№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» Ұрылар ұрлық үстінде ұсталды

Ұрылар ұрлық үстінде ұсталды


Жаз жайылым, қыс-өріс саналатын қалың тоғайдан екінің бірінде қылбұразға түсіп, қолды болып, иен табиғаттан тұрақ таба алмаған төрт түлік тұяқты иелері қай жағына қоярын білмей қатты қажып жүргеніне көбіміз куәміз. Ауылдық жерде тұратындардың күнкөрісінің кепілі болып саналатын киелі кәсіпті қолға алып, отбасы бюджетіне қосымша кіріс кіргізу талабы құптарлық-ақ. Алғы күнін ойлаған ауылдастарымыз кәсіп ауырлығынан қашпай, шаруа жайын қарақан басының жағдайынан бір де кем көрген емес. Бірақ ел аман, күн жарықта үйір-үйір жылқысынан, табын-табын сиырынан бір-ақ сәтте айрылып, сан соғып қалатын ағайынға араша тұруда да дәрменсіздік көп. Қалыңға қоя берген малыңды өзің қарауылдамасаң маң далада мыңғырған меншігіңе мемлекет жауапты емес.

Жекелер шағын шаруасын үй маңынан дөңгелетіп, там-тұмдап болса да табыс көзін табуына тағы да кедергі көп. Әккі ұрылар ең даланы қойып, үй маңында үкілеп отырған нәпақаңа ноқта салып, жеті түнде жайбарақат жетектеп кете беретін «жиендікке» көшті.
Тапа-тал түсте тал қармап, тісін қайрап қала беретін қарапайым жұрт жазатайым ұрының үстінен түссе не қылар еді?
Өткен сенбі осындай сәттіліктің орайын келтірді. Оқиға былай өрбиді: Мал қарап шыққан кент тұрғындары Мейірбек Омаров, Марат Әлменов және Мәжит есімді азамат жеке көлігімен дария жағасында келе жатып қарсы кездескен «Ауди-80» автокөлігі багажының дұрыс жабылмай тұрғанын аңғарады. Оны жол беріп өткізіп жібергенімен, күдіктеніп, із кесіп байқап еді, көлік тоқтап тұрған жерге дейін сүйрелген салмақтың барын топшылады. Бұлар сол сәт жолдастары Ғабитқа қоңырау шалып, күдіктінің соңына түсуді тапсырады. Осыдан екі күн бұрын ғана тоғайда бауыздалған малының бас-сирағын тауып алған Ғабит дер кезінде машинасын оталдырып, «Заңғар» дүкені алдында кездестірген әлгі көліктің соңынан байқатпай ілесіп отырады. Көлік құшхананың жанындағы шеткі тұрғын үйге тоқтап, ішіндегі затты түсірер-түсірмес Ғабиттың хабарламасы бойынша келіп-жеткен үшеу сол арада полицияға хабар береді. Багажды ашып қарағанда бауыздалып, қарнының ортасынан екі жарып, ішек-қарны тасталып, тек еті жеткізілген өз сиырын таныған Мейірбек осылайша ұрының дөп үстінен түсті. Мал ұрлығын жүзеге асырған кент тұрғыны, базарда қасапшы болып істейтін Нұрғиса мен кейдендік такси жүргізуші Бөгенбай деген азамат сыбайласа атқарған іс-әрекеттерін амалсыз мойындап: «Малыңды төлейміз ғой, полицияға хабар бермей-ақ қойыңдар» деп жалынады. Бір емес, екі емес, қайта-қайта қолындағысынан айрылып, іші удай ашып қала берер мал иелері адал жандардың ақысына аяусыз ауыз салып әдеттенген әккі ұрлықтың ұштығын өз қолдарымен ұстап тұрып қалай оп-оңай босата қойсын? Сол сәтте келіп жеткен аудандық полиция бөлімінің жедел оперативтік қызметі тобымен және учаскелік инспекторы оқиға орнында бұлтартпас дәлелмен ұсталған айыпкерлердің қолына кісен салды.
Аталмыш оқиғадан хабардар болған жұртшы­лықтың біразы жоғалған қой, ешкі, сиырларының құнын даулап, полиция есігінің алдынан бір-ақ шықты. Тіпті осы күндері аудан әкіміне кіреміз, кінәлілердің ісі бойынша ашық сот өтуін талап етеміз, айыптыларды табанға қою қажет дегендер қатары көбейіп отыр. Малдың да обалы бар, тасадан бас салып, талан-таражға салған басынуды тым шектен шыққандық, азғындық, тіпті адам құқын қоса аяққа басу деп санайтындар «мал ұрлығына қатыстылар тиісті жазасын алып, елде етек алған мұндай үрдістің жұлынын үзуде жанды шаралар қажет» деген жанайқайын әлеуметтік желі арқылы да таратып жатыр.
«Мал ашуы – жан ашуы» дегендей, әсіресе, есік алдындағы малына ғана арқа сүйеп, бала-шағасының несібесін ажыратып отырған қарапайым тұрғындардың еңбегін еш, тұзын сор қылған сұғанақтықтан түңіліп, терісіне симай отырғанын түсінуге болады. Жардай жануар түгілі орнына салдым деген ақшаң жоғалса да қалтаңды мың қарап, еш кетпенге есең кеткендей есің шығары рас. Оның қасында қараның құны қанша, сауып сүтін ішіп, айранынан құрт-май жасап, артылғанын сатып нан-пұл еткеннен басқа басы бүтін сатып жіберсең 200-300 мыңның үстіне айналар байлығыңды әккі ұрылардың әкесінің құны қалғандай, тіпті құлыптаулы қораңа қаймықпай кіріп, бір-ақ түнде топырлатып алдына сап, тайраңдап тайып отыратын қорлығын айтсаңшы. Осының барлығының астарында заңнан қорықпау, жазаның жеңілдігінен «басқа шауып, төске озған» тексіздіктің тұнып тұрғанында дау жоқ.
– Осымен төртінші малым қолды болып отыр. Тоғайда жүрген малды тұрған жерінде жығып салып, бас сирағын, ішек-қарнын қалдырып, таза етін тасаға апарып теріден асықпай ажыратып, саудалап жіберу – таза әккінің ісі. Сондайлардан зәразап болып, тоғайды тастап, малды үйге қойып бордақылағанда да сол ұрлық-қарлық тыйылмады. Мұндай қорқаулықтың жолын кесуде жеке адам қолынан ешнәрсе келмейді. Қоғам болып күресуіміз керек қой, – дейді Мейірбек бізбен әңгімесінде.
Ұрының бірі құтылар, бірі тұтылар. Ал ұрпақ ше? Ұрының да ұлы бар, қызы бар. Ар-ұяттың азабын тартатын солар-ау. Бәрінен бұрын осыны ойлап, қиналып отырмын.

Баян ҮСЕЙІНОВА

---
27 тамыз 2019 ж. 1 353 0