№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мақсатым – Премьер-лигада өнер көрсету

Мақсатым – Премьер-лигада өнер көрсету

Жаңақорған ауданы спортының дамуымен мақтана алады. Қай спорт түрін алсақ та тұғырымыз биік. Оның ішінде, футболдан аудан жастары тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Талантты жас Еркебұлан Кенжебайды осы қатарға қосуға болады. Қазір футболдан бірінші лига командалары арасында бақ сынайтын «Байқоңыр» футбол командасында өнер көрсететін жерлеспен сұхбаттасудың сәті түсті.
Жаңақорған футболын ойға алғанымызда Тұрсынхан ағайдың есімі төрде тұрады. Тұрсынхан мектебінің түлектерінің алдыңғы буыны бапкерлік қызметте жүрсе, соңғы тәлімін алған Еркебұлан секілді жастар Сыр елінің намысын қорғап келеді. Оразалы Тасболатов, Ерлан Әптаев, Ахмет Алайдаров сынды ардагер футболшылармен Ерболат Рүстемов, Нұрхан Байзақов Абай Жамалдин, Батыржан Қыдырбаев және көптеген жастар мен олардың ізінен еріп келе жатқан Ерсұлтан мен Еркебұлан, Дамир, Ернұр сынды ойыншылар жетерлік.
Кейіпкеріміз «Қайсар» футбол клубының жастар академиясында да өнер көрсетті. Қайсардың «U-21» құрамында да доп тепті. Спорттық мансабын төменгі лигада шыңдап көруге бел байлап, былтырдан бастап «Байқоңыр» футбол клубымен келісім-шартқа отырды. Бұл команда біздің аяқдопшыларға таңсық емес, өйткені, Ерболат, Абай сынды жаңақорғандық таланттылар осы командада шыңдалды.
– Қазір Байқоңыр сапындамын. Мақсатым – Премьер-лигада өнер көрсету. Осы жолда еңбектеніп, өзімнің қабілетімді мойындатуым керек, – дейді ол.
Ол футбол сессиясына 6-сыныпта барып, Тұрсынхан ағайдан доп тебудің әліппесін үйренеді. Кейін Ерлан Әптаевтың қоластында жаттығады. 9 сыныптан кейін «Болашақ» колледжіне оқуға түседі.
Ерлан дегеніміз өзіміздің «Папен» ғой! Оның доп тебу шеберлігін бәрі біледі. «Сығанақ» командасы облыс біріншілігінде қаншама рет чемпион атанды. Тіпті алғашқы жылдары қатарынан екі жыл үздік атанды.
– Шыны керек, біздің ауданда талантты жастар көп. Мектеп кезінде-ақ облыстық деңгейдегі жарыстарда бәсіміз биік тұратын. Әлі де солай. Мәселен, Ұлттық мектеп лигасында біздің жастар чемпион атанды. Еркебұланның қатарластары да талай турнирлерде топ жарды. Мен оны 3 жылдай тәрбиеледім, тума талант, бойында жастық жалыны бар, тек физикалық дайындығын жетілдіре беруі керек. Белді-белді клубтарда доп тепсе, шәкіртімнен көп үміт күтуге болады, – деді оның алғашқы бапкері.
Еркебұлан үйінде бес баланың төртіншісі, футболшы болуды кішкентайынан армандайды. Ойын баласы бастауышты тәмамдағаннан кейін футбол үйімесіне баруға бел байлайды. №125 мектепте тәлім алған оның бұл ісін отбасы құптап, қолдау білдіреді.
– Балам спортты таңдауды мақсат тұтты, біз қарсы болмадық. Талантын таныған бапкерлері де баламның белін буып, демеу білдіруге кеңес берді.
Шүкір, қазір жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Осылай жалғастыра берсе үлкен командалардан көріп қалуымыз мүмкін, – деді әкесі Кенжебай.
90 минут допты ұршықша игеріп, ары-бері жүгіріп, команданың жеңіске жетуіне үлес қосуға қажырлы күш керек. Ал, алаңның дәл ортасында доп тебетіндерге салмақ екі есе түседі. Олар қарсы команданың шабуылын тоқтатып, өз командасының шабуылын бастауда шешуші рөл атқарады. Міне, Еркебұланның қызметі осы, ол орталық қорғаушы, кейде шабуылшы рөлін де атқарады.
– Біздің ауданда ғана емес, жалпы Сыр өңірінде талантты жастар өте көп, көбі мансабын орта жолдан тастап кетеді. Ал кейбірі әуесқойлар лигасына ауысып жататынын көріп келеміз. Менің бар арман-мақсатым – кәсіпқойлар арасында доп теуіп, тіпті ұлттық құрама сапына іліну, – деп сөзін түйді Еркебұлан.
Әли ТЕМІРБЕК
25 шілде 2021 ж. 666 0