ПАРАҚТАРДАН ТӨГІЛГЕН ПАРАСАТ

Қыраш ауылындағы No180 орта мектебінде өткен рухани кеш – ауыл өміріндегі елеулі мәдени оқиғалардың біріне айналды. Қаламгерлер қатысуымен ұйымдастырылған шырайлы шара жас ұрпақтың жан дүниесіне сәуле түсіріп, олардың поэзияға, сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат етті. Ұлттық құндылықтар дәріптелген, рухани кеш көп көңілінен шықты.
Кеш шымылдығы әсем әуенмен ашылып, сахна төріне көтерілген жас талант жүректен туған жыр шумақтарын нақышына келтіре оқыды. Өлеңнің әр қатарынан балғын сезім, шынайы толғаныс, өмірге деген құштарлық анық аңғарылды. Жас ақындардың сөз саптауы, дауыс ырғағы көрермендерді бейжай қалдырмай, ерекше әсерге бөледі. Бұл – ұстаздардың ерен еңбегі мен оқушылардың өнерге деген ықыласының айқын көрінісі еді.
Кештің қадірлі қонақтары – аудан жұртшылығына кеңінен танымал қаламгерлер Файзулла Сахиев, Айман Күмісбекқызы және Жанат Бегентаева сахна төрінен орын алып, өздерінің шығармашылық жолдары туралы әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Поэзияның адам жанына әсері, сөз құдіретінің тереңдігі, ақындық жолдың жауапкершілігі жайында тағылымы мол ойларын ортаға салды. Әсіресе, жас буынға арнаған ақыл-кеңестері мен жүрекжарды тілектері көптің көңілінен шықты.
Файзулла Сахиев:
– Ақын болу – жай ғана ұйқас құрап, өлең жазу емес. Ол – халықтың жүрегіндегі шерді сезіну, мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білу, елдің жанайқайын өз үніңе айналдыру. Нағыз ақынның қаламы – қоғамның айнасы, ал жыры – халықтың жан сыры. Өлең – жүректің үні. Жүрек қаншалықты таза болса, жыр да соншалықты мөлдір туады», – деген ойымен ол жастарды шынайылық пен адалдыққа үндеді.
Ал Айман Күмісбекқызы поэзияның тәрбиелік мәніне тоқталып:
– Әдебиет – ұлттың жаны, халықтың жүрек дүрсілі. Ол – өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа жол сілтейтін рухани шамшырақ. Әдебиеті бай елдің рухы да биік, ал жаны жұтаң халықтың ертеңі де бұлыңғыр болмақ. Өлең оқып өскен бала – сезімі сергек, ойы терең, жүрегі нәзік болып қалыптасады. Ол айналасындағы әлемді тек көзбен емес, жүрекпен көре бастайды. Себебі жыр – адамды ізгілікке, мейірімге, адалдыққа бастайтын рухани тәрбие мектебі. Өлеңмен сусындаған жан ешқашан рухани жұтаң болмайды, керісінше, ішкі дүниесі байып, өмірге деген көзқарасы тереңдей түседі. Ал кітаппен дос болған ұрпақ – елдің ең асыл байлығы. Кітап – үнсіз ұстаз, сырлас дос, бағыт берер шамшырақ. Оның әр беті – тәжірибе, әр жолы – тағылым. Кітап оқыған ұрпақ ойлай біледі, саралай біледі, ең бастысы – адам болып қалыптасады. Сондықтан әдебиетке жақын, кітапқа құштар ұрпақ – елдің ертеңі ғана емес, ұлттың үміті. Рухани бай, саналы, парасатты жастар барда халықтың болашағы да нұрлы болары сөзсіз, – деген мазмұнды пікірін білдірді.
Жанат Бегентаева болса журналистика мен ақындықтың өзара үндестігін айта келе: – Қалам – киелі құрал. Оны ұстаған әр адам шындықты ту етуі тиіс. Жастардың жүрегінде әділдік пен адамгершілік болса, қоғам да түзеледі, – деп, жастарға үлкен сенім артты.
Кездесу барысында оқушылар қонақтарға көкейлерінде жүрген сан түрлі сауалдарын еш қысылмастан, іркілмей қойып, ашық та еркін пікір алмасты. Бұл – жай ғана сұрақ-жауап түріндегі қарапайым диалог емес, жүректерді жақындатқан, ой мен сезімді тоғыстырған ерекше рухани кешке айналды. Өнер мен әдебиетке жақын жандардың басын қосқан бұл басқосу үлкен мен кішінің арасын жалғап, рухани сабақтастықтың алтын көпіріндей әсер қалдырды. Жастардың әрбір сауалынан олардың тек білімге құштарлығы ғана емес, өмірді тануға, өзіндік көзқарас қалыптастыруға деген талпынысы анық сезілді. Сөз арасында айтылған әр пікір, қойылған әр сұрақ – олардың ішкі ізденісінің, ой тереңдігінің белгісіндей болды. Бұл кеш оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың өмірге деген көзқарасының қалыптасып келе жатқанын айқын аңғартты.
Ал зиялы қауым өкілдерінің байыпты ойлары мен парасатты пайымдары кештің мазмұнын одан әрі тереңдете түсті. Олар өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, өнер мен әдебиеттің мән-маңызын жүрекке жетерлік етіп жеткізді. Әрбір айтылған ақыл-кеңес – тек жауап қана емес, жас буынның санасында ұзақ сақталатын тағылымды тұжырымға айналды. Өрендердің сан қилы сауалдарына берілген мазмұнды жауаптар олардың көкейіндегі көп түйткілдің шешілуіне жол ашқандай болды. Бұл кездесуде айтылған әрбір сөз, өрілген әрбір ой – жас жүректерге үміт ұялатып, алға ұмтылуға жігер берген рухани азық болды.
Осындай ашық әңгіме барысында оқушылар ақындық шабыттың қайнар көзі, шығармашылықтағы ізденіс, табандылық пен еңбек туралы көптеген мағлұмат алды. Қонақтар өз өмір жолдарынан мысалдар келтіріп, жетістікке жету үшін ең алдымен адалдық, еңбекқорлық және рухани байлық қажет екенін ерекше атап өтті. Бұл жүздесу жастар мен зиялы қауым арасындағы көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды рухани көпірдің нығая түскенін айқын көрсетті. Осындай кездесулер арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, ұлттық құндылықтардың терең тамыры үзілмей, қайта жаңғыра түсетіні анық.
Ашық диалог алаңы ретінде өрбіген бұл кездесу тек бір кештің әсерімен шектеліп қалмай, жас буынның болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға, олардың өмірлік бағыт-бағдарын айқындауға үлкен ықпал етті. Әрбір айтылған ой, әрбір берілген жауап оқушылардың жүрегінде сақталып, олардың алдағы қадамдарына бағдар болары сөзсіз.
Кештің көркемдік мазмұны әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Сахна төрінде шырқалған әсем әндер мен жүрек тебірентерлік жырлар көрермендердің жан дүниесін тербеп, ерекше әсерге бөледі. Әрбір орындалған шығарма көрерменге терең ой салып, рухани ләззат сыйлады. Ән мен жырдың үйлесімі кештің мазмұнын байытып, оны нағыз өнердің ұлық мерекесіне айналдырды.
Әсіресе, сахнада орындалған патриоттық әндер мен сыршыл өлеңдер тыңдарманның жүрегіне жол тауып, елге, жерге деген сүйіспеншілікті одан әрі арттыра түсті. Көрермендер әрбір өнер көрсеткен оқушыны зор ықыласпен қабылдап, қошеметке бөледі. Бұл – жас таланттарға деген қолдаудың, өнерге деген құрметтің айқын көрінісі еді.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты, ана тілі мен әдебиетіне деген құрметті, мәдениетке деген сүйіспеншілікті сіңіру – аса маңызды міндеттердің бірі. Осындай игі шаралар арқылы жастардың рухани дүниесі байып, олардың бойында адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттер қалыптасады.
Әсел РЗАЕВА




