№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Афраил Юсупов аудандағы маңдайалды көркемдеуші

Афраил Юсупов аудандағы маңдайалды көркемдеуші

Адал перзент туған жер тағдырынан тыс тұра алмайды. Жатса да, тұрса да соның қамын жеп, қуанышына ортақтасып, қиындығын жүрегінен өткізеді. Бүкіл ғұмыры Жаңақорғанда өтіп келе жатқан кент тұрғыны
А­фраил Юсуповты осындай азаматтардың шоғырына қосуға болады.
Әкесі Шамил Юсупов Грузияның Адиген ауданы, Царбастубан елді мекенінде дүниеге келген. Калхоз бастығы болған кісі. Кейін әскерге аттанып, жарадар болып, елге қайтарылған.
1943 жылдары Кавказ жерінен көшірілген халықпен бірге бұлардың отбасы Қазақстанға, оның ішінде Жаңақорған станциясына келіп тұрақтады. Содан бері Шамил ағаның ұрпақтары Қаратаудың етегінде жатқан қалың елдің қатарында қазақ деген халықтың намысын жыртып, қолдан келгенше қоғамға бір пайдалы азамат болуды міндет тұтып келеді.
Бұлай деуіміздің мәнісіне тоқталайық. Түрік бауырымыз Юсупұлы Шамилдің тау-тас асып, бөтен елге қоныс тепкен тауқыметті тағдыры өз алдына бір хикая, кейін зейнетке шыққан соң таза ислам жолына түсіп, құран аяттарымен елді емдеген кереметтігінің шет жағасына өзіміз де куәміз. Талай медицинадан ем қонбаған науқастар сауығып, сәби көтере алмай жүрген қамкөңіл жандардың бөпелі болғаны әлі есте. Бүгінгі әңгіме осы кісінің бір ұлы – Афраил Юсупов туралы. Ол ксі 1941 жылы туылған. Жаңақорғандағы №169 орта мектебін тәмәмдады. Одан әрі Қызылорда құрылыс техникумында оқып, орталық аурухана құрылысында сылақшы болып жұмысын бастады.
Бойындағы суретшілік қабілетін ұштай түсу мақсатында Мәскеу көркемсурет университетіне оқуға түседі. Облыстық суретшілер Одағы басқармасында Шакен Шаметовтың қарамағында жұмыс істеп, әрі қарай аудан орталығындағы №169, №51 орта мектептерінде отыз жылдай ұстаздық етті. Бұл жылдар бедерінде мұғалімдік міндет өз алдына, Афраил аудандағы маңдайалды көркемдеуші маман ретінде аудандық партия комитетінің саяси-идеологиялық тапсырмаларын тақырыптық жағынан безендіруді басыбүтін жауапкершілігіне алды. Алаңда өтетін салтанатты шерулер, мерекелік жиындар, ауыл клубындағы іс-шаралар, бәрі-бәріне Афраилдың шебер қылқаламы қасиет дарытып, жан бітіргендей, құлпыртып жіберетін.
Шын талант шыңырауда жатып та мойындатады. Жетпіс төртінші жылдары Түгіскен массивін көруге келген Дінмұхамед Қонаевтың ХХІІІ партсезд клубын көркемдеп, безендіріп тастаған Афраилдың қол өнеріне көңілі сүйсініп, арнайылап жанына шақыртып жақсы лебізін арнағаны ешуақытта есінен кетпейді. Партияның жауынгері ретінде күн-түнмен санаспай ауыл клубында тер төккен суретшінің төбесі көкке жеткендей болған.
Әркім өз заманының жоқшысы, жақсысын асырамын, жаманын жасырамын деп әлек болып жүргені. Афраил да кезекті тапсырманы алып, аз уақытта ауыл клубын көркемдеп бітемін деп ақ тер, көк тер боп жүргенде мына жақта аңқау әкесінің ойында ешнәрсе жоқ, өзі қартайған шағында жеңіл жұмысты қолайттап темір жол бекеті жағына қарауыл боп жүрген кезі, екі вагоннан ғана тұратын жолаушы пойызы келіп тоқтап, ішінен түскен еңсегей бойлы тұлғалы кісінің өзіне назар аударып, сәлемін алған соң: Иә, халдерің қалай, деген сұрағына «Білмеймін екі-үш күннен бері Қонаев келеді екен деп бәрін аударып-төңкеріп, түзеп-күзеп алашапқын болып жатырмыз, айналайын» дегені ел аузында қалды. Сөйлесіп тұрған адамы – сол Қонаевтың өзі екенін қайдан білсін?
Афраил бүгінде әке жолын қуып, дін адамы бола қойған жоқ. Бірақ о баста нағыз коммуниске тән жүрегі таза, антқа берік, ұстанымына адал.
Өнер адамы тек тапсырмамен ғана жұмыс жасамайды. Ол әркез өз жүрегінің үніне құлақ тосады, әміріне бағынады. Біздің кейіпкеріміз мұндай азапты, бірақ ләззатты күйді талай бастан кешті. Тіпті, онсыз өмір сүру мүмкін еместей.
Талантты суретшінің жұмыс бөлмесінің қабырғаларын тұтастай алып жатқан небір ғажайып туындылар көп жылдар көз майын тауысып еңбектенген бейнетінің шынайы жемісі деуге болады. Ең алғашқы төлтумасы «Три богатыря» картинасының жиегіне «1962 жыл» деп белгі соғылыпты. Одан басқа түрлі тақырыптағы эскиздерге, натюрморт, портреттерге көз сала отырып, тұмса таланттың тереңіне сүңгей түскендей боласыз.
Афраил Юсупов бейнелеу өнері, сызу пәнінен сабақ берді. Талабы қатал, табиғаты бөлек, еңбекқорлықты айнымас серігі санайтын, приципшіл мұғалімнің шәкірттері де шыбықтайынан шыңдалып, шынайы жетістіктерімен қуантты. Ұстаздың нағыз мерейленер жеңісі осы.
Бүгінде Афраил Юсуповтың жасы жетпістің жетеуінде. Қартпын деп қарап отырған жоқ. Кеудесі алтын сандықтай. Сыркүмбез көкіректен нұр саулап, сезім құйылғанда еріксіз қолына қаламын ұстайды. Ол кейде сағыныш боп сонау балалық шаққа саяхат жасатады. Аяулы анасы боп аймалайды. Күні кешелері аяқтаған «Крымская турчанка» деп аталатын картинасында ақ сүт берген анасы ма, бірге туған қарындасы ма әйтеуір тым-тым жақын жанға деген телегей теңіз құштар көңілдің желкені жарым көңілін жылытып тұрғандай.
Қиял қанаты шеңберді үзіп шық­қаны­мен шындықтан аса алмайды. Жапа шеккенде жанына сая болған Жаңақорғанына қазық байлап, қайта қауыштырады. Еріксіз қаламына жүгінеді. Міне, біздің көлді бейнелеген пейзаж дүниеге келді. Кәдімгі Жаңақорған көлінің жағасы. Ол – менің мекенім, сенің мекенің. Ол – бүгінде Афраил ағаның да аяулы атамекені. Бізді байланыстырып тұрған құдіретті күш. Туған жерге деген шынайы махаббат. Ал, оны өнер тілімен айшықтауда Афраил аға әлі титімдей де жалығып көрген жоқ. Еңбегі жана берсін дегіміз келеді.

Баян Үсейінова.
05 маусым 2020 ж. 516 0