№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » КҮШ АТАСЫН ТАНЫМАС

КҮШ АТАСЫН ТАНЫМАС


Қызылорда облысы ұлттық ойындардан Республиканың барлық аламандарында олжа алып жүр. Әсіресе Жаңақорған топырағында қайта жаңғырып, балуандар биік-биік жетістіктерге жетуде. Мәселен, Мереке Құдайбергенова, Меруерт Әбубәкір, Алдаберген Нұрлыбек сынды жастар халықаралық додаларда ел мерейін асқақтатып жүргенін айтуға болады. Осы ретте Жаңақорған ауданында ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген азаматтың бірі – Мадияр Ахметов. Ол Қызылорда облыстық қазақ күресі қауымдастығының вице-президенті, Қызылорда облыстық белбеу күресі федерациясының президенті ретінде балуандардың жасындай жарқылдауына жағдай жасап жүр. Сондықтан «Сыр сұхбаттың» мінберіне меценат, ұлттық спорт жанашыры Мадияр Ахметұлын шақырдық.


– Қазақ негізінде командалық ойын­дардан гөрі жеке сайыстарды жете меңгерген. Оны жерлес балуандардың жетістігінен-ақ көруге болады. Жалпы белбеу күресі қайдан шықты? Бұрын естімеген екенмін.
– Бұл күрес түрі қазақтың табиғатында бар нәрсе. Бұрын ақсақалдар көрші ауылдарға асқа барғанда қасына балуандарын, әнші-күйшілерін, сал-серілерін, қомағайларын ертіп жүретін болған. Ас беріліп болған соң, «пәленше ақсақалдың балуаны бар ма?», деген кезде, өз балуанын шақырып алып, оның беліне атының шылбырын мықтап байлайды. Сосын екі балуан бір қолын ішінен, бір қолын сыртынан қапсыра ұстап, күресе кетеді. Бұл біздің ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан сайыс өнері. Қазақ күресінде де осының элементтері бар. Ұстаған қолы шығып кетсе, ол жарамсыз. Татар ағайындарда «күрәш» деген атпен танымал. Моңғол, тәжіктерде де бар. «Белбеу күреш» деп атайды. Мұны татарлар өздерінің ұлттық күресі деп таниды.
– Біз соңғы кездері қымыз бен саумалға ден қоя бастадық. Бірақ ұлттық сусынымыз деп мақтанып жүргенмен Солтүстік Қазақстан облысында жылқышының көмекшісі болған неміс ұлтының өкілі патенттеп алды. Ал «Көкпарды» қырғыздар иемденіп отыр. Біз алаңсыз жүргенімізде белбеу күресін татарлар еншілеп кетпей ме?
– Жоқ енді ешкім ала алмайды. Мұның ережесі самбо, дзюдоға да келмейді. Белбеу күрес адамның қарулы, қайратты екендігін айғақтайды. Бір қолыңыз белбеуден шығып кетсе, сіз жеңілген болып табыласыз. Екеуі алысып жүріп, кілемге жатып қалған кезде де, күресушілер қолын белбеуден шығармау керек. Мұнда күресушілер тіке тұрып лақтырады. Қазір бізде бұл күрестің Ұлттық, Халықаралық ұйымдары бар. Соңғы екі жылда Қызылорда облыстық белбеу күрес федерациясы Республикадан қатарынан екі рет үздік деп танылды. Республикалық белбеу күрес Федерациясының төрағасы ұлт жанашыры, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал лейтенант Абай Тасболатовтың іскерлік ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Әлемдік, Азиялық чемпионаттары ерлер мен қыздар арасында он екі салмақ дәрежесі бойынша өткізіліп келеді.
– Белбеу күрестен республикалық тур­нирлер мен чемпионаттар жиі өткізіледі ме?
– Мен өзім Жаңақорғанда бес рет сайыс өткіздім. Оның екеуі республикалық чемпионат, үшеуі республикалық турнир. Жарыстар жоғары деңгейде өтті. Оның дәлелі турнир жеңімпаздары спорт шеберлігіне үміткер атанды. Ал, республикалық чемпионат жеңімпазына Қазақстан Республикасының спорт шебері атағы беріледі. Шетелдермен байланысымыз бар. Соңғы екі жыл қатарынан Ресейдегі Татарстанда белбеу күрестен әлем чемпионаты өткізілді. Одан бір ұл, бір қызымыз чемпион атанды. Жаңақорған агротехникалық колледждің студенті де чемпиондық атақты қанжығасына байлады.
– Белбеу күресінің ережесін айта кет­сеңіз...
– Белбеу күресінде еңкейіп аяқтан ұстау дегендер атымен болмайды. Кім қарулы сол жеңеді. Күш атасын танымайды. Мұны бұрын самбо, дзюдо, еркін күреске қатысқан жасөспірімдер тез меңгеріп кетеді. Бұл – қазақтың элиталық күресі. Қазақ күресімен белбеу күресінде бір тізе бүгіліп, кілемге тиіп кетсе, әдіс жасауға болмайды. Иық, бел, білек негізгі рөл атқарады.
– Жақында Елорда да болып қайтқан екенсіз. Осыған тоқтала кетсеңіз.
– Қазақстан Республикасы белбеу күресі қауымдастығы президенті, Мәжіліс депутаты генерал-лейтенант Абай Тасболатов жылдың қорытынды жиынына арнайы шақырту жіберіпті. Жиын ҚР Қарулы күштер Министрлігінің «Дина­мо» спорт кешенінде өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ден астам адам жиналған басқосуға Халықаралық белбеу күресі федерациясының вице-президенті Равиль Валиев қатысты. Қауымдастық президенті Абай Бөлекбайұлы Жаңақорған ауданы спортшылары белбеу күресінен еліміздегі ең мықты федерация екеніне ерекше тоқталып, көптің алдында мақтау айтты. Бұл – Жаңақорған спортына берілген жоғарғы баға. Сондықтан арнайы кубокты мәртебелі қонақ Равил Валиев өзі табыстады.
– Тұлғаңызға қарасақ, балуан бол­мыс­тысыз. Ағартушы екеніңізді білеміз. Жалпы еңбек жолыңыз қалай басталды?
– Менің еңбек жолым Түгіскенде ме­ханиза­торлықтан басталды. Кейін директорлыққа дейін жеттім. Жамбылдың мелиоративтік институтының Қызылордадағы филиалын бітірдім. Қазір дарияның деңгейі жыл санап түсіп бара жатыр. Биліктегілер күрішшілерге басқа дақылға ауыстыруды сұрап отыр. Жылма-жыл су сорғыларының іргетасын көтеру де қиындап барады. Осы ойландырып жүр.
– Соңғы жылдар қазақ балалары еңбекке шорқақ. Арнайы білімі жоқтың қасы деген пікірмен келісесіз бе? Сіз агроколледжді басқарған жылдары оны бітірген түлектердің қайда орналасқанынан хабардар болып отырдыңыз ба?
– Біздің түлектердің 70-80 пайызы жұмысқа орналасады. Олардың 40 пайызы өз отбасын асырай алатындай мамандық алады. Ауылдық жерде шаштараз, тігін цехын, механика жөндеу, ағаш өңдеу цехтарын ашып, жұмысын өрге бастырып отырғандар жеткілікті. Несие алып, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандары бар. Мен мәселен, фермермін. Оқуды жақсы бітірген түлектердің біріне мал бақтырам, біріне трактор айдатамын, біріне егін ектірем. Мен, олармен азық-түлік немесе малмен есептесемін. Олар өзін өзі асырап отыр. Бірақ оны ешкім бақыламайды. Фермер оларға бұйрық шығарып, жалақы төлеп отырмағандықтан зейнетақы қорына да қаржы аудармайды.
– Агронарық тиімсіз болса, жастар құры­лыстан да қашады.
– Жақында осында бір құрылыс басына бардым. Кілең өзбектер жұмыс істеп жүр. «Жалақыларың қанша?» – деп сұрадым. «Бізге бергеніне қанағат» деп жауап берді. Олар уақытпен санаспай жұмыс істейді. Оларға азық-түлік те қазақтың үйіндегідей берілмейді. Сондықтан құрылыс компанияларының басшылары көрші елдің азаматтарын құрылысқа тартуға ынталы. Ал, еңбек нарығында қазақ жастары бәсекелесе алмайтын болды.
– Салиқалы сұқбатыңызға рақмет!

Ескендір Ертай.
28 сәуір 2019 ж. 2 875 0