КӨШЕ ЖОЛДАРЫ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

Біз бұған дейін де аудандық маңызы бар жолдардың толықтай жөнделгенін жазған болатынбыз. Тас төселген автомобиль жолдары асфальтталып, ауылдарға қатынау жеңілдеген еді. Қай елді мекенге барсаңыз да, күретамыр жолдары күрделі жөндеуден өткенін көруге болады. Енді ауыл және кент ішіндегі күрделі жөндеуді қажет ететін көшелер мәселесі күн тәртібіне қойылып, шешілу жолдары реттелуде. Әлі де түйіткілді мәселесі шешімін таппаған көшелер аз емес, сондықтан жол жайын тағы бір таразылап қойғанды жөн көрдік.
Қазір инфрақұрылым мәселелері ең өзекті тақырыпқа айналды. Су, газ, жарық және жол жайы бірінші кезекте шешілуі тиіс. Соның ішінде жолдың ахуалы ауыз толтырып айтарлықтай реттелуде. Ауылдарды бір-бірімен байланыстырып, қайнаған тынымсыз тіршілікке нәр беріп тұрған күрежолдың қадірін, оның бейнетін өзі жүріп көрген жүргіншіден артық ешкім біле бермейді. Соңғы жылдары Сыр өңірінде бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Жаңақорғанда да жолдардың ахуалы үнемі бақылауда. Өткен аптада аудан әкімі Мажит Самитұлы мердігер мекеменің өкілдеріне жол құрылысы сапасына ерекше мән беруді және барлық жұмыстарды белгіленген кестеге сәйкес уақытылы аяқтауды қатаң міндеттеді. Салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары Қайрат Сапарбаев пен кент әкімі Жасұлан Бейсенбековке атқарылып жатқан жұмыстарды күнделікті бақылауда ұстап, мерзімінде аяқтауды тапсырды. Жалпы, Жаңақорған ауданы аумағында автомобиль жолдарының ұзындығы 430,4 шақырымды құрайды. Оның 96,5 шақырымы республикалық маңыздағы, 157,9 шақырымы облыстық маңыздағы, 176 шақырымы аудандық маңыздағы автомобиль жолдары санатында. Сонымен қатар, 2 кент және 24 ауылдық округтің 526 көшесі 636,5 шақырымды құрайды. Уақыт оздырмай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бас сұқтық.
– Аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының 2025 жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 98 пайызды құраса, елді мекен көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 66,5 пайызды құрайды. Ауданда автомобиль жолдарын жаңарту бағытындағы ірі жобалар 2025 жылы жүзеге асты. Ауылдар мен кентішілік қозғалысты жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды нысан пайдалануға берілді. Басталғанына 40 жылға жуық уақыт өтсе де, аяқсыз қалған Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпірді күрделі жөндеу үшін 2024 жылы жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрайтын жоба әзірленіп, 2024-2025 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көпір 2025 жылдың шілде айында пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта нысан Сырдария өзенінің батыс бөлігіндегі 15 елді мекендегі 22 мың тұрғынның «Самара-Шымкент» автомобиль жолына тікелей қатынауына жол ашты. Сонымен қатар, аудандық маңыздағы жолдар жөндеуден өтті.
Аудан халқының қозғалыс қауіпсіздігі мен жолаушылардың жүріп-тұру қолайлылығын арттыру мақсатында аудандық маңыздағы «Самара-
Шымкент-Екпінді», «Әбдіғаппар-Төлегетай-Хорасан ата» бағытындағы жолдар орташа жөндеуден өткізілді. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары толық аяқталып, нысандар пайдалануға берілді. 2025 жылы елді мекендердегі 62 шақырымды құрайтын 40 көшені жөндеуге бағытталған 34 жоба іске асырылды, – деді бөлім басшысы Нұржан Сүлейменов.
Оның айтуынша биыл Жаңақорғанда жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және елді мекендердің ішкі жолдарының сапасын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар жоспарланған. Басымдық ауылішілік жолдарға беріледі. Мәселен, кенттегі Алдамжар және өзге де көшелер орташа жөндеуден өтуде. Бұл барлық елді мекендердегі жылдағы тіршілік. Біз жауапты мекемеге күрделі жөндеу бойынша сауал жолдаған болатынбыз.
– 2026 жылы 12 жобаны (15 көше, 28,7 шақырым) қаржыландыру мақсатында 2 095,6 млн теңгеге бюджеттік сұранымдар ұсынылды. Қазіргі уақытта 4 жоба қаржыландырылды. Біріншісі, Жаңақорған кентіндегі А.Мұхамеджанұлы көшесі бойындағы жолды күрделі жөндеу. Екіншісі, А.Иманов көшесі бойындағы жолды күрделі жөндеу, үшінші, Өзгент ауылдық округі, Ақсуат ауылындағы А.Байтұрсынов және Ж.Аймауытов көшелерін және Қыраш ауылындағы Қаратау көшесі бойындағы жолды күрделі жөндеу бар. Жұмыстар уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылатын болады, – дейді мекеме басшысы.
Әзірге көше мәселесіндегі күрделі жөндеулерді тізбектедік. Орташа жөндеуге жіберіліп, құрылысы аяқталып, ел игілігін көріп жатқан көшелер аз емес. Газ желісі кірген ауылдарда енді жол мәселесіне толықтай басымдық береді. Газ бен су трубалары жүргізілген
көшелерге енді толықтай асфальт төселе беруге болады. Бұл да уақыт күттірмейтін шаруа. Ең бастысы сапасына мән
берілсе болғаны.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ




