«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ЭКОНОМИКАСЫ ШАРЫҚТАҒАН ШВЕЦИЯ

ЭКОНОМИКАСЫ ШАРЫҚТАҒАН ШВЕЦИЯ

  «Қазақстан-2050» Стратегиясының және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының басты мақсаты – Қазақстанның жаһандағы дамыған 30 елдің қатарына кіруі. Бәсекеге қабілетті ел болып, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде қуатты мемлекетке айналу. Ал енді біз айтып, жазып жүрген әлемдегі дамыған озық отыз елдің кезекті мемлекеті – Швеция.

  Сонымен қатар, Швед елінде медициналық, компьютерлік және перифериялық жабдықтар өндірісі қарқын алуда. Фармацевтикалық компаниялары өз өнімдерінің 90 процентін шетелге сатады. Әсіресе, онкология, гастраэнтерология, кардиологияда қолданылатын дәрілерді шығаруға мамандаған.
Ел экономикасының негізгі ресурстары саналатын – орман, гидроэнергия және темір рудасын сыртқы саудаға шығаруға басымдық берген. Алайда экспортталатын тауардың 90 процентін Ericsson AB, Alfa Laval Group, IKEA секілді жеке компаниялар өнімі құрайды. Оның жартысына жуығы машина жасау саласына тиесілі. Байланыс пен көлік елдің жалпы инфрақұрылымының маңызды құрамдас бөлігі саналады. Әлгінде айтқандай, баламасыз даму үдерісінің негізін орман, кен және гидроэнергетика ресурсы секілді табиғи байлықтар қалады. Соларды дамудың алғышарттары қылған швед халқы, бу трубинасы, АГА газ маяктары, телефон, «тетрапак» және көптеген революциялық жаңалықтарды ойлап тауып, сыртқа шығарудың нәтижесінде дамыды. Әлемдік сарапшылар, дәл осы «экономикалық жаһандануды» басқалардан гөрі ертерек бастағандықтан швед компаниялары халықаралық бәсекелестікте айрықша басымдыққа ие деген ойда. Соның арқасында Швеция бүгінде өз халқының санымен ірі мултиұлттық концерндер мен белгілі тауар маркалары жөнінен аса танымалдыққа ие. Мәселен, «Вольво», «Эриксон», «Астра Зенека», «Электролюкс», «Икеа», «Сааб» сынды брендті тауарлар жаһанды жаулап алған. Шикізат пен өңделген шикізат материалдары швед экспортының айтарлықтай бөлігін құрап отырса да, шведтердің өздері болашақ экономикаларын тек өнеркәсіптің ғылыми саласымен байланыстырады. Оның қамын бүгіннен бастап күйттеп отыр. Алдыңғы қатарлы технологиялық даму, дамыған инфрақұрылым және халықтың жалпы білімнің жоғары деңгейі – соның дәлелі. Соңғы технологиялық жетістіктерді өмірде қолдана отырып, биомедицина мен ақпараттық технология саласында әлемдік көшбасшылар сапынан бой түзеді. Оның қатарында орман шаруашылығы – швед халқының тарихи кәсібі. Орман алқаптарының жартысы жеке меншікте, қалған бөлігі мемлекет меншігінде. Швеция жаһандағы целлюлоза және қағаз өнімдерінің үшінші ірі экспортеры болып саналады. Экспорттың көп бөлігі Еуропалық Одақ елідеріне сатылады.

ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУЫ ДАРА ЕЛ

  Бүкіл әлемде әлеуметтік дамудың ең табыстысы деп «швед моделі» саналады. Швеция жыл сайын өз азаматтарын әлеуметтік қорғауға ЖІӨ-нің шамамен 40 процентін жұмсайды. Бұған тегін орта және жоғары білім алу, іс жүзінде тегін медицина мен түрлі әлеуметтік жәрдемақы кіреді. Мәселен, орташа жалақысы 3 мың еуро болған жағдайда алты баласы бар отбасына мемлекет ай сайын қолдау ретінде мың еуродан астам ақша төлейді.

Тағы бір мемлекеттік жеңілдік – халық нөлдік ставкамен несие ала алады. Ал минус 1,25 процент ставкамен берілген ипотека – шведтердің шынайы өміріндегі жағдай.

  Елдегі еңбекке қабілетті халықтың 15 проценті ауыл шаруашылығымен айналысқанымен, бұл сала жоғары дамыған және механикаландырылған. Бұл саланың негізін азық-түлік қажеттілігінің 90 процентін ірі кәсіпорындар құрайды. Еуропа елдерінің ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бойынша Швеция, Ұлыбритания, Дания және Нидерландыдан кейінгі екінші орында. Ауыл шаруашылығында капиталистік ынымақтастық жоғары дамыған. Барлық ауылшаруашылық кооперативтері орталық партияның ірі жер иелері швед ауылшаруашылық одағына біріктірілген. Тағы бір айта кетерлігі, мал шаруашылығы қарқынды дамыған. Мал өсіруден түскен кіріс өсімдік шарушашылығынан түскен табысқа қарағанда 3 есе көп. Сиыр сүтінің 75 проценті экспортталады.

ҚАЗАҚСТАНМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

  1992 жылдан бастап Қазақстан мен Швеция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Ал 2000 жылдан бастап Алматыда Швецияның құрметті консулдығы жұмысын бастады. Сол жылы Швеция мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 66,5 млн. АҚШ долларын құраса, бұл көрсеткіш 2002 жылы 66,1 млн-ға тең болды. Ал 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 374,2 млн.долларды (экспорт-273,9 млн.долар, импорт-100,2 млн.доллар), 2017 жылы – 314 млн.АҚШ долларын құраған. Бүгінгі таңда бұл елмен сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимыл қарқынды дамып келеді. Швеция Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция салу және тауар айналымы бойынша солтүстік елдер арасында екінші орында. Бұл швед бизнесмендердінің Қазақстанға қызығушылығының артуының және Швеция Үкіметі тарапынан оларды ынталандырудың дәлелі болса керек. Мәселен, 2015 жылы Швеция экспортты ілгерілету жөніндегі стратегия қабылдаған. Онда швед өнімдерінің экспортты ынталандырылатын басымдыққа ие елдердің арасында Қазақстанда бар.
Қорыта айтқанда, Швеция табиғи ресурстарды игілікке пайдалануда. Оған қоса, Швеция билігі отандық экономиканы әртараптандыруды ерте кезеңнен бастап қолға алған. Міне осындай жаңашылдыққа деген жаңа көзқарас елді нарықтық экономикаға бейімдеді.

Әбдісамат ӘБДІШ.

30 шілде 2019 ж. 1 628 0