№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАСҚЫР АЛҒАН АЛАБАС

ҚАСҚЫР АЛҒАН АЛАБАС


Ымырт...

Өрістен мал қайтқан кез. Ерте көктемде қылтиып шыққан балауса шөптен мал басын көтермей «көк қуалап»  бір орында тұрақтамайтын мезгіл. Табынның басы ауылға кіргенімен аяғы қырдағы өрістен енді түскен. Темірдей аша тұяқтарынан көтерілген шаң батып бара жатқан күннің көзін жапты. Екінті мен ақшамның түйісер шағында мөңіреген сиырлардың үні тау етегін жаңғырыққа ұластырды. Табын арасында желіні толып, бүйірі бұлтиған сиырлардың жүрісі қалт, құтты бір жерден қалып баратындай бір-бірімен жарысып келеді.
Бұл бұзауына асыққан Зеңгі баба түлегінің аналық инстингі болса керек-ті.
Бесарық ауылына кіре-берісінде бір топ ауыл тұрғындары өрістен қайтқан түлікті түгендеп жатты. Олардың ішінде Әбілақат да бар. Таңертең сүйретіліп, ыңырана боршалап тұрса да өріске кеткен ала сиырын іштей уайымдап, алдынан шыққан. Табынды түгел көзбен сүзіп өтті. «Алабас» жоқ. «Ауылға ілінбей бұзаулап қояды ма екен? Бұзауласа төлінің денесі кеппей, түн суығына ұрынып қалатын болды-ау!» деген күдікті ой қылаң ете қалды.
Қасына үлкен ұлын ертіп, ауыл маңын сүзіп шықты. «Алабас» бой көрсетер емес. Қырды шарлап, сайды жағалап «Алабас, әукім-әукім» деп шақырып қояды. Іздеген жерде жоқ болып шықты. Ақыры табылмаған соң, жұлдыздарды бағдаршам етіп үйге беттеді.
Түнімен екі  жамбастап жата алмаған Әбекең: «Өріске неге жібердім екен» деп өз-өзіне өкінді. Таңды зорға арттырды. Ала көлеңкелі жарықта ауылдағы ағайыны Тәңірбергенді ерте ұйқысынан оятып, екеуі атқа қонды. Ат шабысын үдетіп, ауылдан біршама ұзап кетті. «Таркепенің» (қойшылардың ескі тамы) тұсында жалғыз тұрған сиырға көздері түсті. «Не де болса, біздің Алабас ғой» деген оймен тура тартты. Жақындап қалғанда сиырдың бауырында бұзау ағараңдап, еміп тұрғанын байқады. «Зеңгі баба ұрпағын жебеп-желеген екен-ау, бұзауқан аман-есен екен» деп Тәңірге тәубешілік етті. Аттан қарғып түсіп, Алабастың маңдайын сипап, сиырмен тілдескендей күбір-күбір етті. Иесі сиырға телмірді. Сиыр еркелеген баладай шекесін Әбекеңнің кеудесіне тосты.
Бір кезде жақын маңнан қыңсылаған иттің дауысы естілгендей болды. Әбекең жан-жағына көз жүгіртті. «Япырау, Сырттан байлаулы күйі үйде қалып еді. Бұл кімнің иті болды?» – деді.
– Тәке, сіз итіңізді ертіп пе едіңіз?
– Жо-жоқ. Ит ертуге мұрша бердіңіз бе? Ұйқымызды ашпастан төсектен тұра жүгірмедік пе? Оданша Гүлекеңе қуантыңыз, уыз көжеге қамдансын! – деп қалжыңдады.
Иттің ұлығанындай дыбыс тағы қайталанды. Бұл жолы ұзағынан қыңсылады. Бір кезде Тәкеңнің көзі аяқ адым жерде тұра алмай жатқан итке түсті.
– Әбеке деймін! Мынаны қарасаңызшы!
– О,тоба! Құдай сақтасын! Пәлі, мынау нағыз қасқыр ғой!
– Әбеке-ау, мынау өткен жылы Бақытбектің бір отарын қырып кеткен «Жырық құлақ» емес пе?
– Ә, сол-ау! Құлағы айнымайды. Солақай мерген Зәкеңнің оғы құлағын жырып өткен еді. Ешкімге әл бермей жүрген ит көз алдымызда дәрменсіз жатқаны несі?
– Апырау, мұны майып қылған кім?
– Соны айтам да...
– Әбеке, Алабастың мүйізіне мән беріңізші?
– Не болыпты?
– Мүйізінде көкшуланның жүндері жабысып қалыпты. Шамасы...
Тәкеңнің сөзінің жаны бар. Көкбөрі бір адым ете алмастай жұлыны зақымданған. Белі ирелеңдеп, алдыңғы екі аяғын басқанымен, артқы екі аяғын тіктей алар емес.
 Бұзауқанды атқа өңгеріп, сиырды алдарына салып ауылға беттеді. Тәкең: «Әбеке, Алабасты бұдан кейін «Қасқыр алған» десек қалай болады? Бір ауылдың нешеден бері келе жатқан кегін бір сәтте алып бермеді емес пе?» – деді.
Әбекеңнің сиырының қасқыр алғаны туралы ел түрлі әңгіме айта бастады. Мал екеш, мал да ішінен шыққан баласының амандығы үшін жыртқыш аңға тап берді. Қызыл танау бұзауын бауырына алғасын, ит-құстан сескенбейтін өжеттілік пайда болғандай! Бұл оқиға сонау соғыс жылдарындағы баласын танк басқалы тұрғанда ауыр техниканы артқы бөлігіне жармасып, танктың жүрісін тежеген батыр ананың болмысын көз алдыға әкелді. Бұл аңыз болар, бәрібір перзент үшін оққағар болып, ажалдың өзімен арпалысқан жоғарыдағыдай жайлар бауыр еті баласынан жеріген көкек аналарға ой түрткі болып, аналық сезімін оятары сөзсіз!
Мақпал МАРҚАБАЙ
30 қыркүйек 2018 ж. 1 694 0