ҮМІТТІҢ ШЫРАҒЫН ҮРЛЕГЕН: НЕЙРОРЕАБИЛИТАЦИЯНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ

Адам өміріндегі ең күрделі кезеңнің бірі – ауыр сырқаттан кейінгі оңалу уақыты. Осындай сәтте медициналық оңалту қызметінің маңызы зор. Аудандық аурухананың нейрореабилитация бөліміне арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысып, дәрігерлермен сұхбаттастық. Орталықта емделушілердің жағдайын көзбен көріп қайттық.
Нейрореабилитация бөлімі жоспарлы ем-шаралар арқылы науқастардың қайта аяққа нық тұруына жәрдемдеседі. Мұнда сүйек-буын ауруларына шалдыққан, нейрохирургиялық және жүрекке ота жасатқан, сондай-ақ инсульт алған науқастар ем алады. Әрбір науқастың жағдайы жеке қаралып, оның физикалық және психологиялық ахуалына сай кешенді ем тағайындалады.
ҮШ КЕЗЕҢДІК ОҢАЛТУ ЖҮЙЕСІ
Нейрореабилитация бөліміндегі емдеу жүйесі үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – отадан кейінгі оңалту кезеңінде науқастың жалпы жай-күйі бақыланып, ем тағайындалады. Ал екінші кезең – алты айға созылады. Бұл уақытта науқас ай сайын 14 күннен бөлімде жатып
ем қабылдайды. Мұнда емдік жаттығулар, физиотерапия, дәрілік емдеу жүйелі түрде жүргізіледі. Үшінші кезең – ұзақ мерзімді бақылау мен қолдау кезеңі. Науқас үш жылға дейін әр алты ай сайын бөлімге келіп, қайта ем қабылдай алады. Бұл тәсіл науқастың жағдайын тұрақтандыруға және асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді.
ЕМДЕУ ӘДІСТЕРІНІҢ КЕШЕНІ
Бөлімде емдеудің консервативті әдістері кеңінен қолданылады. Оның ішінде емдік дене шынықтыру, физиотерапиялық процедуралар, жалпы массаж, электрофорез, вибромассаж, парафинмен емдеу сияқты тәсілдер бар. Сонымен қатар, сөйлеу қабілетін қалпына келтіру үшін логопед мамандар жұмыс істейді. Мұндай емдеу әдістерінің барлығы бір-бірімен үйлестіріліп, кешенді түрде жүргізіледі. Нәтижесінде науқастардың жағдайы біртіндеп жақсарып, олардың өздігінен қозғалу, сөйлеу қабілеттері қалпына келе бастайды. Мәселен, емдік дене шынықтыру – оңалтудың негізгі құралдарының бірі. Мұндай жаттығулар арқылы бұлшықеттердің қызметі қалпына келтіріліп, қозғалыс
белсенділігі артады. Ал массаж қан айналымын жақсартып, бұлшықеттердің серпінділігін арттырады. Физиотерапиялық әдістер ағзадағы қалпына келу процестерін жылдамдатады. Электрофорез дәрілік заттарды тікелей қажетті аймаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Парафинмен емдеу буындардың қозғалғыштығын жақсартады. Логопед мамандар инсульт алған науқастардың сөйлеу қабілетін қалпына келтіруде маңызды рөл атқарады.
– Нейрореабилитация – тек ем ғана емес, адамның өмірге қайта оралуына үлкен мүмкіндік беретін ем- шара. Бізге келетін науқастардың көпшілігі ауыр жағдай. Инсульт алған немесе күрделі операциядан кейін адамдар бойында қорқыныш, сенімсіздік болады. Біздің
басты міндетіміз – сол адамдарға үміт сыйлау, олардың өз күшіне деген сенімін қайта қалыптастыру. Біздің бөлімде әр науқасқа жеке бағдарлама жасалады. Себебі әр адамның ағзасы әртүрлі, қалпына келу деңгейі де бірдей емес. Осы орайда дәрігерлер, реабилитологтар,
логопедтер бірлесе отырып жұмыс жасаймыз. Командалық жұмыс – басты артықшылығымыз. Соңғы жылдары оңалту медицинасына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бізге жаңа құрал-жабдықтар алуға, емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік беруде. Ең бастысы – науқастардың нәтижесі. Бір кезде қозғала алмай келген адамның өздігінен жүріп кеткенін көру – біз үшін үлкен жетістік, – дейді бөлім басшысы.
Бөлімде ауыр халдегі науқастарға ерекше күтім қарастырылған. Өздігінен қозғала алмайтын науқастар 21 күнге дейін осы бөлімде жатып ем алады. Оларға арнайы күтім жасайтын мамандар бекітілген. Науқастың жағдайын жақсартуда мұндай күтімнің маңызы зор.
бұл жөнінде оңалту бөлімінің терапевт-реанимотологы Ақерке Дайрабавамен (суретте) сұхбаттасқан едік.
– Бізге келетін науқастардың жағдайы әртүрлі. Кейбіреулері мүлдем қозғала алмайды, ал кейбіреулері тек жеңіл көмекке мұқтаж. Сондықтан науқастармен жеке жұмыс жасаймыз. Емдік жаттығуларды біртіндеп күрделендіре отырып, олардың қозғалыс белсенділігін
арттырамыз. Мәселен, инсульт алған науқастармен жұмыс істеу ерекше шыдамдылықты талап етеді. Себебі олардың сөйлеуі, ойлауы, қозғалысы бұзылған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда психолог та бола білуіміз керек. Кейде науқастар үмітін үзіп, өздігінен жүре алмайтынына мойынсұнып, өз-өзін тастап жібереді. Осындай жағдайда біз олардың кішкентай жетістігін атап өтіп, алға жылжуына мотивация береміз. Себебі оңалту – тек физикалық емес, психологиялық процесс. Біздің бөлімде қолданылатын физиотерапиялық әдістердің тиімділігі жоғары. Массаж, электрофорез, парафинмен емдеудің барлығы қан айналымын жақсартып, бұлшықеттердің жұмысын қалпына келтіруге көмектеседі, – дейді ол.
Сонымен қатар бөлімде күндізгі стационар да жұмыс істейді. Яғни жағдайы тұрақты науқастар күндіз келіп ем алып, кешке үйіне қайта алады. Бұл олардың әлеуметтік өмірден қол үзбеуіне мүмкіндік береді.
ЕМДЕЛУШІ ПІКІРІ – ҮМІТ ПЕН АЛҒЫС
Біз тілдескен емделушінің бірі – Күлдана Асанқызы. Ол тірек-буын қимылына ота жасатып, осы бөлімде ем қабылдаған.
– Алғаш келгенде жағдайым өте ауыр болды. Өздігімен жүре алмайтын едім, сөйлеуім де қиындаған. Мұнда емдік жаттығулар мен массаждың пайдасы көп болды. Қазір өзім жүріп-тұра аламын. Бұл – осы бөлімдегі дәрігерлердің еңбегінің нәтижесі. Барша медицина қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін. Осындай орталықтардың бар екеніне өте қуаныштымын, – дейді ол.
Иә, нейрореабилитация физикалық күй-қуатпен қатар, психологиялық тұрғыда да қайта қалыптасуды жеделдетеді. Оңалту шаралары арқылы адамдардың қайта еңбекке қабілетін оятып, өмір сүруге жігерлендіреді. Жүйелі емнің арқасында көптеген адамдар қайта қалыпты өмірге оралып жатыр.
Бұдан түйгеніміз, нейрореабилитация – адам өмірін толыққанды қалпына келтіруге бағытталған стратегиялық маңызды сала. Инсульт, ауыр операция немесе тірек- қимыл жүйесіндегі күрделі дерттерден кейін науқастың тағдыры көбіне дәл осы оңалту кезеңіне байланысты болады.
Яғни, дер кезінде және сапалы жүргізілген реабилитация – адамның қайтадан өздігінен өмір сүруіне, еңбек етуіне, қо-
ғамға араласуына тікелей ықпал ететін шешуші фактор. Осы орайда біз аудандық аурухананың нейрореабилитация бөлімінің
осы бағытта жүйелі әрі нәтижелі жұмыс атқарып отырғанын байқадық. Мұнда қалыптасқан үш кезеңдік ем жүйесі,
кешенді тәсілдер, заманауи медициналық қызмет түрлерінің барлығы бір мақсатқа жұмылдырылған. Ең маңыздысы – бұл жерде тек физикалық ем ғана емес, адамның ішкі сенімін қайта оятуға басымдық беріледі. Өйткені науқастың сауығуы – оның психологиялық күйімен тікелей байланысты.
Ал дәрігерлердің кәсібилігі мен жанашырлығы, әр науқасқа жеке көзқарас, үздіксіз бақылау мен қолдау – осының барлығы бөлім жұмысының басты артықшылығы. Нұрсұлтан Әбубәкіров пен Ақерке Дайрабаева атап өткендей, бұл саладағы ең үлкен жетістік – қозғала алмай келген адамның өздігінен жүріп кетуі. Науқастардың алғыс пікірлері де бөлім жұмысының нәтижесін дәлелдейді.
Түйіндей айтқанда, нейрореабилитация бөлімі – медицина мен адамгершіліктің тоғысқан тұсы. Мұнда әрбір ем – үміт, әрбір қадам – жеңіс, әрбір науқас – үлкен жауапкершілік. Ал сол жауапкершілікті абыроймен атқарып жүрген ақ халатты жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық.
Айсұлу АЛДАНАЗАР




