» » МЕЙІРГЕР МАМАНДЫҒЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

МЕЙІРГЕР МАМАНДЫҒЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ



Медициналық қызмет көрсетуде жауапты міндетті арқалаған арнайы мамандық иелері, ол – мейіргерлер. Сондықтан мейіргер қызметін дамыту аса маңызды. Біздің ауданда орта буын медицина қызметкерлерінің білім- біліктілігіне жауапты білікті маман Тұрғаш Данеевамен сұхбатымыз осы бағытта өрбіді
Ауданда 903 мейіргер бар болса, ауруханада 245, мектептерде 68 маман қызмет етеді. Сондай-ақ 51 акушер, 41 фельдшер, 5 фармацевт бар. Аудандық емханада 200 медбике, елді-мекендерде 295 медбике еңбек етіп келеді. Осындай ауқымды істің басында ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен танылып келе жатқан, ауданның бас мейірбикесі
– Тұрғаш Амангелдіқызының іскерлігін айрықша атап өткеніміз жөн. Мейіргерлердің кәсіби білім-біліктілігін арттырып, халыққа қызмет етудің тың әдіс-тәсілдерін жетілдіруге күш салып келе жатқан тәжірибелі тәлімгердің әрбір сәті сындарлы
десек артық айтпаған болар едік. Аудандағы медицина нысандарына заманауи жаңа технологиялар келгелі мамандарға қойылатын талап та артты. Құрылғыларды ережеге сай ұқыпты ұстаумен қатар, халықаралық стандарттарды меңгеріп, ем-шараларды дұрыс жасау міндеттелді. Сондықтан маусым сайын жүйелі түрде білім курстарынан өтіп, белгілі мерзімде сынақ тапсырып, білікті мамандардан тәжірибе алмасу – бүгінгі күннің басты талаптарына айналды. Медбикелердің жұмысқа деген ынтасын оятып, кәсіби өрлеуіне жол көрсетіп отырған
Тұрғаш Данеева ұжым арасында жыл сайын «Үздік медбике» байқауын өткізіп, озықтарды облысқа жіберіп, үздіктерді халыққа танытып келеді. Өткен жылы облыс көлемінде өткен байқауда екі жүзден астам үміткердің ішінде оқ бойы озып келген акушер Жанна Рееваның бас жүлде алуы біздің ауданның абыройын асқақтатқаны рас. Сондай-ақ «Үздік мейіргер» атанған Жазира Ақпейілова, Әйгерім Тұрлыбекова,
Маржан Дәрібаева, Жұлдыз Есенбаева, «Үздік фельдшер» Нұрлан Байсалов, Ернар Жарылқасын, Самат Бодықов, Ердәулет Мутанның есімі елге танылды.
Мейіргерлерге күнделікті қыруар тіршілігінде дәрігер қабылдауына келген науқастың анализін анықтау, қойылған диагноз, тағайындалған ем-шараның анықтамасын ортақ базаға тіркеу міндеттеледі. Оған қоса тұрғындарды уақытылы скринингтік тексерулерден өткізу де орта медицина қызметкерлерінің негізгі жұмысына айналды. Кейде қағазбастылықпен табаннан тозуға тура келетін мамандардың әр ісін қадағалап, бақылап отыру да оңайға соқпайтыны анық.
Ауданымызда цифрлық медицинаны жүзеге асыруда Тұрғаш Амангелдіқызы ауданның бас мейірбикесі ретінде әрбір маманның қателікке жол бермеуіне, тиянақты жұмысына бақылау жасайды. Оның әріптестерімен бірге қауіпті індетпен күрестің алғы шебінде жүріп, ауруханадағы карантинге алынған аумақта оң нәтижеге қол жеткізуде мейірбикелердің көшбасшысы ретінде күні-түні еңбек еткен күрескерлігін де ескергеніміз жөн.
Тұрғаш Аманкелдіқызы мейірбикелік 33 жыл еңбек өтілінде бала кездегі арманына қылау жұқтырмағанын ерекше ықыласпен тарқатты: «Мектеп қабырғасында оқып жүргенде медицина саласын таңдауды алдыма мақсат етіп қойғанмын. Сол мақсатыма жету жолында медицина училищесіне оқуға түсіп, кәсіби білім алдым. Мен өзім көпшілікпен жұмыс істегенді қатты ұнатамын, сосын қандай да бір жетістікке жету үшін барымды салып еңбектеніп жақсы нәтиже шығаруға тырысамын, бәлкім бұл менің отбасымнан алған тәлім-тәрбием болар. Кез келген тапсырманы тиянақты әрі сапалы, мерзімінде орындау менің басты ұстанымым» дейді сұхбаттасымыз.
Тұрғаш Данеева 1992 жылы Жаңақорған ауданы орталық ауруханасының хирургия бөлімінде мейірбике, одан әрі терапия бөлімінде мейірбике болған. Өзінің қызметтік міндетін үлкен жауапкершілікпен орындайтын маман ұжым арасында ұйымдастырушылық, талапшылдық қасиеттерімен ерекшеленеді. Ол 2006 жылдан бастап аурухананың бас мейірбикесі болып қызмет атқарып келеді.
«Қазіргі уақытта ауданда ем-шара жолындағы барлық медицина қызметкерлерінің сақтық шараларына жете мән беруі, олардың арнайы киімдермен және басқа да жабдықтармен уақытылы жабдықталуы, тамақтануы, басқа да ұйымдастыру мәселелері маған жүктелген, сондықтан тәулік бойы уақытпен санаспай жұмыс істеуіме тура келеді. Ол үшін өкінбеймін, өйткені біз ұлт саулығы жолында аянбай
еңбек етуге міндеттіміз, бұл біздің борышымыз», – дейді Тұрғаш Аманкелдіқызы.
Ауданның орта медицина қызметкерлерін ортақ іске жұмылдырып, қауіпті дертпен күресте алғы шепте жүрген жерлесіміз Тұрғаш Амангелдіқызы Президенттің қолы қойылған «Халық алғысы» медалімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ауданның бас мейірбикесі Тұрғаш Амангелдіқызының жұмысына деген жауапкершілігі, тәжірибесі мен іскерлігі бір ғана мақалаға арқау болмайтыны анық. Тұлғасында қазақ қызына тән қайсарлық пен мамандығына деген махаббат ұштасқан арудың еңбегіне сәттілік тіледік.

                                                                                                                                               Мақпал ПАТЕНОВА
28 сәуір 2026 ж. 45 0