№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» Жасұзақ Аманбаев: "Сақшы әуелі өз ар-ожданын күзетуі керек"

Жасұзақ Аманбаев: "Сақшы әуелі өз ар-ожданын күзетуі керек"

Кешегі күні қанатты сөзге айналған «Милиция – менің қорғаным» деген қалтқысыз сенімнің жауапкершілігін арқалауға екінің бірі тәуекел ете алмағаны анық. Милиция боламын деген ой бұл кісінің де үш ұйықтаса түсіне кірген емес. Өзінен үлкен ағасы Сәрсенбай бұл екі жасында соғысқа аттанған екен, сол күйі хабарсыз кетті. Ата-ананың ендігі маңдайға басқан жалғыз ұлы болғандықтан майдангер отбасынан әскерге бала алынбасын деген заң шығып, есейгенде азаматтық борышын өтеуден де босатылды.

Бірақ білімге аса ынтызар еді. Қызылорда пединститутының «физи­ка-математика-сызу» факуль­тетіне оқуға түсті. Бұл пәнді таңдауының сыры – ұстазы Скендір Құдияровтың шәкірт зердесіне ғажайып ғылымға деген ғаламат құштарлықты қондыруы болар бәлкім, жоғары математиканың есептерін шешудің сан алуан тәсілдерін меңгеруімен мұғалімнің өзін таң қылатын. Білімге қанша ынтызар болса да талабына тұсау болған тұрмыстық жағдаймен жалғызілікті ата-анаға қарайлап оқуды тастауына тура келді. Ауылға келіп, шаруашылыққа араласты. Трактор айдады. Совхоз техникасының құрал-сайманын жөндейтін шеберханада ұстаның көмекшісі де болды. Жастықтың буы ғой, толықсыған бұла күш бойға симай, ауыр күрзімен сағаттар бойы болатты соққанда да сыр бермей, қайта таудай тауқымет тас түлекті шыңдай түскендей. Қоғамдық жұмыстан да қол үзбеді. Ауыл өрендерін спортқа тартып, күрес өнеріне жаттықтырды. Бір күні өзін ауылдық Кеңес төрағасы іздетіп жатыр деген соң кеңсеге келіп еді, мұндағылар мықты спортшыны комсомолдық жолдамамен милиция қызметіне жіберуді ұйғарып отыр екен. Кадрдың жетіспей жатқан кезі. Содан «мақұл» деп бас тартпай, Қызылордадан медкомиссиядан өтіп келуге жиналды. Барған жұмысының бірер күнде бітер түрі көрінбейді. Жата берер ыңғайы да жоқ. Содан салып-ұрып сыныптасы ол да Құдияровтың шәкірті, сол кезде қалалық денсаулық басшылығының құлағын ұстап отырған Наурызбаев Өтепке барайын деп шешті. Барса, алдында бір кісі отыр екен, оған қараған жоқ, жағдайын түгел жеткізді. Жолы болғанда әлгі жанындағы кісі санчастың бастығы екен, соған қарата Өтеп айтты: «Бойы мынау, тұлғасы мынау, не тексеру қажет, жұмысын бітіріп жіберейік». Сонымен, не керек, дәрігерлік қорытынды қолына тиіп, қызметтік бұйрығын алып, көңілді бір демдеді.
Енді қоймаға барып форма алу керек екен. Меңгерушісі, мейірімді жүзді қарт кісі мұның бас-аяғына қарап алды да түп-түгел киімдерін боз қапшыққа құнтитып салып берді. Ақ қап арқалаған ауылдың баласы пойызға міне алар ма еді, алмас па еді, қалтасындағы куәлігін көрсетіп еді, өзбек жолсерік жылп етіп жол беріп, есігін ашты. Төменарықтан түсіп, енді ауылы «Красная Звездаға» қарай құйындатып баяғыша құлдыраңдай беруге мойны жар берер емес, формасын киіп, асықпай портупейін асынып, шіреніп анадайда шаңдатып келе жатқан «Зил» машинасына «тоқта» деп белгі берді.
Көлік кілт тоқтап, кері бұрылып, айтқан жеріне апарып тастады. Бұл Жақаңның ең алғаш погон таққан күнгі көріп, сезінген құрметі еді. Мамандығының құрметіне мін жоқ-ау, құзыреті ше? Ел сеніміне лайықты қызметімен талапты тұғырдан көріне ала ма, жоқ па? Ең бастысы, осы міндетке адал болуға өз-өзіне серт беріп еді.
1966 жыл. Жаңақорғанның Шиеліден қайта енші алып жатқан кезі. Кезекшілігін тапсырып жатыр еді, бастығы Махатов шақырып жатыр деді. «Төменарыққа учаскелік инспектор болып барасың». Кілең кәріс, грек, шешен, орыс ұлтынан көбірек шоғырланған аймақта соңғы кезде тәртіп ахуалы күрделеніп тұр екен. Жастардан бұзақылық бой көрсетіп, ауыл милициясына бағынудан кетіпті.
Бұйрық талқыланбайды. Мандатын алып Төменарыққа отбасымен көшіп барды. Тәртіпті түнгі күзеттен бастады. Әлгі «атамандармен» жеке-жеке сөйлесіп, бір-бір жұдырық иіскетіп алуға да тура келді.
Төменарықта орын алған мына қылмыстық оқиға Жақаңның есінен кетпейді: Көл үстінде аузы буылған қапқа салынып, жүзіп бара жатқан адам денесін көзі шалған қайықшы кісі дереу милицияға хабар береді. Мәйіттің кім екені, қайдан ағып келе жатқаны белгісіз, темірге байланған, судың ағысымен босап кеткен тәрізді.
Сараптама қорытындысы оқиғаға бір айға жуық уақыт өткенін анықтады. Облыстан қылмысты іздестіру бөлімі бастығы Лежнин деген келіп, іске кірісті. Қолдағы бар дерек – жалғыз қабат киімге назар салған жіті көз әйел халатының фабрикалық емес, қарапайым қолдан шыққанын аңғарар еді. Осыны ескеріп алдымен Жаңақорған промкомбинатына тексеру жүргізіп, одан әрі көрші Шиеліге сұрау салып көрді. Болжам дәл шықты. Осындай материалдан екі дана халат тіктірген орыс әйелінің мекен-жайын сілтеп жіберген мұндағылар қылмыстың ашылуына өздерінің үлкен жәрдемі тигенін білмеген де болар. Әлгі орыс әйел Сахалинскіден қыдырып келген құрбысын жоғалтып отырғанын жасырмады. Ол негізі төменарықтық екен, бірнеше жыл бұрын ата-анасымен Сахалинскіге қоныс аударыпты. Осында шешен жігітінен аяғы ауырлап, енді содан туған қызын өзіне табыстамақ па, алимент талап етпек пе, сондай мақсатпен келген көрінеді. Бұлар оқиғаның ізімен Төменарықтағы Ахмед деген шешен жігітті жобалағанымен ол мойындай қоймады.
Жіптің бір ұшы – бес жасар қызды Ахмедтің туыстарына жасыруы бек мүмкін деген жорамалмен Жаңақорған, Шиелі вокзалының билет кассалары тексеріліп, Кавказға жол жүрген Ахмедтің сапары анықталды. Ол жаққа кісі жіберіліп, бүлдіршінді паналатып отырған Ахмедтің туыстарынан жауап алынды. Сөйтіп бұлтартпас дәлелмен кісі өлтіруші он бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Міне, із кесуші – Жақаңның жағдайды жан-жақты жүйелеп, ықтимал әрекеттерді дәл болжай білер ерекше түйсік-танымының тереңдігіне осы бір оқиғаның өзі айқын мысал болса керек. Бүгінгідей техниканың, коммуникацияның түр-түрі жоқ есебі, бірақ жанкешті бейнет пен борышқа айнымас адалдық айдай ақиқатқа арна сызып, тылсымның құпиясына шын пейілімен құлаған құлына құшағын жазып, үлкен-кіші жеңістерді сәтімен сый ететін тәрізді.
Отыз жасында соғыста хабарсыз кеткен туған ағасына іздеу салып, тауып, денесі жатқан Украинаның Запорожье өлкесі, Большая белозерка саласындағы бауырластар зиратына тәу етіп, туған жер топырағын салу үшін екі жеткіншегін, келіншегін емізулі баласымен ертіп алып кезекті еңбек демалысын тұтас тарихи сапарға арнаған хиқаясы өз алдына бір сыр.
Жақаң 1972-1985 жылдары БХСС-тің аға инспекторы болып істеді. Мемлекеттік меншікті талан-таражға салуға қарсы күрес деп аталатын бұл қызмет түрінің тегеурінділігі – мекемелер тарапынан келіп түскен арыздан тыс әлеумет меншігіне қол сұғу фактілеріне күмән туған жағдайларда кез келген лауазымды тұлғаны алдына шақыртып, жауап алуға құқық берілген. Бұл қызметте де Жақаңның білгірлігі, терең сауаттылығы талай мекеме басшыларының тобасынан жаңылып, табанының тайып кетпеуіне тосқауыл бола білді.
Бұл орайда экономика, бухгалтериялық кәсіби білімінің терең болуын ол баяғы Құдияровтың математикасынан бастау алып, одан соң КСРО Ішкі істер министрлігінің Рязань Жоғарғы мектебінің экономика факультетінде үздік оқыған жетістіктерімен байланыстырады. Кейін осы бағытта Павлодар, Киев қаласында білімін жетілдіру курстарынан өткен болатын. Одан соң Жоғары партия мектебінде оқыды. Осының барлығы өмір жолында, қызметінде кәдеге асты. Қазірде бұл мекеменің орнын сыбайлас жемқорлықпен күрес деп аталатын қызмет ауыстырды. Аты мықты. Бірақ кез келген құрылымның құдыреті – атының кереметінде емес, кадрдың әлеуетінде. Қазақстандық заңгерлерді дайындайтын Жоғары мектептерде экономика факультеттері жабылып қалғаны түсініксіз. Сыбайлас жемқорлықтың жолын қию қанша патриот болсаң да есеп-қисапты терең білмегенге жалын ұстата қоймайды. Талай заңсыздыққа тыйым сала алмай отырғанымыз да осыдан, бәлкім.
1985-89 жылдары аудандық ішкі істер бөлімі аға учаскелік инспекторы, ал 1989-95 жылдары аралығында паспорт столын басқарған Жасұзақ Аманбайұлы аталған орындардың барлығында үздік қызметімен танылып, облыстың ішкі істер басқармасының ауыспалы Қызыл туын қолдан шығармады.
Қоғамдық жұмыстарға үнемі белсене қатысып, бөлімдегі офицерлер төрағасы, бастауыш партия ұйымының хатшысы болды. қызмет еткен жылдар аралығында «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, «Милиция үздігі» төсбелгісімен, «Кеңес милициясына – 50 жыл», КСРО Жоғарғы кеңесі алқасының 1982 жылғы Жарлығымен «Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы үздік қызметі үшін» медалдарымен, түрлі деңгейдегі Мақтау грамоталары және бағалы сыйлықтармен марапатталған.
Жақаң зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық қызметтен қол үзген емес. Ол 1998-2010 жылдары аудандық ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары болса, соңғы жылдары Ішкі істер органдары аудандық бастауыш ұйымы төрағасы болып келді. «Ішкі істер Министрлігінің Құрметті ардагері».
Бала жасынан тарихи еңбектерді құмарта көп оқып, жадына тоқып келген жан зейнет демалысына шыққан соң көкейде қордаланған сұрақтардың тиянақты жауабын табу үшін талмай ізденуге көшті. Жақаңды қашан болсын кітапханадан кездестіресің. Облыстық, ұлттық кітапханаға тапсырыс беріп, қажетті әдебиеттердегі тарихи деректерді салыстыра отырып, санада қорытқан сараптамалық материалдарын баспасөзге жариялап, ғылыми әлеуетінің де тереңдігімен мойындатып келеді. Осындай еңбектенудің нәтижесінде ел-жер тарихы тақырыбына түрен тартып, «Қорқыт Ата», «Жеңіске жол салғандар», «Ғұндар бірлестігі», «Ел ағасы Мәмек батыр», «Қойбазар тақ-тақ дәуірі», «Хакім ата», «Қыстата», «Ислам діні аймағымызға қалай таралды?», «Қорқыт ата бейіті қай жерде?», «Алпамыс батыр» жырының тарихи-этникалық тегі», «Ағартушы діни тұлғалар тарихының зерттелуі мен зерделенуі хақында», тағы басқа көптеген еңбектері оқырман назарына жол тартып, тарихи таным бағытына байыпты бағдар болуда. Рухани жаңғыруға бет түзеген тәуелсіз елімізде жас ұрпақты жан-жақты зерделілікке баулуда мұндай еңбектердің маңызы зор.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Жасұзақ Аманбайұлының тағы бір қыры, ол кісі шахмат ойнаудың шебері. Шахмат спортынан бірнеше дүркін аудандық, облыстық жарыстардың жеңімпазы, облыс намысын қорғап республикалық жарыстарға да қатысып жүр. Ерлер арасында өткен облыс біріншілігінің жеңімпазы.
Біз білетін Жақанның мінезі де шахматтың шаһы тәрізді тұтас өрге озуды мұрат тұтады. Шахматта ереже сақтамасаң – ұтыласың. Осындай өмірлік қағидасынан жаңылмаған Жасұзақ Аманбайұлы қызмет бабын пайдаланып, дүние жиып, дәреже асырудан әмісе ұтылып жүруі мүмкін, есесіне өз еңбегімен төрге шығып, төбе биге лайық болуда ол кісінің алдына түсер ешкім жоқ.
Ақиқаттың уыты ащы келеді, ел тағдыры таразыға түсер келелі жиындарда әділін айтып, қасқайып тұрар тұлғаның көбіне «ұмыт» қалып жататыны содан бәлкім. Ал әлеуметке әділін айтар адамдар қашанда қымбат...

Баян ҮСЕЙІНОВА.
---
05 қазан 2019 ж. 715 0