» » Тәуелсіздік құрдасы: Бас агрономның биігі

Тәуелсіздік құрдасы: Бас агрономның биігі

Ауданда аграрлы сала соңғы жылдары серпін алып келеді. Төрт түліктен облыста озықпыз, егін шаруасынан да еңбегіміз шаш етектен болғанымыз, тұрмысымыз түзу. Әсіресе, Сыр беткейдегі ауылдар түйір дәннің қадірін біледі, негізінен Жер-Ананы еміп, нәпақасын теріп жүр. Егіске төселген шаруалардың басы-қасында жүріп, ауылшаруашылығы саласының жүгін көтеріп, отымен кіріп, күлімен шығып жүрген аудандағы жалғыз агроном Дәурен Абибуллаев көптің ықыласына бөленіп келеді. Ол жақында Елорда төрінде кеудесіне төсбелгі тағып, елдің құрметіне бөленді. Арнайы кітапқа еніп, есімі тарихқа таңба болып басылған жастың бірі.
– Ауылшаруашылығы саласының жүгін арқалағаныма 4 жылдан асты. Осы жыл­дар ішінде егін шаруасын ширатып жүрген дала еңбеккерлермен етене қызметте болып, мол өнім алуда жұмыла жұмыс атқардық. Жоғары оқу орнын бітіріп, одан кейін екі жыл магистратураны тәмамдаған соң, тәжірибемді толықтырып, ауданға арнайы қызмет бабымен келдім. Жұмыс жемісті, ең бастысы, дала диқандарының төккен тері өнімді болса болғаны. Біздің мақсат, меже мен міндет те осы бағыт. Шүкір, бүгінде үш ұл-қыз тәрбиелеп, ел қатарлы қызмет жолындамыз, – деді Дәурен Серікұлы.
Иә, тәуелсіздік құрдасының еңбегі еленіп, облыс төрінде бірнеше рет марапатталды. Бұл бүтіндей бөлім мен егінші қауымның қажырлы қызметінің арқасындағы биіктік. Ал, жас маманның әлі де алар асуы алда деп білеміз.
17 желтоқсан 2021 ж. 315 0