» Күн сайын саған, Отаным, жақсылық тілеп жатамын!

Күн сайын саған, Отаным, жақсылық тілеп жатамын!


«Мейіріммен жаратқан адамзатты.
Сен де сүй, ол Алланы, жаннан тәтті» деп Абай атамыз айтып кеткендей, жарық дүниенің дидарын көрген әр­бір жаратылыс иесі ең алдымен өзін жаратқан Құдыретке қарыздар. Содан соң өзіне жарық ғұмыр сыйлаған ата мен анаға алғыс айтса керек.


Бүкіл жаратылыстардың ішінде ақыл мен сананың иесі болған адам­заттың келешек тағдыры өзіне, өзінің іс-әрекетіне тікелей байланысты. Сон­дықтан шыр етіп дүниеге келген сәби шақтан кісінің кемелдену кезеңіне дейінгі барлық кезеңі қоғаммен біте қайнасып жатады.
Адал перзент туған жер тағдырынан тыс тұра алмайды. Жатса да, тұрса да соның қамын жеп, қуанышына ортақтасып, қиындығын жүрегінен өт­кізеді. Мына өмір осындай жандармен мағыналы.
Адам Ата мен Хауа Анадан тараған адамзат бір аспанның астында тату тірлік кешіп, өсіп-өнуі үшін өздері тұрақты мекеніміз деп санайтын жер бетінің уақытша тұрғындары екенін сезіне білмеуі сәт сайын, сандаған қасіретке соқтырып келеді. Пенденің кемшілігіміз, міне, осында.
Елдегі тыныштықтың, тұрақты­лық­тың қадірін өзімізден гөрі жете бағалай білетін өзге ұлт өкілдері Жаңақорғанды бүгінде өз атамекені санайды, айтар алғысы да шексіз. Солардың бірі түрік азаматы Афраил Юсупов.
Әкесі Шамил Юсупов Грузияның Адиген ауданы, Царбастубан елді мекенінде дүниеге келген. Калхоз бастығы болған кісі. Кейін әскерге аттанып, жарадар болып, елге қайта­рылған.
1943 жылдары Кавказ жерінен көшірілген халықпен бірге бұлардың отбасы Қазақстанға, оның ішінде Жаңақорған станциясына келіп тұрақ­тады. Содан бері Шамил ағаның ұрпақ­тары Қаратаудың етегінде жатқан қалың елдің қатарында қазақ деген халықтың намысын жыртып, қолдан келгенше қоғамға бір пайдалы азамат болуды міндет тұтып келеді.
Бұлай деуіміздің мәнісіне тоқта­лай­ық. Түрік бауырымыз Юсупұлы Шамилдің тау-тас асып, бөтен елге қоныс тепкен тауқыметті тағдыры өз алдына бір хикая, кейін зейнетке шыққан соң таза ислам жолына түсіп, құран аяттарымен елді емдеген кереметтігінің шет жағасына өзіміз де куәміз. Талай медицинадан ем қонбаған науқастар сауығып, сәби көтере алмай жүрген қамкөңіл жандардың бөпелі болғаны әлі есте. Бүгінгі әңгіме осы кісінің бір ұлы – Афраил Юсупов туралы. Ол ксі 1941 жылы туылған. Жаңақорғандағы №169 орта мектебін тәмәмдады. Одан әрі Қызылорда құрылыс техникумында оқып, орталық аурухана құрылысында сылақшы болып жұмысын бастады.
Бойындағы суретшілік қабілетін ұш­тай түсу мақсатында Мәскеу көркем­су­рет университетіне оқуға түседі. Облыс­тық суретшілер Одағы басқармасында Шакен Шаметовтың қарамағында жұмыс істеп, әрі қарай аудан орталығындағы №169, №51 орта мектептерінде отыз жылдай ұстаздық етті. Бұл жылдар бедерінде мұғалімдік міндет өз алдына, Афраил аудандағы маңдайалды көр­кемдеуші маман ретінде аудандық партия комитетінің саяси-идеологиялық тапсырмаларын тақырыптық жағынан безендіруді басыбүтін жауапкершілігіне алды. Алаңда өтетін салтанатты шерулер, мерекелік жиындар, ауыл клубындағы іс-шаралар, бәрі-бәріне Афраилдың шебер қылқаламы қасиет дарытып, жан бітіргендей, құлпыртып жіберетін.
Шын талант шыңырауда жатып та мойындатады. Жетпіс төртінші жылдары Түгіскен массивін көруге келген Дін­мұхамед Қонаевтың ХХІІІ партсезд клубын көркемдеп, безендіріп тастаған Афраилдың қол өнеріне көңілі сүйсініп, арнайылап жанына шақыртып жақсы лебізін арнағаны ешуақытта есінен кетпейді. Партияның жауынгері ретінде күн-түнмен санаспай ауыл клубында тер төккен суретшінің төбесі көкке жеткендей болған.
Әркім өз заманының жоқшысы, жақ­сысын асырамын, жаманын жасырамын деп әлек болып жүргені. Афраил да кезекті тапсырманы алып, аз уақытта ауыл клубын көркемдеп бітемін деп ақ тер, көк тер боп жүргенде мына жақта аңқау әкесінің ойында ешнәрсе жоқ, өзі қартайған шағында жеңіл жұмысты қолайттап темір жол бекеті жағына қарауыл боп жүрген кезі, екі вагоннан ғана тұратын жолаушы пойызы келіп тоқтап, ішінен түскен еңсегей бойлы тұлғалы кісінің өзіне назар аударып, сәлемін алған соң: Иә, халдерің қалай, деген сұрағына «Білмеймін екі-үш күннен бері Қонаев келеді екен деп бәрін аударып-төңкеріп, түзеп-күзеп алашапқын болып жатырмыз, айналайын» дегені ел аузында қалды. Сөйлесіп тұрған адамы – сол Қонаевтың өзі екенін қайдан білсін?
Афраил бүгінде әке жолын қуып, дін адамы бола қойған жоқ. Бірақ о баста нағыз коммуниске тән жүрегі таза, антқа берік, ұстанымына адал.
Өнер адамы тек тапсырмамен ғана жұмыс жасамайды. Ол әркез өз жүрегінің үніне құлақ тосады, әміріне бағынады. Біздің кейіпкеріміз мұндай азапты, бірақ ләззатты күйді талай бастан кешті. Тіпті, онсыз өмір сүру мүмкін еместей.
Талантты суретшінің жұмыс бөл­месінің қабырғаларын тұтастай алып жатқан небір ғажайып туындылар көп жылдар көз майын тауысып еңбектенген бейнетінің шынайы жемісі деуге болады. Ең алғашқы төлтумасы «Три богатыря» картинасының жиегіне «1962 жыл» деп белгі соғылыпты. Одан басқа түрлі тақырыптағы эскиздерге, натюрморт, портреттерге көз сала отырып, тұмса таланттың тереңіне сүңгей түскендей боласыз. Афраил Юсупов бейнелеу өнері, сызу пәнінен сабақ берді. Талабы қатал, табиғаты бөлек, еңбекқорлықты айнымас серігі санайтын, приципшіл мұғалімнің шәкірттері де шыбықтайынан шыңдалып, шынайы жетістіктерімен қуантты. Ұстаздың нағыз мерейленер жеңісі осы.
Бүгінде Афраил Юсуповтың жасы жетпістің жетеуінде. Қартпын деп қарап отырған жоқ. Кеудесі алтын сандықтай. Сыркүмбез көкіректен нұр саулап, сезім құйылғанда еріксіз қолына қаламын ұстайды. Ол кейде сағыныш боп сонау балалық шаққа саяхат жасатады. Аяулы анасы боп аймалайды. Күні кешелері аяқтаған «Крымская турчанка» деп аталатын картинасында ақ сүт берген анасы ма, бірге туған қарындасы ма, әйтеуір тым-тым жақын жанға деген телегей-теңіз құштар көңілдің желкені жарым көңілін жылытып тұрғандай. Қиял қанаты шеңберді үзіп шыққанымен шындықтан аса алмайды. Жапа шеккенде жанына сая болған Жаңақорғанына қазық байлап, қайта қауыштырады. Еріксіз қаламына жүгінеді. Міне, біздің көлді бейнелеген пейзаж дүниеге келді. Кәдімгі Жаңақорған көлінің жағасы. Ол – менің мекенім, сенің мекенің. Ол – бүгінде Афраил ағаның да аяулы атамекені. Бізді байланыстырып тұрған құдіретті күш. Туған жерге деген шынайы махаббат. Ал, оны өнер тілімен айшықтауда Афраил аға әлі титімдей де жалығып көрген жоқ.

Жақында Афраил аға Измирде тұратын жиындеріне қонақта болды. Сол сапарында Абай атаның, Жамбыл атаның ескерткішіне тәу етіп, Назарбаев көшесімен алшаңдап жүріп қайтты. Қазақстанның қадірін бұрынғыдан да терең бағалап, ұлылығын көңілге түйіп қайтты.

Жақсы көрем, бәріңді!

Өнер адамдарының жан әле­мінің ғажайыптығы сонда, өлшеулі өмірдегі өнегесінен бөлек, өздерінің соңына адамзатқа мәңгі мұра – сөнбейтін махаббат отының алауын әр көкірекке тастап кете алатындығында. Кеше ғана өмірден өткен өз өңіріміздің перзенті, майталман мәдениет қайраткері, бірнеше жауһар жыр жинағы және сырлы саздардың авторы Аманбай Өтебаевтың мына өлең жолдары осы сөзіміздің дәлелі:

Айналайын, халқым, ойнап күлгізген
Шапан жауып ат пен түйе мінгізген.
Елу, алпыс,жетпісімде ардақтап ,
Ортасында алшаң басып жүргізген.
Бақытты күн баспалдағын басқанмын,
Әнмен тербеп Қаратау,
Сыр аспанын.
Бұрынғы өткен сал-серілер жолымен,
Той думанда жырдан шашу шашқанмын.
Жарық дүние күндеріңді көпсінбе,
Мәңгілік жоқ,
білем қалмас ешкім де.
Сағындырып келген
ұл мен немере,
Қуанышын көрсем деймін өскенде.
Бұлқын жүрек, тула жүрек шаршама,
Бітпей жатқан тірліктерім қаншама.
Елің керек, елге сенде керексін,
Парасатты ақыл барда ой-сана.
Ризамын атқан әр бір таңдарға,
Шықпадым деп өкінбеймін заңғарға.
Шынайылық тазалықты
пір тұтқан,
Мың сан алғыс, мені аңсаған жандарға.
Алғысымен жадыратқан жанымды,
Қадірлеген жырларым мен әнімді .
Жаны жайсаң пәк жүректі адамдар,
Жақсы көрем, жақсы көрем бәріңді!

Баян ҮСЕЙІНОВА
---
01 наурыз 2022 ж. 142 0