№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» 100 теңгелік монша

100 теңгелік монша


Жаңақорған ауданындағы ең арзан монша Көктебе ауылдық округінде орналасқан. Иә, қазіргідей нарықтық заманда тәуекелге барып, ел игілігі үшін қызмет етіп жатқан Мұрат Байтілесовтің кәсібіне ауыл-аймақ, көршілес елді мекен тұрғындары дән разы. Сондықтан, ауылға кіре берісте орналасқан шағын моншаның тыныс-тіршілігімен танысып қайту үшін Көктөбеге арнайы жол тарттық.


Жалпы, 626 тұрғыны бар ауылдағы ағайынның негізгі еңбек көзі егін мен мал шаруашылығы. Әсіресе, тары өсіруге машықтанған Көктөбе тұрғындары көктемгі дала жұмысына білек сыбана кірісіп, жерге дән себуді бастап кетті. Алайда, ауыл халқының бір тілегі бар, ол – сапалы жол болса дейді. Мұның шешілетін уақыты алыс емес. Мұны көктөбеліктерге аудан әкімі есептік кездесуінде айтқан еді. Дала жұмысына дем беріп, ырзық-несібесін жерден теріп жүрген ауыл халқына екі монша қызмет жасайды. Көпшілік жақсы білетін 100 теңгелік моншаға келушілерде есеп жоқ. Біз оны бір күндік сапарда байқадық.
– Күн сайын келушілердің саны артып келеді. Көбіне Ақкөл, Балтакөл, Қандөз бен Қаратөбе тұрғындары монша қызметін тұтынады. Қысы-жазы адам үзілмейді. Себебі, суға түсушілерге барлық жағдай жасалған. Енді арнайы демалатын бөлмелерді іске қоссақ деген ниетіміз бар, – деді кәсіп иесі.
Иә, таспен қаланған монша іші ескі көрінгенімен балаларға арналған бассейін бар, сондай-ақ, бірінші қабатта шай ішетін бөлме жасақталған. Ал, жоғары қабатта бильярд ойнайтын және арнайы демалатын бөлмелер іске қосылуда. 2016 жылы іргетасы қаланған моншаның ерекшелігі жылы су жер астынан шығып жатыр. Яғни, табиғи суға шомылып, балықтан жасалған дәмді тағамдардан дәм татамын дегендер болса Көктөбеге баруға болады.
– Осы ғимаратты салуға 22 млн. қаржы жұмсадым. Әрине, оңай болмады, сондықтан мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді алуға талпынып көрдім. Жеңілдетілген несие, грант жөнінде құжаттар дайындағанымен одан ешқандай нәтиже шықпады. Әлі де үмітім бар. Бірақ, тағы есік жағалаудан уақыт жоғалтып алғым келмейді. Сондықтан шама-шарқымша ғимаратқа жөндеу жұмысын жүргізіп жатырмын, – деді кейіпкеріміз.
Иә, оны уақыт еншісіне қалдырайық. Мұрат кәсіпкер моншадан бөлек кішігірім балық шаруасына дем беруде. Әрі, жайқалған бағы да бар. Алмадан бастап түрлі жеміс ағаштарын өсіруді қолға алыпты. Нағыз еңбек адамы уақыт санаспай енді мал шаруасын жандандыруға да кірісіпті. Біз тек берекелі болсын дейміз.
– Монша тұтынушы талғамына сай. Балаларға 50 теңге, жаздың күні бассейіні бар. Жалпы, біз ризамыз, бағасы да қолжетімді. Бір сөзбен айтқанда, нағыз ауылға керек монша. Сондықтан, ағамыздың кәсібі берекелі болсын дейміз, – деді көктөбелік жұрт.
Міне, көп әңгіме етіп жүрген Көктөбедегі Мұрат кәсіпкердің 100 теңгелек моншасының тіршілігі осындай. Әзірге ұлы мен келіні отбасылық кәсіпке қолғанат болуда. Егер шағын бизнестің шырайы кіріп, бұдан да сұранысы артса, онда қосымша жұмыс күшін алуға ниетті екенін кейіпкерімізден білдік.

Әлібек ТЕМІРБЕК.

---
06 сәуір 2019 ж. 1 580 0