№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Жаңақорғанда қанша гастАРбайтер тіркелген?

Жаңақорғанда қанша гастАРбайтер тіркелген?

   Гастарбайтер десек есімізге бір­ден жалдамалы жұмыс жасайтын өзбек ағайындары түседі. Себебі, қазір елдің қай өңіріне бара қалсаң да өзбек мигранттарын кездестірмеу мүмкін емес. Жаңақорған ауданында да олардың саны аз емес. Әсіресе, құрылыс пен егін шаруасының науқандық кезеңінде олардың қарасы еселене түседі. Ресми деректерге сүйенсек, 2018 жылға дейін осы Қазақстандағы гастарбайтерлердің көшін осылар бастап келсе, былтыр оларды қытайлар басып озыпты. 2019 жылдың 1 қаңтарынан 20,3 мыңға жуық шетелдік маман жұмыс істеуге квота алса, соның басым бөлігі қытайлар екенін Алтайньюс хабарлады. Сонда оларға Қазақстан жұмыс жасауға жайлы ма? Әлде бізде Заң қатаң емес па? Жалпы, олардан бізге не пайда? Бүгін біз соны тағы бір зерделеп көрейік.

Гастарбайтер – немiс тiлiнде «қо­нақ жұмысшы» деген мағына бере­­дi. 1950-1960 жылдары Герма-­ния­дағы экономикалық өрлеу кезеңiнде Түркиядан жүз мыңдаған жұмысшы немiстер жерiне ағылды. Ал, 1960-1970 жылдары Азия, Африка, Латын Америкасынан келген еңбек миг­ранттары Батыс Еуропа елдерiн бет­ке алған. Міне, осы дәстүр бүгінде белең алып, әсіресе, Азия мен Еуропа елдеріне сырттан келген «қара жұмысшылар» саны бірнеше есеге өсті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің хабарлауынша, 2018 жылға дейін шетелдік еңбек күшін тартуға арналған квота жалпы жұмыс күшінің 0,46 процентін, яғни 41 мың адамды құраған. Бұл заңды түрде, ал, заңсыз қанша адам кіріп жатқаны белгісіз. 2015-2016 жылы бұл көрсеткіш 300 мыңға дейін жеткен. Әрине, бұл цифрлар 17 миллион халқы бар біздің ел үшін көп көрсеткіш.
Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде еңбек етуге ең қолайлы мемлекет. Содан болар елде өзбек, қырғыз, тәжік ағайындар маусымдық жұмыстан нәпақа тауып қалуға тырысады. Тіптен, тәуірі табылса тұрақты жұмыс істеуге ниеттілері көп. Оның үстіне, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев XII Астана экономикалық форумы аясында Өзбекстанның Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрі Шерзод Кудбиевпен бірлескен іс-қимыл жоспарына («жол картасы») қол қойды. Құжат 2019 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғай-
ды. Яғни, көрші елден келетін гастарбайтерлердің құқығы енді қатаң бақылауға алынатын болады.
Жаңақорғанда қанша гастарбайтер тіркелген?
Хош. Ал, аудандағы биылғы меже қандай болды. Оны білу үшін АПб-нің көші-қон қызметі тобының бастығы Нұрбол Рүстемовқа хабарласып, мән-жайды білдік.
– Жыл басынан бері көші-қон заңдылығын бұзғаны үшін, яғни заңсыз қызметте болған, арнайы рұқсаты жоқ, заңды тіркелмеген 120 шет ел азаматы мен үй иесіне әкімшілік шара қаралды. Оның ішінде 15 мигрант жауапқа тартылды, олардың қожайындары да айыппұл төледі. Сондықтан, әрқашан заң аясында әрекет еткен тиімді, – деді Н.Рүстемов.
Оның айтуынша, 2018 жылдың осы кезеңінде 288 өзге елдің азаматы жұмыс жасау үшін рұқсат алса, биыл олардың саны 286-ны құраған. Жалпы жыл басынан бері көрші елдерден ауданға 810 мигрант ала дорбасын арқалай келіпті.
Енді заң аясында шет елдіктерге қалай қожалық етуге болады соған тоқталайық. Бір шаңыраққа көп дегенде 5 қана азаматты тіркеуге рұқсат. Алдымен олар қонақ ретінде тіркеледі, одан кейін 3 айға дейін еңбекші мигранты болып қайта құжат жасайды. Ол үшін медициналық тексеру, салыққа тіркелуден өтіп, арнайы терминалдар арқылы салығын төлеп, көші-қонға құжаты жіберіледі. Содан кейін ЖСН-і дайын болып, әрі қарай жұмыс жасауға рұқсат. Оларға 1 айдан 2 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) негізінде салық төленеді. Мәселен, 2 айға бір азаматқа 4 АЕК, яғни 10 100 теңге төленеді.
ҚР мигранттарға байланысты заңының №76 «Еңбекші көшіп келуші бұйрығы» мына шектеуді ескертеді. Шет елден келген жеке тұлғалар елде еңбек ету үшін үш айға дейін визасыз жүре алады. Оны кейін ұзарта беруге заң рұқсат берген. Ұзақ мерзім бір жыл. Дегенмен еңбек мигранттары Қазақстандағы жеке тұлғалардың қол астында тек еңбектің екі түрімен ғана айналыса алады. Оның бірі – үй шаруашылығындағы жұмыстар болса, екіншісі – жылжымайтын мүлікті жөндеу, оны салу бойынша қызметтер көрсету. Бір сөзбен айтқанда, үй салып, қора-қопсыны жөнге келтіргіңіз келсе онда салығын төлейсіз де, шетелдік еңбекші мигрантты заңды түрде жұмысқа қабылдап, «қожайын» бола қаласыз. Ал, жеке компанияларға, оның ішінде құрылыс мекемесіне, сондай-ақ, басқа тұрғынға жалға беру заңсыз.
Заң бұзушылық кесірінен аудандық сот қарауына жыл басынан бері біршама іс жіберілген. Аудандық соттың аға приставы Мейіржан Тұрғанбекұлының берген мәліметі көрсеткендей, сот ағымына қаңтар айынан бері 36 іс жүктеліпті. Оның ішінде барлығы өзбек елінің тұрғындарына байланысты. Олардың 3-еуіне айыппұл салынса, 20-сы қамалса, қалған 13-і ел аумағынан шығарылған. Негізгі себеп – әкімшілік құқық бузышылық.
Біз көрші елдерден келетін гастарбайтерлерді жарыса жазып, оларды зерделеп жатқанда, отандастардың да шет ел асып, қара жұмысқа бет бұра бастағанын байқадық. Әсіресе, Оңтүстік Корея мен Ресей қазақ жастары үшін нәпақа табудың тұрағына айналды. Оңтүстік Корея демекші, ол жақта қарапайым жұмысшының өзі айына 800-2000 АҚШ долларына дейін айлық ала алады. Осындай айлықты ести тұра көршілес елдердің азаматтары онда баруға құлықсыз. Оның себебі мынада.
Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу өте ауыр. Күнделікті зауытта 12 сағат тыным таппай істегеннен бөлек, 1 бөлмелік жатын бөлмеде 10-15 адамға дейін тұрады. Бастысы Кореяға барушылар 1 жылға әрең шыдайды екен. Мына қызықты қараңыз: Оңтүстік Кореяда өз бизнесін ашып, миллиардер атанған Орталық Азияның өкілін естіп пе едіңіз? Себебі, мигранттар дамыған шығыс елінде тілдік барьер мен заңның қаталдығы емін-еркін бизнеспен айналысуына мүмкіндік бермейді. Сондықтан көпшілік Ресей мен Қазақстанда тұрған қолайлырақ деп санайды. Әрине, қонағын төріне шығаратын халық емеспіз бе?
Басқа дамыған мемлекеттермен салыстырсақ, Қазақстанда миграция­лық саясат қатты дамымаған. Алай­да, осы мигранттардан түсетін пайда қандай болмақ? Оның ішінде Жаңақорған не ұтты? Бұл жөнінде аудандық салық басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушы Талғат Мұстафаев:
– Жыл сайын мигранттардан түсе­тін салық көлемі артпаса кеміген емес. Мәселен, 2019 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін 1 мил­лионнан астам қаржы аудан қазынасына құйылды. Әрине, бұл дұрыс-ақ, алайда мигранттардың көбеюі қоғамды алаңдатары сөзсіз. Бізге келген құжат бойынша келісімшарт пен ЖСН-ді бере аламыз. Қалған мәселе ішкі істер бөлімінің құзырында, – деді.
Аудандық жұмыспен қамту орталғынан жұмыс іздеп келушілердің саны жыл сайын 900-дан кеміген емес. Ал, біз сөз еткен 800-ден астам гастарбайтер жергілікті биліктін жәрдемінсіз-ақ екі қолға бір күрек тауыпты. Осыдан ой түйсек, жаңақорғандықтар жалқау ма, болмаса оларға жоғары лауазымды қызметтер қажет пе? Әлде қазақтар іске епсіз бе?
Түйіндей айтқанда, біз біраз қаржыны өзге елдің инвестциясына құйып жатырмыз. Кім ұтты, кім ұтылды? Бәрінен бұрын қазақ қара көздерінің шет ел асып, нәпақа тауып жүргені қынжылтады...

Әлібек ТЕМІРБЕК.
---
11 маусым 2019 ж. 762 0