Агрофорум: егін саласына тың серпін
Елдегі микроқаржы ұйымдары нарығының көшбасшысына айналған «KMF» компаниясына биыл – 25 жыл. Осыған орай, KMF және «KMF-Демеу» корпоративтік қоры бірлесіп алғаш рет Жаңақорған агротехникалық колледжінде «Құрғақшылық кезінде бизнесті басқару» тақырыбында агрофорум ұйымдастырды. Елдегі әлеуметтік жағдайды ескеріп, шаруалардың басын біріктірген семинар диқандар үшін өте маңызды өрбіді. Өйткені, бүгінгідей су тапшылығы кезінде егісті әртараптандыру, суландыру жүйесін тиімді пайдалану, үнемдеуді үйлестіру үлкен мүмкіндіктер береді.
Иә, тіршілігін егін шаруасымен түйіндеп, нәпақасын Жер-Анадан теріп жүрген дала еңбеккерлері үшін су мәселесі бірінші орындағы түйткіл. Осыны ескеріп, егінші қауымның ертеңіне сара жол салуды салмақтаған «KMF» қаржы ұйымының бұл форумына аудандағы шаруалар түгел келуге тырысты.
Алдымен колледжге кіре берістегі фойеде KMF компаниясының ауылшаруашылық көрмесі топтасып, бақша өнімдері туралы түсіндірілді. Көрме семинар соңына дейін жалғасып, ауданның дала еңбеккерлері керекті мәліметтерін ала алды. Шараның ашылуында көрмеге өнімдерін ала келген «Alem agro» ЖШС, «ASELL LTD» ЖШС, «СТ АГРО» ЖШС, «ENZA ZADEN» ЖШС, «KWS» ЖШС компаниясы өздерін таныстырды. Алғашқы сөз аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаевқа берілді.
– Ең бірінші KMF компаниясының 25 жылдық мерейтойымен аудан әкімдігі мен тұрғындар атынан шын жүректен құттықтаймын. Осыдан 1 ай бұрын компания өкілдері бізге келіп, мән-жайды түсіндіргеннен кейін біз бірден қолдай кеттік. Өйткені, бүгінгі қозғалып отырған мәселе тек Жаңақорған ғана емес, Сыр өңірінің шаруалары үшін өте өзекті. Сондықтан осындай қысылтаяң кезде біздің ауданға келіп, үлкен семинар өткізіп жатқан сіздерге де алғыс айтамыз, – деп ізгі тілегін білдірді.
Содан соң сату және аймақтық желіні дамыту департаментінің директоры Арман Абылайхан сөз алып, форумның өтуіне қолдау білдірген аудан әкімдігіне алғыс білдірді. «Алғашқы жиынды Жаңақорғанда өткізуіміздің себебі көп, ең бастысы, аймақтағы егін саласына ең қолайлы аудан екенін ескеріп, бастама көтердік. Бәрінен бұрын бүгінгі басқосуда бизнес өкілдері, диқандар өздеріне қажетті мағлұматтар алады деген сенімдемін, – деп «KMF» МҚҰ-ның аймақтық директоры Әділбек Қайырбаев қысқа қайырды.
Ал, компанияның аудандағы бөлімше бастығы Әлия Алиева жалпы ұйымның тарихы туралы, әр жылдағы жетістігін саралады. 1997 жылы кепілсіз кредит беруден басталған мекеме жұмысы айналдырған 10 жыл ішінде елдің әр өңірінен 23 бөлімше ашып, ҚР экономика саласындағы үздік ұйым саналды. 2012 жылы 140 млрд теңге көлемінде несие берілсе, 2017 жылы KMF – Орталық Азияда және ТМД елдері арасында микроқаржы секторының көшбасшысы атанды. Қазір кредиттік портфелі 190 млрд-тан асып жығылады.
Жиынның модераторы, KMF-Демеу бизнес-тренері Біржан Серіков «Аграрлық нарық пен технологиядағы өзекті жағдай» тақырыбында алғашқы сессияны таныстырды. Әлем нарығы мен Қазақстандағы ахуалды салыстырып, саралады. Екінші сессияда, «Қант қызылшасын өсіру» тақырыбында PhD докторы, Альберт университетінің түлегі (Канада), KWS компаниясының аймақтық өкілі Бекзат Түрегелдиев талдау жасады. Қант қызылшасын өсірудегі тиімділік, пайдасы мен ел нарығындағы алар орны түсіндірілді. «Топырақты талдау» бойынша агросарапшы Самалбек Қосанов, «Қызылорда облысы жағдайында тамшылатып суарудың тиімділігі» турасында агросарапшы Серік Жантасов және «Фермерлер үшін маркетплейстің пайдасы мен артықшылығы» жөнінде KMF-Демеу агрокеңесшісі Жәнібек Қалиев баяндама жасады.
– Шыны керек, бүгінгі тақырып өте өзекті, өйткені, алдағы құрғақшылықта егістікті төмендетпей, керісінше көлемін кеңейтуді жолға қоюымыз керек. Бүгінгі форумда келешекке жүйелі жоспар жасадық. Жалпы KMF ұйымының қазіргідей ахуалдағы қолдауы өте үлкен. Өзім 12 жылдан бері осы компанияның тұрақты тұтынушысымын. Аз уақыт емес, еш өкпеміз жоқ, керек кезінде уақыт оздырмай қажетті қаржыны береді. Бұл шаруаларға көп көмек және үлкен қолдау, – деді қыркеңселік Әлеухан Шайхсламов.
Иә, бұл қаржы ұйымының артықшылығы аз емес. Комиссия алынбайды, кепілге бейілді талаптар қойылады, кепілді тегін бағалайды және бизнесті тиімді жүзеге асыру үшін бизнес-сауаттылық бойынша семинарлардан өту құқығы болады. Бүгінгі форум соның айғағы.
– 2018 жылдан бастап осы компанияның тұрақты тұтынушысымын. Бастапқыда 5 млн қаржымен бастадым, содан соң 18 млн, 20 млн-ға дейін қаржы алдым. Көбіне қаржы егістікке бағытталады, ең бастысы, қаржы керек кезде мекеме уақытылы қолдау көрсетеді. Бұл бастамасы, бұйырса, бұдан да бірлесе жұмыс жасауға дайынбыз. Бүгінгі форумнан маңызды мағлұмат ала алдым. Біздің ауылға қажетті қант қызылшасы мен тамшылатып суаруды ұтымды ұйымдастырып, келешекте осы жүйеге көшеміз. Алдағы уақытта да осындай семинарлар жиі өткізіліп тұрса, – дейді қожакенттік «Еркінқожа» шаруа қожалығының төрағасы Еркін Әбілхайыров.
25 жылдық мерейтойы қарсаңында KMF және «KMF-Демеу» корпоративтік қоры бірлесе өткізген «Құрғақшылық кезінде бизнесті басқару» тақырыбындағы агрофорумның мәні мен маңызы осындай.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ