалбарды ойлап табуға мәжбүрледі».
Мәжбүрлік шалбарды ойлап табуға итермеледі. Рас. Әуелде күллі адамзат «юбкамен» жүрді. Уақыт өте, Ұлы Даланы мекен еткен біздің бабалар атты қолға үйретіп, үстіне қарғып мінді. Бірақ бұрынғы етекті көйлекпен ат үстінде ұзақ жүре алмайтынын аңғарды. Себебі, жылқы – өте тершең жануар. Терлеген кезде тұла бойынан ащы тұз ағып, балтыр-саныңды жаралап тастайды. Әуелгі кезде көшпелілер жорыққа шыға қалса, аяқтарын санынан бастап тобығына дейін мал терісімен жеке-жеке орап алатын болған. Осыдан келіп, шалбар пайда болады. Сол ең алғашқы шалбар Шығыс Түркістан жерінен табылып отыр. Осыған дейін ең көне шалбар деп Непалдан табылған, 2400 жыл бұрын тігілген шалбар көрсетіліп келген еді. Радиокөмірқышқыл сараптамасы Шығыс Түркістан шалбарының тігіл­геніне 3 мың жылдан астам уақыт өткенін анықтап берді.
Наталья Ковшова, ғалым-рес­тавратор: «Шалбар жүн матаның үш бөлігінен құрастырылып тігілген. Екі ұзын балақ ауға келіп жалғанған. Ал ауы бөлек тігіліп жапсырылған. Бұл адамның өз аяқтарын барынша еркін қозғалтуы үшін қажет әрі дененің осы бөлігін суықтан қорғап тұрады. Шалбар киген адам атқа отырғанда өзін жайлы сезінуі үшін әдейі ыңғайлы етіп тігілген. Ежелгі шалбардың бел тұсы өте кең. Адам шалбарды өз белінің пошымына сай тарту керек болса, белдікпен тартып алатын болған».

БЕДЕЛДІ БЕЛДІКПЕН ЕСЕПТЕУ

Ең алғашқы шалбардың бел тұсы кең боп келетін де, оны киген адам өзінің беліне, пошымына қарай не тартып немесе босатып киетін болған. Белді буатын да, босататын да құрал – белдік емес пе? Міне, белдікті бірінші боп көшпенділер ойлап тапқан. Ал, үстіне төңкере көйлек киетін, матаға оранып жүрген Еуропа жұртына белдіктің қажеті жоқ еді. Белдік – дала жұрты үшін белді буатын бау ғана емес, адам дәрежесін анықтаушы бұйым болатын. Ертеректе белдіктер адамға шен ретінде берілетін. Қазір әскеридің шеніне қарап, кім екенін танысаң, бұрынғы көшпенділердің қайсысы сұлтан, қайсысы батыр, қайсысы би екенін белдігі айтып тұратын. Белбеуі арқылы адамның дәргей-дәрежесін тану ғұрпы уақыт өте корей, қытайдың жекпе-жек өнеріне сіңді. Ақ белбеу, қара белбеу дейтін ұғымдар оларға біздің даладан барған.

ШАЛБАРДЫҢ ӘЛЕМГЕ ТАРАЛУ ТАРИХЫ


Қазір шалбар адамзаттың ажырамас бұйымына айналып кетті. Шалбарды күллі әлемге алғаш таратқан сақ-скифтер еді. Кейіннен оны галлдар мен германдықтар қолдана бастады. Рим империясында шалбар варварлардың киімі саналған.
Оны киген адамға тіпті айыппұл салып отырған. Бірақ, көп өтпей император-корольдер ат үстінде ұзақ жорыққа шыққан юбкалы жауынгерлерінің аяқ-бұттары жарадар боп кететіндіктен, амалсыз шалбар киюге рұқсат етті. Міне, сол сәттен бастап, шалбар мода-мақтанышқа айналып шыға келеді. Сарбаздар елдеріне қайтқанда алыс жорықтан оралғандарын атап көрсету үшін үйлерінде шалбар киіп жүретін болған.
Айтпақшы, әлем жұртының баршасы, әлі күнге бұтқа киер киімді көшпенділер қойып кеткен атаумен айтып жүр. Мысалға ағылшынның брюк, орыстың штаны, иранның шаровар дегені – бәрі-бәрі көне түрік сөзі.
Аяқтағы кішкентай башпай неге әлсіз? Етіктің не қатысы бар?
«Адам өміріндегі ең маңызды зат – кереует пен аяқ киімі. Себебі өміріміздің көп бөлігін біз не ұйықтаймыз, не жүреміз». Атақты француз драматургі Марсель Ашар осылай депті. Сол ұйықтағаннан гөрі күні кешеге дейін көп жүріппіз. Олай болса, кереуеттен бұрын аяқ киім бірінші пайда болғаны ғой.
Аяқ киім дегеннен шығады, амери­калық археолог Эрик Тринкаус Алтай тауының үңгірінен 30 мың жыл бұрын өмір сүрген, тасқа айналған адам сүйегін тауыпты. Көне қаңқа қайдан табылмай жатыр дейсіз ғой?! Бірақ, бұл ескі сүйектің айтары бар болып тұр ғой. Әлгі қаңқаны бастан-аяқ зерттеген ғалым кісі «аяқтағы кішкентай шынашақтың өзге башпайларға қара­ғанда әлсіз болуының басты себебі – аяқ киім киіп жүргеннен пайда болған» деп сенсациялық жаңалық ашты. Қызық, ә! Демек, 30 мың жыл бұрын біздің бабалар аяғына кебіс киген болуы мүмкін?!
Бұл әзірге жорамал. Десе де, «ең алғашқы аяқ киімнің авторы кім?» деген сұрақ баршамызды мазалайтыны анық. Белгілісі – аяқ киім туралы факт алғаш рет ежелгі Мысырдың жазба ескерткіштерінде жазылған. Ол заманда аяқ киімді тек билік басындағы адамдар – фараондар мен олардың жақындары ғана киген екен. Ал қарапайым адамдар жалаңаяқ жүрген. Ал енді, байшыкештердің аяғына кигені не дейсіз бе? Ең қарабайыр кәдімгі сандал болды. Осы кезде көшпенділер аяғына не ілді екен?!
Самғау Нәсіпхан, етікші: «Етікті ойлап тапқан, оны Еуропаға киіп барған біздер – көшпенділер едік. Сол Еуропаңа етікпен алшаң басып кіріп келгенде не көрдік? Герман, галл тайпалары жазда сүйретпе, ал қыста... аяғына жүн-жыбырды орап, байлап жүргенін көрдік. Бірақ, мұндай «орамамен» қанша жүресің? 5-6 шақырымнан соң, әлгі орап тастаған жүн суланып, тері табаны жыртылып қалады. Сондықтан қыс түссе, еуропалықтар ары-бері жүруді қойып, тыныш жататын. Ал көшпендіңе бәрібір, анау саптама етікпен тізеден келер суды кешсе де, омбы қармен жүрсе де, аяғы құрғақ. Айтып-айтпай не керек, біздің атамыздың етігі сол кездің жол талғамайтын Джипі іспеттес болды ғой. Бұл саптаманы әу баста, атқа мінгенде тұлпардың тұзды терісі балтырын жарадар етпес үшін, тобығын үзеңгі қажамауы үшін шығарып еді. Үзеңгіден аяқ өтіп кетпесін деп, етікке өкшені бірінші боп, қаққанда осы көшпенділер».
Бұрын қыс түссе ешқайда шықпайтын Еуропа жұрты осы етікті киіп, енді алыстарға баратын болды. Саптаманың б.з. V ғасырында пайда болғанын Пазырық қорғандарынан табылған қонышы тізеден асатын, жұмсақ байпақтар дәлелдейді. Саптаманың ең басты артықшылығы оңы мен солы жоқ, оң етікті сол аяққа, сол етікті оң аяққа ауыстырып кие береді. Мұның өзі саптаманың өте ертеден келе жатқан аяқ киім екенін көрсетеді, себебі көне заман көшпенділері алғаш етікті ойлап тапқанда оң мен солына мән бермеген. Кейін етікшілер бұл дәстүрді сақтап қалған, оңы мен солын ауыстырып киген аяқ киім аз тозады. Қазір де Қазақстанның қысы қатты аймақтарында етікшілер саптаманың бұрынғы моделін сақтай отырып, яғни оңы мен солын бірдей етіп тігеді.
Бір қызықты айтайын, мал шаруашылығымен айналысатын ауылдағы ағайын еуропалық етіктерді кимейді. Оның екі себебі бар. Біріншіден, әлгі «импортный» етіктер суыққа, күнделікті қар кешуге жарағанмен, атқа мінуге жарамайды. Неге? Өйткені оның табаны резинадан болғандықтан, аттың темір үзеңгісіне аяғыңды салғанда үзеңгі етігің тұрмақ табаныңды қарып жібереді. Табаны қайыстан болмағандықтан, ұлтаны пластмасса шетел етіктері қыстыгүні атқа мінуге мүлдем жарамсыз. Екіншіден, олардың былғарысы шошқаның терісінен жасалады. Яғни бірыңғай суық тартатын материалдан жасалған етікпен Арқаның 50 градусқа дейінгі аязында атқа мінем деп ойламаңыз. Шошқаның терісінен жасалғандықтан, ол тез ылғалданады, ал аяғың сәл ылғалданды дегенше аттың үстінде үсіп өлдім дей бер.
Тағы бір баса айта кететіні, қазіргі сән индустриясы – көшпенділердің етік жасау технологиясынан асырып жасап жатқан ештеңесі жоқ. Мысалға, мынау шетелден келіп жатқан жуан санға дейін жететін әйелдеріміз тұтынып жүрген «Батфорд» етіктері арыдағы Көк Түрік, Алтын Орда, берідегі қазақ ханшайымдары киген етіктің үлгісін қайталайды. Ұлттық мұражайда бол­саңыз, Хан Кененің қарындасы Бопай анамыздың етігін ұстап көріңіз! Бірден түсінесіз.
Етік – қазіргі көптеген аяқкиімдердің атасы. Етікті тобық тұсынан шорт кессең, туфли, бәтіңке болады да қалады. Аяқ киім туралы сөйлегенде, осы бұйымның қазақша «аяқ киім» дегеннен бір атауынан басқа ат таба алмай қиналып кететінім бар. Содан амалсыз, туфли, кебіс деп жүрміз. Сонда, қазақ етік пен кебістен өзге аяқ киімді білмей ме?

P.S. Уақыт келді. Мәдениет, тарих Жерорта теңізінен басталады деген еуроцентристік көзқарасты қайта қарауға уақыт келді. Себебі, әлгі пайымды түбірімен жоққа шығаратын артефактілердің жалғыз-ақ айтары: қарап отырсаңыз, көшпенділер нағыз инноваторлар болғанын әлемнің еріксіз мойындайтын кезі келді.

Нұрбек БЕКБАУ


29 шілде 2020 ж. 634 0