№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» Мұхтар Шаханов аудан әкіміне қандай сұрақ қойды?

Мұхтар Шаханов аудан әкіміне қандай сұрақ қойды?

Аудан әкімі Сұлтан Мақашов жастармен галстуксыз кездесу өткізді. Еркін форматтағы жүздесуге сала басшылары мен жас мамандар, белсенді жастар мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Әуелі Сұлтан Ысқақұлы еңбек жолы мен қызметтегі жауапкершілік ұстанымын тілге тиек етті.

– Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, адами капиталды пайдалану мен дамытудың ең жоғары нәтижесі ел азаматтарына білім берудің барлық мүмкіндіктерімен қамтамасыз етіледі. Білімдінің алға түсіп, бәйгеден озып келетін заманы енді туды. Ел болашағы – білімді жастардың қолында. Оған қоса, тіл үйреніп, шетелге шығып, адами капиталдың озық үлгісін әлемге паш етуге тырысу керек. Сонда ғана біз бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарынан табыламыз, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Сонымен қатар, әкім ауданға басшылық қызметке келгелі, атқарған жұмыстарын айтып берді. Әсіресе, кенттің сәулеттік келбеті мен тазалық мәселесін айта келе, барлық ауылдық округті аралап шықққанын жеткізді. Әрбір ауыл тұрғынымен жүздесіп, елдімекен тынысын жан-жақты танысқанын сөз етті. Кез келген мәселенің шешімі болатынын айтып, жұмысты жүйелі ұйымдастыра білуге баса назар аудару керектігін айрықша атады.
Әкім сөзінен кейін, жастар қауымы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Ашық талқылаудың алғашқы сөз кезегін аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров алды. Ол жастарға коворкинг орталық керектігін айтып, оны осы «Ордакент» үйінің фойесінен ашуға ұсыныс тастады. Өйткені мұндай орталықтың жастарға берер пайдасы мол. Мәселен, осындай креативті ортада жастар бас қосып, жаңашыл идеяларды талқылап, қалаған кітабын оқып, тегін интернет желісін пайдаланып, аудан үшін ауқымды жұмыстардың жоспарлануына таптырмас орын болады. Жастар көшбасшысының ұсынысын құптаған аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы шынында коворкинг орталықтың жас буынға маңызы зор екенін атап өтті. Әрі мұны осы ресурстық орталықтың фойесінен ұйымдастыруды жауапты сала басшыларына тапсырды.
Бұдан кейінгі жастар сауалының басым бөлігі кәсіпкерлік саласына бағытталды. Енді солардың бірқатарына тоқталсақ. Біріншіден, манаптық Бекзат Өмірзақ мал бордақылау ісіндегі бір мәселені көтерді. Яғни ауыл жастарының көпшілігі жеңілдетілген несие не грант алып, мал бордақылаумен айналысып жатыр. Осы тұста бордақыланған мал етін өткізу үшін аудан орталығынан ет өткізу пунктін ашуға ұсыныс тастады. Өз кезегінде сала басшысы Қаржыбек Бүркітбаев кентте арнайы қалыптастырылған мал сою пункті және ет сататын орындар бар екенін жеткізді. Бұл бағытта аудан әкімі мәселені түбегейлі зерттеуге тапсырма берді.
Екіншіден, ақүйіктік Асылжан Мұхаммедәлиев мемлекеттік 505 мың теңге болатын грант негіздегі оқу курсын оқи алмай жүргенін мәселе етіп көтерді. Ауылдағы фото-студия орталығын кеңейткісі келетінін айтқан Асылжанның сауалына аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Жаңабек Тұрлыбеков жауап берді. Орталық директорының айтуынша, «Жас кәсіпкер» деп аталатын мемлекеттік бағдарламаға 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алатынын айта келе, бір айлық оқыту курсы қазан айының 5-де басталып кеткен. Енді келесі лек қараша айында басталатынын айтып, ертерек тіркелуге кеңес берді.
Үшіншіден, талаптық Бекжан Әлимұхаммед қой бордақылау кәсібімен айналысқысы келетінін айта келе, мемлекет тарапынан қандай қолдау барын сұрады.
Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар жөнінде Қаржыбек Бүркітбаев жауап берді. Сала басшысы «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталық пен «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филалының мүмкіндігін тарқата таныстырды. Бұл екі қаржылық институттан Жаңақорған ауданынан көптеген жас кәсіпкерлер қаржылай қолдау алып, кәсібін домалатып отырғанын жеткізді.
Төртіншіден, Ақүйік ауылдық округінің жастар маманы Арай Исматова ауыл жастарының атынан шешілмей жүрген мәселе көтерді. Жастар маманының айтуынша, ауыл ортасындағы ескі аурухана ғимараты қаңырап бос тұр. Жастардың ойы осыны игілікке икемдеу. Алайда бір кедергі бар. Ол – ауылдың ескі ауруханасы аудандық емхананың балансында. Егер осы мәселе шешілсе, Арай Исматова мұнда ауыл әкімімен бірлесіп, жас кәсіпкерлердің басын қосып, шашатараз, фото-студия, наубайхана сынды шағын кәсіпкерлік нысандарын біріктіруге болатынын айтты. Бұл жөнінде аудан әкімі тиісті сала басшыларына тапсырма беріп, шешу жолдарын қарастыруды жүктеді.
Бесіншіден, «Jas Otan» жастар қанатының аудандық жетекшісі Мұхтар Шаханов Жаңақорғанның имидждік келбетін республика көлемінде таныту үшін танымдық роликтер жасауды ұсынды. Ол үшін заманауи камералар мен құрал-жабдықтар қажет екен. Мұхтар Шахановтың ұсынысын қолдаған аудан басшысы «Жастар студиясын» ашу керегін атап өтті. Бұл үшін әуелі коворкинг орталық, сосын студия ашу мәселесін қарастыру керек. Бұл әкімнің Әбілғазы Берденұлына бағыттаған тапсырмасы.
Кездесу барысында бұдан бөлек жастар тарапынан бірқатар мәселелер көтерілді. Аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы алдағы уақытта мұндай галстуксыз кездесулерді айына бір рет жастар кеңесі аясында ұйымдастыру керектігін айрықша атап өтті. Осылайша жаңақорғандық жастар көкейінде жүрген көптеген өзекті мәселелердің жауабын алып, тың идеяларға толы көңіл күйде тарқасты.

Әбдісамат ӘБДІШ
---
15 қазан 2019 ж. 796 0