№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АЛҒЫС ДЕГЕН ЕЛ СЫЙЫ

АЛҒЫС ДЕГЕН ЕЛ СЫЙЫ

Қазақ «қарғыс алма, алғыс ал!» деп жатады, тіпті ескі түрік жазбаларынан қарғыстан қашып, алғысқа кенелуді үгіттеген келелі сөз қалған. Бұл киелі сөз тәңірдің тілеуін де алға тартады. Демек, адамзат рахымшылыққа, кешірімге, жақсылық жасауға жаралған жоғары сана иесі екенін білдірсе керек.

Атам заманнан бабалар аманаттаған тағы бір бағалы сөз бар:
Алтын алма, алғыс ал:
Алтын деген жер сыйы,
Алғыс деген ел сыйы, - дейтін. Бақсақ, бір алғыс мың қарғыстың бетін қайтарады екен. Міне, алғыстың құдіреті!
Қазір Жаңақорған ауданында оннан аса ұлт пен ұлыс тату-тәтті тұрады. Сол ұлттар мұнда жерұйық іздеп келген жоқ, тағдырдың жазуы, саясат сілкінісінің салдары оларды ыстық ұя қонысынан айырып, тарыдай шашып жіберді.  Төтеннен келген тауқымет алаң халықты аш-жалаңаш қалдырды, баспанасыз баз кештірді. Сол солақай саясатты сезінген түрік, неміс, шешен, корей, гректі өзінің бір ұлындай санап, қазақ халқы бауырына басты. Араға қанша жыл салып, есін кетірген ескі жара жазылды, ауыртпалық артта қалды. Бүгінде аталған ұлттар берекелі отбасы, алтын уықты шаңыраққа айналды. Тегі тереңге тамыр тартты, ұрпағы қанат жайды. Қоғамның әрбір саласында қызмет етіп, елмен еркін сіңісіп кетті. Меніңше, олардың пейіліндегі ризашылықтың өзі  - Алғыс!
Жалпы, көпұлтты еліміздің жұдырықтай жұмылып, кемел келешекке бірге қадам басқанымыз бірлік-береке берген байғазы. Біз бірлікпен ғана жарқын болашақты бағындыра аламыз. Бұл - бүгінгі күннің басты бағдары.
Елбасы белгілеген Алғыс айту күні – бір-бірімізге деген құрмет пен өзара сенімнің, жанашырлық пен ізгіліктің мерекесі.
Бір-бірімізге  бауырмал, ілтипатты болып, тілеулестігімізді тілейік!
Өмірдің мәні де, сәні де татулықтың салтанаты, әрдайым басымыздан бақ, жүректен алғыс кетпесін!
28 ақпан 2021 ж. 714 0