» Бірлігі мықты отбасы-бақытты болашақтың іргетасы

Бірлігі мықты отбасы-бақытты болашақтың іргетасы

Соңғы уақытта елімізде керегемізді кеңейтеміз, шаңырағымызды шаттыққа бөлейміз деп дүркіретіп той жасап, артынан құрған шаңырақтары шайқалып бір-бірін түсінбей ажырасып жататын жастар жиілеп барады.
Тіпті осы келеңсіздікке күнделікті құбылыс ретінде қарап мән бермей келеміз.
Бөгде елдің есіргендеріне еліктеп ата салтымыздан аттап, ажырасуды сәнге айналдырып алғандаймыз ба?
Сонда «адал неке», «адал жар» деген қасиетті ұғымның мән-мағынасы жоғалып бара жатқаны ма?
Көптеген адамдар үшін некені бұзу процесі моральдық жағынан да, бюрократиялық жағынан да жағымсыз болып табылады.
Отбасы-сыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай Отан. «Отан-отбасынан басталады» дегендей отанды сүю-отбасынан басталатыны рас!
Себебі, отбасы-бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.
Әрбір бала ата-анасына еліктеп өседі. Қазақтың «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейтіні содан.
Сол себепті де әр адам өз отбасын сыйлап, құрметтей білуі шарт, соны мәңгі есте сақтап, ұмытпаған жөн.
Жоғарыда айтылғандай сөзімізге арқау болып отырған мәселе бойынша Жаңақорған аудандық сотында талап қоюшы Ж., жауапкер Қ-дан некені бұзу жайлы азаматтық ісі қаралды.
Істі сотта барысында судья тараптарға медиация тәртібінде татуласуға болатыны жайлы, медиативтік процедураны өткізудің негіздері мен тәртібін және де дауды реттеу туралы келісімнің салдарын түсіндіріп берді.
Осы аталған медиация тетігін пайдалану арқылы талап қоюшы 2022 жылғы 6 сәуірдегі сотқа жолдаған өтінішінде жауапкермен қазіргі уақытта татуласып, отбасы болып өмір сүріп жатқанын, осы негізде талап қоюынан бас тартатынын көрсетті.
Ал жауапкер жанұясын сақтап қалуға міндеттенді. Аудандық соттың ұйғарымымен тараптар арасында жасалған медиациялық келісім бекітіліп, некені бұзу жайлы азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.
Осылайша тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау арқылы отбасын сақтап, балалары толыққанды отбасында тәрбиеленуге мүмкіндік алды.
Бұл өз кезегінде медиацияның отбасы дауларын шешудегі тиімді тетік екенін көрсетеді.
Адамның ашуы алдымен келіп, отбасын ойран-топыр етіп кетсе де, соңынан келген сау ақылдың бәрін жөндеп, сынғанды бүтіндеп, үзілгенді жалғап жіберетін қасиеті бар.
Жоғарыда сөз еткен жандардың сот отырысынан кейін де ақылға келіп, ұл-қызының болашағы үшін ошағын қайта жаққаны – нағыз адамшылық.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі
---
14 сәуір 2022 ж. 240 0