№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖЫЛАН ЖҰТҚАН КӨНЕ ҚАЛАШЫҚ: «МЕЙРАМ-ТӨБЕ» ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

ЖЫЛАН ЖҰТҚАН КӨНЕ ҚАЛАШЫҚ: «МЕЙРАМ-ТӨБЕ» ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

   Ілгері өткен бір заманда Харун-ар Рашид атты патшаның баласы Сыр өңірінде өз патшалығын құрып, қызылқұм астынан бағалы тасқа айналған кен өндіріп, кесек-кесек алтынмен шыны-тасқа айналған маржан жинап, әбден байлыққа кенеледі. Қызыл-құм арасынан Құмиян атты кішкене қалашық тұрғызып, Араб елімен тығыз байланыс жасап отырған қалашығын үлкен сауда орталығына айналдырады. Шетел асып келген сауда керуендері Құмиян қалашығына тоқтап маржан тастармен қызыл алтынға өздерінің жібек маталарымен жылқы-түйе сияқты мал дүниеге айырбас жасаумен сауданы қыздырады. Құмиян қалашығы гүлзар баққа айналады, жан-жақтан халық келіп Құмиян маңына қоныстанады.
  Күндердің бір күнінде Алланың құдіретімен өте жойқын күшті әрі үрейлі дауыл тұрып бір түнде Құмиян шаһарын көшпелі құм басып қалады. Көптеген халық құм астында қалып қырылып кетеді. Харун-ар Рашидтің баласы Құмиян шаһарын тастап халқын жиып құм арасынан үдере көшіп Сырдария өзені бойына қоныстанады. Олар сол жерден үлкен лайдан патшалық сарайшығын тұрғызып көтереді. Патша сарайы маңынан қара халық үйлерін салып алады және сол жерден сауда базары салынып, халық тынымсыз сауда саттықпен айналысады. Жер-жерлерден саудагерлер түйелерге жүк артып бірі келіп, бірі кетіп жатады. Халық егін салып бидай өсіреді, қол өнер шеберлері саз-балшықтан неше түрлі құмыра ыдыс-табақ жасап, оны саудаға салып күн кешеді. Бұл жаңа қоныстары екінші рет қайта гүлденіп, бау-бақша егіліп, гүлзар баққа айналады. Күндіз-түні алыс-жақын елдерден есепсіз керуен тартқан саудагерлер келіп жатады. Патша сарайы маңы саудагерлерге лық толып халық саудасын қыздырып қысы-жазы, улап-шулап жатады. Соған байланысты болса керек, бұл жаңа қалашықтардың атауы «Мейрам-төбе» аталып кетеді.
Осы шаһардың маңында жалғыз бір кемпір өмір сүреді, ол жалғыз ешкісін сауып күн кешіпті. Бір күні бір тостаған сүтін үйінің іргесіне қояды, таңға жақын сүтін ішпекші болып қараса, тостаған ішінде сүт қалмаған, есесіне бір дөңгелек алтын ділдә жатқанын көрген кемпір қатты қуанады әрі қатты таңданады, мұны кім жасады деп еш нәрсеге ақылын жеткізе алмапты. Содан осы іс күн сайын қайталана береді. Жалғыз кемпірдің қарны тойып, ақырында мал жинап және үй көтеріп қызметші жалдап, жағдайы жақсарып, байыпты. Кемпір алтын ділдәні кім салатынын білу үшін ертесіне тостағанға құйылған сүтті кім ішетіндігін білу үшін ұйықтамай аңдиді. Түн қараңғыланып ымырт үйірілген сәтте тостағандағы сүтті бір қара шұбар-ала жылан лықылдатып жұтып ішеді де бір алтын ділдә теңгені тостағанға қайта құсып, жан-жағына ысылдай айбат шегіп, өзін аңдыған кемпірге қарап адамша тіл қатады. Егер осы құпиямды ел-жұртқа немесе патшаға айтар болсаң, Мейрамтөбе халқын тегіс қырып жойып жіберемін деп, ысылдап іргеден ирелеңдеп сыртқа шығып кетеді. Кемпірдің зәре құты қашып қатты қорқады.
  Күндердің бір күнінде Патшаның қазына сақтаушылары Патшаға хабар жеткізеді. Қазынадағы алтын ділдәміз күн санап азайып барады, оның мәнісін ешқайсымыз түсіне алар емеспіз. Қай жақтан келетін ұры екенін ешкім де көре алмай әбден састық дейді. Патша қаһарланып, бұхара халқын тегіс жинап, қазынасына ұры түсетіндігін, ұрының көзге көрінбей келетіндігін айтады да, кімде-кім сол ұрыны ұстап берсе барша өміріне жететін алтын беретінін айтады. Халық у да-шу болады, қанша қазына маңын торуылдағанмен ұры көзге түспейді, оны ешбір жан көре алмай әуре сарсаңға түседі, ал алтын ділдәлары күн санап азая береді. Содан Патша ақылшы даналарын шақырып мәслихат құрады. Бұл не жұмбақ қазына қақпасы берік, оны мың-сан нөкерлер қорғап тұр, ұры қайдан кіреді деп ақылын жеткізе алмай дал болады. Сонда бір ақылгөй дана қарт айтады, ел ішінде бір жалғыз басты тақыр кедей кемпір өмір сүреді. Ол сауда жасамайды бір жалғыз көк ешкісінен басқа тігерге тұяғы жоқ еді, сол кемпір екі-үш жылдың көлемінде байып шыға келді, отар-отар қойы бар, үйір-үйір жылқысымен табын-табын қара мал жинап әрі құл жұмсап, кімсің түгенше болып жүр. Сол кемпірде бір құпия сыр бар, соншама дүниені оған кім берді, осыған менің ақылым жетпей жүр дейді. Бұл әңгімені естіп таңданған патша нөкерлерін кемпірге жібереді, сол кемпірді алдыма алып келіңдер деп бұйрық береді. Патшаның айтқанын екі етпейтін нөкерлер бай кемпірді жеделдетіп алдына әкеледі. Патша кемпірге айтады, бір жалған сөз қоспай, бар шыныңды айт, әйтпесе басыңды шауып тастаймын. Сен қалай тез арада есепсіз байлыққа кенелдің дейді, кейуана кемпірдің жүрегі аузына тығылып, қол-аяғы дірілдеп қалтырайды. Бар шынын айтуға тілі күрмеліп көзі аларып кетеді, Патшаның қаһарлы жүзінен бір қорықса, еліңді тегіс қырамын деген қара-ала шұбар жыланның ескертуінен тағы қорқып, жұмған аузын ашпауға бекінеді. Оған қаһарлы Патша көне қойсын ба, сырын айтпаған кемпірге аяусыз дүре соқтыртады, жон арқасын қамшы тіліп қызыл-ала қанға боялған кемпір зар еңіресе де, сырын айта алмай шыдап бағады. Қабырғасын күйрете соққан дойыр қамшыдан шыдай алмаған кемпір ес-түсінен айрылып ақыры құлайды. Патша ызаға булығып кемпірдің үстіне су шаштырып есін кіргізіп қайта сұрақтың астына алады. Шыныңды айтсаң тірі қаласың, мал-дүние байлығыңада тимеймін дейді. Кемпір ботадай боздап сыңси жылап тұрып: Тақсыр, мен Сізге сырымды айта алмаймын, одан да жанымды қинамай басымды шаба салыңыз. Шындықты айтсам қазына түгілі бас қайғы болып, халқыңыз тегіс қырылып патшалығыңыз ойран бола ма деп қорқамын, мені тез өлтіріңіз, – деп Патшаға жалынады. Бұл кемпірдің сырын білуді тағатсыздана күткен Патша кемпірдің шынын айтқызуға ынтызарланып асығып, кемпірді отқа күйдіріп қақтаңдар деп өз нөкерлеріне әмір береді. Содан от жағылып жалын атқан қызыл шоққа кемпірді қақтап күйдіреді. Кемпірдің жаны шырқырап жан төзгісіз азапқа түсіп, шыдай алмай бара жатқасын, өзінің қалай байығанын Патшаға айтады.
  Патша нөкерлерін кемпірдің үйіне жіберіп, тостағанға сүт құйдырып оны ішіп орнына алтын құсатын жыланды аңдытады. Түн ауып таң бозара бастағанда, жылан ысылдай жетіп сүтті қылғыта жұтып болып, аузын ашып бір теңге алтын ділдәні тостағанға сыңғыр еткізіп тастап иіріліп сыртқа беттейді. Соңынан нөкерлер еріп отырып Патша сарайы маңындағы бір жер асты қуысына кіріп кетеді. Нөкерлер ұры жыланның сырын Патшасына айтады. Патша жылан кірген қуысты нөкерлеріне қаздыртады, сонда жер астынан үлкен үңгір апан табылады, іші тола бір-біріне айқасқан жыландарды көреді. Патша әскерлеріне отын әкелдіріп жылан ордасын өртетіп жібереді. Қазына алтынымды азайтқан сұм жыланның ордасымен қоса көзін жойып құрттым деп шаттанады. Бірақ қуаныш ұзаққа бармай Патша сарайын жылан қаптап кетіп, лезде халықты шаға бастайды. Мейрам-төбе халқы үш күнге жетпей жыландар шабуылынан бірі де құтыла алмай тегіс қырылады.
Соңында екі кісі аман қалып, малдарын айдап Өзбекстанға қарай қашады. Олардың соңына екі жылан ілесіп серке мүйізіне оралып Өзбекстанға жетіпті. Бір тайпа халықтың ішінен аман қалған екі адам диқаншылық жасайды. Бірі арық шауып жатқанда, бір оқ жылан құйрығын жерге шаншып оқтай ұшып әлгі кісіге шабады, ол қатты қорқып кетпенін төбесіне қалқалайды. Жылан ауаға секіріп кетпен тесігінен өтіп, ол кісінің басын тесіп өлтіреді. Екінші кісі жаңа піскен ыстық нанын орап төбесіне қойып досына әкеле жатқанда, оған да жылан шабуылдап ауаға секіріп ол кісініңде тура төбесіне шаншылыпты. Бірақ та әлгі жылан ыстық наннан өте алмай өліп кетіпті. Бір патшалықтан жалғыз кісі ғана осылай аман қалыпты делінген аңыз бар ел аузында, ежелден айтылып ұрпақтан-ұрпаққа жеткен.
Жастық шағымызда осы айтылған әңгімелерді ауылдың қарияларынан естіп өстік. Аңыздың астарында шындық та жатады. Содан бері Мейрам-төбені ежелгі халық ордалы жылан жұтқан шахар деп атаған. Ілгеріде талай адамдар сол шахардың маңынан шөккен түйедей болып күнге жалтырап шағылысып айдаһардай жылан жатқанын көргенінде қорқып, оны аңыз-әфсана қылып айтқанын естідік.


Набихан ШАЛАПОВ,
Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.

27 наурыз 2019 ж. 1 534 0