№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Коронавирустан қалай сақтануға болады?

Коронавирустан қалай сақтануға болады?


Дүйім дүниені дүрліктіріп, дүрбелеңге салып, үрей туғызып, төрткүл дүниенің төрінен төрттағандап тұрып орын алған соңғы кездердегі жаңалық-«Коронавирус». Коронавирус сөзі «табиғат апаты», «қаржы дағдарысы», «терроризм», «зілзала», «цунами», және т.б. қорқынышты сөздерден де қорқынышты болып, Әлемдік деңгейдегі ең өзекті мәселеге айналып барады.

«Бақсақ, бақа екен» дегендей мәселенің байыбына барып, зерттей бастағандағы білгеніміз мынау. Ауру қоздырғышы- вирус. Табиғатта ауру тудыратын микроорганизмдер өте көп: бактериялар, коккалар, бациллалар, рикетсиялар, хламидиялар, саңырауқұлақтар, мико­плаз­малар, вирустар деп тізбектеліп кете береді. Бұлардың ішіндегі ең күрделілерінің біріне вирустар жатады. Вирустар басқа микробтарға қарағанда ең ұсақтары, егер басқа микробтарды микроскоппен ғана көретін болсақ, ал вирустардың ұсақтылығы соншалықты оларды тек электронды микроскоппен ғана көруге болады.
Вирустар микроорганизмдердің бас­­қа түрлеріне қарағанда өте күрделілігімен, зардаптылығымен және тез жұққыштығымен ерекшеленеді. Адамзат тарихындағы жүздеген, мыңдаған емес, тіпті миллиондаған адамды өлімге ұшыратқан эпидемиялық, пандемиялық жағдайлар осы вирустардың әсерінен болған. Егер ауру бір елдің едәуір бөлігін қамтыса оны «эпидемия» дейді де, егер бұл құбылыс бірнеше елдерді қамтитын континенттік деңгейге дейін жетсе - «пандемия» деп аталады. Жануарлар арасындағы мұндай жағдайды сәйкесінше «эпизоотия» немесе «панзоотия» дейді.
Әріге бармай-ақ соңғы жүз жылдан бергі ғылыми деректер вирустар миллиондаған адамдардың көзін жойғандығын көрсетеді. Өткен ғасырдың 18-19 жылдарында болған «Испанка» пандемиясының негізгі себебі тұмау ауруының(H1N1)штаммы болып, соның салдарынан ауруға шалдыққан 550 миллион адамның 50 миллионы өлімге душар болды. Кейбір деректерде 100 миллион деп айтылады Ауру Еуропа, Азия асып тіпті Америкаға дейін жетті. 1957-1958 жылдардағы Азия тұмауынан (H2N5)- 70 мың, 1968-1969жылдардағы Гонконг тұмауынан (H3N2)-37мың, 2003-2009 жылдардағы құс тұмауынан (H5N1)- 360 адам, 2009-2010жылдардағы шошқа тұмауынан (H1 N1)-2600 адам өмірден қош айтысты.
Дәл қазіргі дүниені дүрліктіріп жүрген вирустар – Коронавирустар өте аз зерттелген вирустарға жатады. Ашылғанынада көп бола қойған жоқ, 1968 жылы ғана жеке топ ретінде ғана бөлінді. Коронавирус дейтін себебі ауру қоздырғышын электронды микроскоппен қарағанда вирустың антигендік құрылымы (нуклеокапсид) ортасы дөңгелектеніп келіп шет жақтарынан жан- жаққа қарай бұтақ тәрізді өсінділер тарайтындықтан оны коронаға (қазақша тәжге) ұқсатып коронавирустар деп атап кеткен.
Коронавирус тудыратын аурулармен адамдармен бірге ірі қара мал, түйе, шошқа, ит, мысық, және т.б. жануарлар ауырады.
Коронавирустар негізінен тыныс алу, ас қорыту, жүйке жүйесін көп зақымдайды. Аурудың белгілері өкпе қабынуының және жедел респираторлық синдромның ауыр түрінің белгілеріне ұқсас келеді. Ауырған адамда құрғақ жөтел пайда болады, мұрыннан су ағады, тамағы жыбырлайды, температура 380 С және одан да жоғары болады, тыныс алу қиындап, ауа жетпей қалады, адамның көкірек тұсы қатты ауырады, басы аурады, еттерде ауырсыну белгілері пайда болады (миалгия), әлсіздік белең алып, өкпе ұлпаларының прогрессивті бұзылуы салдарынан адам естен танып, нәтижесінде өліп кетуі де мүмкін.
2020 жылдың 24 ақпанындағы мәлімет бойынша Қытайда 77 100 адам коронавирусқа шалдығып, одан өлгендердің саны 2592 адамға жеткен. Сонымен бірге аталған індет Қытайдан басқа Гонконг, Макао, Тайвань, Австралия, Вьетнам, Канада, Малайзия, Непал, Сингапур, АҚШ, Тайланд, Оңтүстік Корея, Жапония, Шри-Ланка, Алмания, Франция және басқа да елдерге тарап үлгерді.
Аурудың біліне қоймайтын инкубация кезеңі өте қысқа 6-14 күн аралығында, ал ауру адамнан адамға жұғатын болса тіптен қысқа болып 5-6 күннен ары аспайды. Мұндай қысқа мерзімде аурудың белгілері толық пайда болып үлгермейтіндіктен аталған індетті балау (диагноз қою) өте көп қиындықтар тудырады.
Иммунодиогностикалық зерттеу әдіс­тері арқылы нәтижелі балауды ауруды жұқтырғаннан кейін 21 күннен соң ғана қоюға болады. Иммуноферментті талдау (ИФА) арқылы балауды ауру пайда болғаннан кейінгі 10 күннің ішінде қоюға мүмкіншілік туады. Ең нәтижелі, әрі жылдам қойылатын балау әдісіне молекулярлық- генетикалық құбылысқа негізделген полимеразады тізбекті реакцияны (ПЦР) жатқызамыз. Аталған әдіс ДНК фрагменттерінің ең аз мөлшерінің өзін көбейтуге мүмкіншілік туғызады. Бірақ, бұл әдіс арқылы балау қою қымбатқа түседі.
Емдеу әдістеріне келетін болсақ жаңа коронавирусқа тікелей қарсы әсер ететін препарат әлі алынған жоқ. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының (ВОЗ) протоколы бойынша науқас толық оқшауланады да, аурудың ауыр, жеңілдігіне, індетті құбылыстың өту ерекшелігіне байланысты жалпы вирусқа қарсы емдік шаралары жүргізіледі. Кейбір мәліметтерге қарағанда вирусқа қарсы әсер ететін Рибавирин, Интерферон, Интерферонның индукторларын береді. Аурудың симптомдарын жою үшін симптоматикалық емдеу әдістері қолданылады.
Індеттен қорғанудың қарапайым әдістеріне мыналар жатады: қолды сабындап жуу, соңынан спиртпен сүрту, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды орамалмен жуып тұру, тұмау және суық тию белгісі бар адамдармен көп араласа бермеу жолдарын қарастыру, жұмыртқа және ет өнімдерін қайнатқаннан кейін қолдану, үй жануарларымен жабайы аңдарға көп жақындай бермеу және т.б..
Қазіргі таңда коронавирус індетін алдын алу үшін қолданылатын вакцина жоқ. Қытай ғалымдары вакцина алу жолдарын қарастырып жатқан көрінеді.
Бірқатар ақпарат таратушылар аталған жағдайдың саяси, экономикалық, әлеуметтік, коммерциялық, тіптен биотеррористік астары барын тілге тиек етеді. Кейбіреулері бұл эпидемияны Ухань вирусологиялық ғылыми - зерттеу институты «биологиялық қару» ретінде әдейі қолдан жасаған десе, ал енді біреулері институт қызметкерлерінің тәжірибесіздігінен абайсызда сыртқа тарап кеткен дейді.
Қытаймен көршілес, шекаралас болғандықтан елімізде қорғаныс шараларын жүргізуге тура келеді. «Достықта жоқ шекара» – дегендей, микроорганизмдерде шекара жоқ, кез-келген жерден, кез-келген жолмен өтіп кете береді.
Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы­ның тиісті министрліктер мен ведомстволарға коронавирустың Қазақ­станға өтіп кетпеуін болдырмау жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, Үкімет басшымыз А.Мамин үкімет мүшелерімен Қазақстан тұрғындарын аталған індеттен қорғау жөнінде кеңес өткізіп, бірқатар тапсырмалар берді. Онда еліміздің Қытаймен шекаралас шекара бекеттерінде, сонымен бірге автомобиль, теміржол және әуе жолдары объектілерінде санитарлық-эпидемиологиялық және миграциялық бақылауды күшейту, Қытайдан келген жолаушыларға медициналық бақылау орнату, эпидемия бола қалған жағдайда медициналық мекемелердің дайындығын қамтамасыз ету, елімізден Қытай Халық Республикасына іссапарға шығушыларға шектеу қою, екі ел арасындағы 72 сағаттық визасыз рәсімді уақытша тоқтату, шекара бекеттеріндегі жұмыстарды уақытша шектеу, қажет бола қалған жағдайда Қытайдағы отандастарымызды эвакуациялау жұмыстарын қамтамасыз ету, екі ел арасында ведомствоаралық комиссия құрып онда коронавирустың Қазақстанға таралып кетпеуін болдырмауға арналған жоспар әзірлеу және осы жағдайға байланысты басқада маңызды мәселелер қаралды. Айтылған шараларды орындауға 3,5 млрд теңге қаржы қарастырылды.
Жаңа вирустың адамнан адамға, және әртүрлі жануарлардан, құстардан, жыландардан және олардың өнімдерінен адамға жұғатынын ескеріп коронавирустың елімізге өтіп, таралып кетпеуіне бағытталған барлық шаралар медицина және ветеринария мамандарының кешенді түрдегі бірлестігінің негізінде атқарылуы тиіс.
Жоғарыда айтылған шаралардың көпшілігі коронавирустың елімізге еніп кетпеуіне ене қойған жағдайда жаппай таралып кетпеуіне ғана бағытталған шаралар.
Негізінде жұғымталдылығы өте жоғары коронавирус тәрізді індетті аурулармен күресудегі ең негізгі шара- аурудың алдын алу үшін- организмді вакциналық препараттардың көмегімен иммундеу болып табылады. Қазақ бекер айтпаған ғой «Ауырып ем іздегенше-ауырмайтын жол ізде» - деп.
Аурудың ерекшелігі, қалай дамиды, қалай таралады, диагноз қою, емдеу, аурудың алдын алу үшін вакцина әзірлеу жолдарын қарастыру тыңғылықты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Мұндай жұмыстар шетелдерде басталып кеткенімен, нәтижелілігі жоғары вакцина әлі алына қойған жоқ.
Көптеген жұқпалы аурулар адам мен жануарларға ортақ, мысалы- коронавирус. Мұндай жағдайда оның медицинаға қатысты жағын Денсаулық сақтау министірлігіне қарайтын кәсіпорын мамандары, Ветеринарияға қатысты жағын Ауылшаруашылығы министрлігіне қарайтын кәсіпорын мамандары, ал молекулярлы-генетикалық және басқа да күрделілігі жоғары ғылыми жақтарын Білім және ғылым министірлігіне қарайтын мамандар жүргізуге болады. Сонымен бірге көп жылдарға созылатын, аса өзекті ғылыми жобаларды 3 министрлік ғалымдары интеграцияланып, бірлесе шешуге жол ашады.
Бір айта кететін жайт, «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының» Алматы филиалының Жарлығында ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғылдануға болады деген пунктің жоқтығы. Бұл мәселені шешу аса қиын да шаруа емес, әрі кеткенде 10-15 күннің ішінде орындалатын шаруа. Сонымен бірге орталықты ғылыми дәрежесі мен атағы бар кадрлармен толықтыру қажет. Елімізде аудандық, облыстық, республикалық деңгейлерін қоса есептегенде 200-ге жуық Ветеринариялық зертхана бар. Аталған орталық, осы зертханаларға өзінің референттік (қазылық) қызметін өз дәрежесіне сәйкес атқаруы үшін ғылым мен білімнің соңғы жетістіктерін зерттеп, оны өз қызметіне пайдалана алатын ғылыми- практикалық әлеуеті жоғары орталық болуы тиіс. Мұндай орталықтағы ғылыми жұмыс тек коронавирус қана емес, басқада экзотикалық аурулардың таралуын алдын-ала болжау(мониторинг), жедел диагноз қою, иммундеу үшін қолданылатын вакциналық препараттарды жетілдіру және емдеу үшін қолданылатын дәрілік препраттарды жетілдіру бағытында болуы керек. Ғылыми жұмыстар тек коронавирус қана емес, басқада экзотикалық аурулардың таралуын алдын-ала болжау(мониторинг), жедел диагноз қою, иммундеу үшін қолданылатын вакциналық препараттарды жетілдіру және емдеу үшін қолданылатын дәрілік препараттарды жетілдіру бағытында болуы керек.
Коронавируспен күресуде оқу- ағарту, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу, плакаттар, брошюралар шығару, радио, теледидар, газет- журналдар арқылы аталған індет туралы танымдық- тағлымдық мақалалар жариялау, медицина және ветеринария саласы мамандары бірлестікте аурудың таралып кету қауіптілігі жоғары шекаралас аудандарда дәрістер оқып, презентациялар көрсетіп, онда індет туралы толыққанды мағұлматтар берілуі тиіс.
Қорыта айтқанда, Коронавирус және басқа да экзотикалық және эмерджентті аурулармен күресу кешенді, жедел және жан-жақты, ең бастысы ғылыми- зерттеу жұмыстарына негізделген болса,ауру тез ауыздықталып, Еліміздің биологиялық және осыған негізделген басқа да қауіпсізділігі толық қамтамасыз етілетіндігі сөзсіз.
Батырбек Айтжанов,
Ветеринария ғылымдарының докторы, ҚР ҰЖҒА академигі.

Аида Айтжанова,
докторант

---
04 наурыз 2020 ж. 866 0