№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Ешкі сүті – берекелі бизнес

Ешкі сүті – берекелі бизнес


Ешкі сүтінің адам денсаулығына пайдасы туралы жаңақорғандықтар жақсы біледі. Себебі ешкі ерекше күй талғамайды, әрі қойға қарағанда тез көбейеді. Ешкінің сүті де, еті де шипалы қасиетке ие. Сол себептен де, кейінгі кездері ешкі сүтіне деген сұраныс артты. Әсіресе, қыс ауасында ешкі сүтінің өтімі жақсы, соған орай бағасы да өсті. Литрі 500 теңгеден сатылуда. Аудан тұрғындары да бұл берекелі кәсіптің керегесін кеңейтуге тырысып бағуда. Осы атакәсіпті ісіне жаратып, бүгінгі күннің сұранысын ұтымды пайдаланып отырған Махаббат Ыдырысованың шағын шаруасымен танысқан болатынбыз.


Жалпы ешкі малы әлемдік на­рықта үлкен сұраныста. Мәселен, Швейцарияда өкпе ауруы, қан аз­дық, рахит, буын, тері ауруына шал­дық­қандарды емдеу үшін ешкінің сүті қажет. Ал, АҚШ-та жас нәрестелерге беру үшін арнайы дайындайды. Жер бетінде бір миллиардқа жуық ешкі бар болса, оның 180 миллионы Қытайда. Біздің еншіміз­де 155 мыңға жуықтайды екен. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз бұл бизнесті қосымша табыс көзі ретінде пайдаланады. Өйткені өзі жедел жәрдем бөлімінде қызмет етеді. Жұмысы мен кәсібін қатар алып жүрген Махаббат өз балаларына ешкі сүтін кішкентайынан беріп өсірген. Оны көрші-қолаң естіп, кейіннен пұлдау­ға көшеді. Әзірге шаруа адамының қорасындағы Сексек ата түлегінің саны бесеу. Барлығы да орыс ешкісі. Бүгінде асырап отырған 5 ешкі кәдімгідей кірістің көзіне айналған. Мәселен, дәл қазір төлдеп тұрған 5 ешкіден 10 литрге дейін сүт алады.
– Білген адамға ешкі сүтінің пайдасы зор. Мұндағы май түйіршіктері сиыр сүтіне қарағанда өте ұсақ болғандықтан ағзаға тез сіңеді, құрамында кальций да көп. Бұл, әсіресе, балаларға өте пайдалы. Сиыр сүтіне қарағанда сіңім­ді. Ал, бағасына келсек бала-шағама бұйыртқан осы несібені халыққа қол­жетімді бағада ұсынуға тырысамын. Литрін 500 теңгеден артық көтермеймін. Сүтінен бөлек айраны мен құртының дәмі бір бөлек. Маған алушылар алдын ала тапсырып беріп, жазылып қояды, – деді кәсіп иесі.
Ешкінің сүтін көбіне анасының уыз сүтіне тоймай қалған балаларға береді екен. Себебі ешкі сүті сиыр сүтіне қарағанда жеңіл әрі сіңімді. Сонымен бірге күрделі операциядан шыққаннан кейін оңалу үшін немесе өкпе ауруы­на шалдыққандарға пайдалы. Емге алушылар негізінен дәрігерлердің кең­есіне жүгінеді. Адам иммунитетін көтеруде, әсіресе көктем кезінде ешкі сүтінің денсаулыққа пайдасы көп. Осындай құнды мағлұмат берген Махаббат апай бұл жануарды бағуға да ерекше күтім керек екендігін айтады.
– Ешкі малын бағу оңай емес. Қой астынан сыз өтсе жата береді, ал ешкі сызға осал. Тұяғынан суық өтсе, ол жерге мүлде жоламайды. Жалпы, қорасы жылы, азығы мол болса, болғаны. Ал қора ылғал, шөп құнарсыз болса, сүтінің майлылығы азаяды. Сондықтан ешкіге ерекше күтім жасап, жем-шөбін уақытылы беріп отырамын, – деді ол.
Күнделікті өріске шығып, шөпті жерден жұлып жемей, қорада қамаулы тұрған малдың күтімі, әлбетте оңай емес. Сөзі мен ісі бір жерден шығатын еңбек адамының жұмысын біз де өз көзімізбен көрдік. Бәрінен бұрын тазалықты бірінші орынға қоятын кейіпкеріміздің ешкі сауудағы әрекетіне сүйсіндік. Ешкіні саумас бұрын, оның желінін жақсылап тазалап жуып, содан кейін ғана саууға кірісті. Алдына таққан алжапқышының өзі мұнтаздай аппақ. Арнайы салынған қора-жайы да тап-тұйнақтай. Лақтарын бөлек, сауын ешкілерін бөлек ұстайтын бұл кәсіпкер отбасының әрбір тірлігінің жинақы екендігі көзге көрініп тұр. Ешкі сүтінің емдік қасиеттері жетерлік, асқазан, ауруларында, анемияда, көздің нашар көруінде, диатезде, онкологиялық аурулар, суық тигенде пайдасы мол. Емшек жасындағы ба­лаларды коректендіру үшін аса қолайлы. Жалпы, педиатрлар ешкі сүтіне бірауыздан ықылас білдіру­­де. Балаларды жасанды немесе аралас азықтандыруда ешкі сүті ана сүтін алмастыру үшін лайықты. Әрі 6 айдан асқан балалар үшін қосымша қорек ретінде пайдалануға болады.
Сондай-ақ, ағарғанды сатып алу­шылардың арасында алғысын айтып жатқандарын да көрдік. Осыдан-ақ, табиғи таза өнімге халық тарапынан сұраныс шынымен жоғары екеніне кө­зіміз жетті. Содан болар, ешкі сүтінің пайдасын там-тұмдап болса да айты­лып та, жазылып та келеді. Қандай дерт болсын, ағзаны күшейтіп, қорғаныс қабілетін арттыруға таптырмас дәрумен.

Әсел ИБРАГИМОВА
---
02 тамыз 2023 ж. 456 0