"Әлемнің мәні - әйелде"
Азамат атаулы ананы ардақтаса, аруды аялай білсе, қарындасқа қамқор болса гендерлік теңдік, ой-сана еркіндігі, сайып келгенде, азаттық үғымы ақжаулықтының қадірін асқақтата түсер еді. Өкінішке орай біздің қоғам осындай деңгейге әлі келе алмауда.
Бүгінгі таңда әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісінде ер азаматтардан кем түсіп жүрген жоқ. Олар тек отбасында ғана емес, мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті еңбектенуде. Әйел құқығы адам құқықтарының ажырамас бөлігі болғанымен төмен етектіні төбеге шығармау ниеті былай тұрсын оларды кемсіту жағдайлары жиі кездесетінін жасырмаймыз. Қазақ әйелі осындай теперішті итжандылықпен жеңіп, бала-шағасы жетілгенде барып әрең теңелетін көріністер аз емес.
Сондай-ақ біздің қоғам көп жағдайда кінәні әйелдің мойнына артып қойғанды жөн санайды. Жараспаған отбасы екіге жарылса да, жарымжан сәби дүниеге келсе де әйел кінәлі. Әйелдің қырық жаны бар дегенде басынан не өтседе ешкімге сездірмей бар ауыртпалықты арқалап зорлыққа шыдап бағуға тырысатын болмысына қарап айтылса керек. Мұндай көнбістіктің ақыры неге әкеліп соғады? Былтырғы жылы Түркістан қаласында агрессор еркек әйелімен 5 баласын өлтіруге ниет етіп, 4 баласын аяусыздықпен жер құштырып, үлкен баласы мен әйелі қашып үлгерген екен. Сондай жайттың бірі Жосалы кентінде орын алды. Ажырасқан азамат әйеліне өшпенділікпен жұмыстан қайтып келе жатқан жолда тосып, үстіне бензин құйып өртеп жіберген. Соңында төрт жәудіркөз жетім қалды. Өз ауданымызда екі қызын зорлап келген өгей әке қылықтарын ешкім ұмыта қоймаған болар.
Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне сүйенсек, елімізде жылына 400 әйел тұрмыстық зорлықтан көз жұмады екен. Әлемді жайлаған коронавирустың кезінде мұндай жағдайлар тіптен көбейіп кетті. Осындай отбасында күйеуінен, әкеден қорлық көрген қыз-келіншектер зорлыққа ұшырағанда қайда жүгінуге болады? Олардың жанын арашалап қалар ұйым бар ма дегенде ойымызға оралатыны дағдарыс орталықтары. Елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе облысы, Алматы облысы, Атырау облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы, Маңғыстау облысы, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Түркістан облысы, Қызылорда облысында «Қамқорлық» дағдарыс орталығы тұрмыста жапа шеккен әйелдерге демеу болуда.
Осы аталған орталықтар қаншалықты әйел құқығын қорғай алуда? Жәрдем сұрап келгенді, 10-15 күн қарауында ұстап, көбіне соңынан іздеп келген қосағына алдап-сулап жетектетіп жіберуді жеңіс көретін ниетті байқаймыз. Бірақ мұның соңы жақсылыққа соқтырып жүргені аз. Өшігіп алған отағасы одан соң күшейе түскен жағдайларды жиі естіп жүрміз.
Қиындыққа тап болған жасөспірім үшін көмек сұрап, хабарласа алатын «150» және «111» сенім телефоны жұмыс істейді. Бұл нөмірге қыз-келіншектер де қиын жағдайға тап болғанда хабарласа алады. «150» сенім телефонының WhatsApp-та +7708 106 08 10 нөмірі де бар. Сонымен қатар зорлыққа ұшыраған адам «102» нөміріне хабарласып, Ішкі істер департаменті қызметкерлеріне болған жағдайды айтып, арыз қалдыра алады.
Қазақстанда: «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының» зорлық-зомбылыққа қарсы «НеМолчи.kz» қоғамдық қоры, сонымен қатар әр қалада әкімдік жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аймақтық комиссия да әйелдерге көмек бере алады. Осы ретте аудан әкімінің әйелдері ісі, отбасы және гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі Роза Исаевамен пікірлестік.
– Сананы тұрмыс билейді демекші көп жағдайда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар осы қадамға барады. Біз өз кезегінде оларға мешітпен және басқа да ұйымдармен бірлесе көмек қолын созамыз. Cондай-ақ жұмыссыз жүрген жастар да көмек сұрап келіп жатады оларға жұмыспен қамту орталығымен байланысып қызметке тұруына немесе өз кәсібін ашуына ықпал етеміз. Ең басты міндетіміз қоғамның тірегі – отбасын сақтап, неке бұзуға жол бермеу, – дейді ол.
Сонымен қатар әйелдер құқығының қорғалуына қызмет етіп жүргендер Жаңақорған АПб Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы. 2021 жылы ҚР Заңының талаптарына сәйкес отбасында яғни күйеуі әйеліне немесе баласы анасына қатысты құқық бұзушылыққа жол берген 134 азаматқа қорғау нұсқамасы шығарылып және де қорғау нұсқамасының талабын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 461-бабына сәйкес 13 адамға сот арқылы ерекше талап орнатылса, ҚР ӘҚБтК-нің 73-1 бабымен, 73-2 бабымен 59 адамға шара көрілсе 13 адамға сот арқылы ерекше талап орнатылды, барлығы 26 ерекше талаптар орнатылды. Бұл жұмыстар халыққа құқықтық көмек көрсете отырып, әйелдерге қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында атқарылған іс-шаралар мен азаматтардың конституциялық құқын және олардың бостандықтарын қорғау барысында мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе атқарылады.
Ал енді осы жылдың қаңтар айы бойынша 25 азаматқа қорғау нұсқамасы шығарылып және де қорғау нұсқамасының талабын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 461-бабына сәйкес 1 адамға сот арқылы ерекше талап орнатылса, ҚР ӘҚБтК-нің 73-1 бабымен, 73-2 бабымен 21 адамға шара көріліп, 1 адамға сот арқылы ерекше талап орнатылды, барлығы 2 ерекше талап орнатылған екен.
Жаңақорған АПб Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы, полиция подполковнигі Қайыржан Үсенов атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– ҚР ІІМ-нің 29.12.2015 жылғы №1097 бұйрығының талаптарын орындау мақсатында аудан көлемінде АПб-нің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобымен зорлық-зомбылық проблемалары жөніндегі ақпараттық-ағарту жұмыстары үнемі ұйымдастырылып келеді. Аудан орталығында жиналыс өткізіп, әйелдер және кәмелетке толмағандар арасында орын алып отырған өзін өзі өлтіру деректері бойынша, дәрістер оқылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.Тұрмыста құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды анықтап, жалпы тұрмыстық қатынастағы көпке созылған кикілжің жағдайлар әйелдерге қатысты құқыққа қарсы әрекеттің жасалуына негіз болатынын, отбасылық жанжалға қатысушыларға ықпал ету арқылы учаскелік полиция инпекторларымен, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлерімен алдын алу жұмыстары ұйымдастырылуда. Cондай-ақ моральдық күзеліске ұшыраған әйелдерді Қызылорда қаласындағы оңалту орталығына белгілі бір уақытқа жіберіледі, – дейді ол.
Иә, шаңырақты шайқалтпай, ешкімнің құқығы тапталмай, әрі қарай өркендей берсе құба-құп. Бірақ адами құндылықтан аттап өтіп, хайуани әрекетке баратындарға жазасын тарттырудан басқа жол жоқ. «Әйел – киелі халық. Оның киесі өзін қорлаған еркекті бір атпай кетпейді» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, әлсіз деп төмендетпей, қадірлеп, ұлт болашағы қызғалдақ қыздарымызды қызғыштай қору азаматтығымыз.
Рауза ӘЗІЛХАН