Азамат әскерде шыңдалады
Мектепті бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан әрбір жастың қарымы мен қабілеті, білімі мен білігі, қай бағытқа қабілеттілігі кездескен қиыншылықтарға қарсы тұра алуымен басқалардан биік болмақ.
Әскери өмірдің қызығы мен шыжығын әңгімелеп берген аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, майор Шаңқұлов Жасұлан кез-келген жігітті әскер шыңдайды, оның ер азамат болып қалыптасуына тура жол салады дейді. Он жеті жасында Алматы құрлық әскерлері институтының тактикалық танк әскерлері командашысы мамандығын алып, кейін Аягөз қаласындағы танк әскери бөліміне танк взводының командирі лауазымына тағайындалады. Кейін Отар станциясындағы Гвардейский қаласындағы әскери бөлімде, Алматы қаласындағы десанттық шабуылдаушы бітімгершілік бригадасына взвод командирі қызметіне тағайындалады. Қызмет бабында рота командирі, батальон командирінің орынбасары, бронды танк қызметінің бастығы қызметтерін атқарады. 2020 жылдың қыркүйегінен қызмет бабы Жаңақорған ауданына ауысқан оның айтары бар.
– Біреулер сарбаз қатарына сұранып қосылады. Темірдей тәртіптен жалтарып қашатындар тағы бар. Жалпы, әскер заңына бағынып күн кешу оңай ма дейтіндерге айтарымыз, бұл туған ел алдындағы парызымыздың бір пұшпағы ғана. Үлкендердің аузынан әскердегі естеліктерді тыңдап өстім. Тезірек есейіп, сарбаз болсам деп құлшындым. Әскери өмір жігітті шыңдайды. Институт қабырғасында елге белгілі халық қаһарманының дәрісін тыңдап, «қара майор» атанып кеткен аңыз жауынгер Борис Керімбаевтың ауған соғысындағы отты жылдарындағы жауынгерлік рухтың, соғыс кезінде мүдірмей орындаған тапсырмаларын естіп ұлтымыздың батыр жүректі ұлдарының ерлігіне тәнті болдық. Біз де сол кісілердей болсақ дедік. Мен бұл жолды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін, – деді ол.
Әскер сапындағы сарбаздың ұйқысы таңғы алтыда, кезекшінің «Рота, оян!» деген даусымен ашылады. Жауынгерлер аяғына шұлғауларын орап, керзі етіктерін киіп, бойды қыздырып, ширату үшін 40 минут денешынықтыру жаттығуларын жасауға сыртқа шығады. Келген соң, төсек жинап, беті-қолдарын жуады. Кезек-кезегімен казарманы тап-тұйнақтай етіп жинауға кіріседі. Сағат жетіде таңғы астарын ішеді. Әскер сапындағы сарбаздар атыс даярлығынан, қорғану жаттығуларынан өтеді. Мемлекеттік құқық сабағын оқиды. Әскер кейін де уақытын тиімді пайдалануды, салауатты өмір салтын ұстануды өзіне серік етіп алуына үлкен мүмкіндік.
Тәртіп қатал, бірақ қатыгез емес.
Әскерде солдаттар бос уақытында шахмат ойнайды, сондай-ақ, өнерлерін ортаға салып кішігірім концерттер қойып жатады. Қазақтың тілін қастерлеп, түрлі халық әндерін шырқайды, қазақ поэзиясын оқиды.
Жалпы, азаматтық борышын өтеген қай солдаттан сұрасақ та, бәрінің жауабы әскерден қашу бекер. Жұрт шулаған «дедовщина» – ескі заманның қорқынышты әңгімесі ғана. Мың рет естігеннен, бір көрген артық. Ал, әскерде тәртіп – қатал, бірақ қатыгез емес. Тәртіп бәріне ортақ. Бозбалалар босбелбеу болмау керек. Оларды мықты тәрбиелеумен қатар, басты міндетіміз – әр сарбазға бас-көз болу. Өйткені олар әр үйдің аманаты. Жасұлан Бөгенбайұлының әңгімесінен ұққанымыз осы.
– Ер азамат бойда ар, намыс, жігер барда, Отан алдындағы борышын өтеу, елге адал қызмет ету парыз. Сөз жоқ, әке мен ананың тәрбиесінің де бұл жерде ықпалы зор. Қазіргі ата-аналар балаларын әскерден алып қалуға тырысады. Отанды сүю – қалтқысыз қызметтің жарқын бастамасы, – деді ол.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА