№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Талап қылғанға робот та таңсық емес

Талап қылғанға робот та таңсық емес


ХХІ ғасырда адамның негізгі бәсекелесіне роботтар айналды. Жыл өткен сайын жасанды интеллект иелерінің игерген мамандық түрлері артып келеді. Тіпті журналистика саласына ауыз сала бастады. Солай бола тұра, біз роботтанудан қорықпай, жастардың робот техникасына қызығушылығын арттыру міндеті тұр. Елбасы халыққа жолдаған Жолдауларының бірінде Қазақстан ең дамыған елдердің қатарына ену үшін өскелең ұрпақтың заманауи технологияларды уақытында меңгеріп, әр салада кеңінен қолдана білуі өте маңызды деді. Соған орай елдің түкпір-түкпіріндегі мектептерде робототехника кабинеттері ашылып, оқушылар сабақтан тыс уақытта робот құрастырып, бағдарламалауды меңгере бастады.


Жыл басында аудан бойынша робототехника үйірмесінде 35 оқу­шы дәріс алуға ынта танытыпты. Алайда короновирустың салдарынан білім беру қашықтан жүзіге асуда. Роботты тануға талпынған оқушыларға қашықтан білім алу кедергі келтіре алмады. Бөлшектер арқылы жеңіл көліктер мен ауыл шаруашылығы бағытындағы техни­каларды құрастыруға ден қойған өнертапқыштардың өресінің биіктігі қуантты. Аудандағы тәрбие орталығы робот құрастыру сыныбының жетек­шісі Дастан Қадировпен тіл­дес­ке­німізде:
– Шыны керек, күн өткен сайын балалардың қызығушылығы артып келеді. Әрине, техника құрастыру оңай дүние емес. Оған уақыт, білім, күш-жігер қажет. Робототехникада математика, информатика, физика, геометрия пәніндегі формулалармен жан-жақты жұмыс істейді, – деді.
Оның сөзінше, робот жасау арқылы балалардың ойлау қабілеті дамиды, теориялық ілімді тәжірибе жүзінде жүзеге асырады. Оқушыларының ішінде Мейіржанды ерекше атады. Ол ауылшаруашылығы саласын дамытуға арналған роботтарды бағ­дарлауда қолға алыпты.
Дастанның айтуынша, үйір­меде 5-16 жас аралығындағы балалар роботтардың түр-түрін құрастырумен айналысады. Мұнда олар роботтардың жеңілінен бастап күрделісіне дейінгі 16 деңгейін жасап шығуы қажет.
Мамандар мұнымен айналысу арқылы баланың ойлау қабілеті біртіндеп өзгере бастайтынын алға тартады. Сонымен қатар, қолға алған әр ісін төзімділік пен соңына дейін жеткізуді мақсат ете бастайды. Біз үшін әлі де құпияға толы сырсандық секілді техника кереметі қанатын кеңге жайып келеді.
Жаңақорғандық өнертапқыштар арасында түрлі деңгейдегі бай­қауларда биіктен көрінгендері аз емес. Оның ішінде, Рамазан Жиенқожаев, Мейіржан Нұрдәу­летұлы, Әлиасқар Заңғар, Ерланұлы Нұрмұхамед сынды талап­керлерді бөліп-жарып айтуға болады.
Шынында, Қазақстанда робот құрастыру жас сала. Ал, АҚШ, Германия, Жапония, Корея сынды елдерде бір жолға қойылған. Қазіргі таңда аталмыш елдерде робо­тотехника ғылымда және өндірісте кеңінен қолданылып, жоғары дең­гейде дамыған. Тіпті кос­мосты игеруде сәтті пайдаланып отыр.
№195, №110 және тәрбие орталығында білім саласын цифр­ландыру мақсатында IT сыныбы ашылып, 3D принтер, робототехника және дрон құрылғыларымен жаб­­дық­талған. 2018-2019 жыл ара­лығында 29 мектепке робото­техника кабинеті алынса, 2020 жылы 12 мектепте ашылған. Онда балалар робототехника сабағын өтіп, құлтемірлердің құрылысы жайлы алғашқы түсінігін қалыптастырып, технологияға қызығушылығын арт­тырады. Бұл жайында робот құ­рас­тыруда өзіндік өрнегін іздеп жүрген Мейіржан Нұрдәулетұлы: «Бұрын қаланың білім ордаларында мұндай сабақтар жүргізілсе, енді ауыл балалары инновациялық игі­ліктерді меңгеруіне мүмкіндігі мол. Құрастырған роботтарымды әлеуметтік салаға бағыттап, тұр­ғындар сапалы қызмет алуына жағдай істегім келеді».
Байқағанымыздай барлық адам­ның жұмысын жеңілдетуге ар­нал­ған роботтарды күнделікті өмірде қолдану уақыты жақындап келе жатқаны белгілі. Болашақта техникалық мамандықтарды таңдай­тындардың саны қазіргіден де бірнеше есеге артуы әбден мүмкін. Нәтижесінде келешекте елімізден робототехника саласын жетік мең­герген ғалымдар шығып жатса, таңғалуға болмайды. Өйткені бүгінде қазақстандық жеткіншектер біршама белесті бағындырып үлгерді.

Әсел РЗАЕВА

---
21 сәуір 2021 ж. 402 0