№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » КІТАПХАНАШЫНЫҢ БІР КҮНІ

КІТАПХАНАШЫНЫҢ БІР КҮНІ

   Адамға рухани азық сыйлап, ғылым мен білімнің терең тұнығынан сусындатар мәдени орын – кітапхана. Ол кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір. Ал, кітапхананың тіршілігіне дем беріп, ұлттық құндылықтар мен рухани байлығымыздың арасын жалғастыратын дәнекер – кітапханшы. Осы ретте, Бірлік ауылдық кітапханасының кітапханашысы Күлаш Мүбаракқызының кітапхана ісіндегі еңбегі ерен.
   Бір қарағанда кітапханашының жұмысы жеңіл, қарапайым көрінеді. Жасыратыны жоқ, санамызда «кітапханашылардың жұмысы таза, тыныш» деген пікір қалыптасқан. Алайда, Күләш Сұлтанбаеваның бір күндік жұмыс барысымен танысқанда бұл ойымыздан үзілді-кесілді бас тарттық. Бір басына бірнеше міндетті жүктеп алған кейіпкеріміз азанғы тоғыздан жұмысқа барып, жұмысын көк жәшіктен бастады. Алғашқы оқырман келгенше кітапхана қорындағы 20944 кітапты электронды тізімге енгізумен айналысады. Қазір он мыңыншы кітапты енгізіпті.
  – Бүгінгі таңда елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл сандық технологияның тың жаңалығы бізге де келді. Электронды кітапхана қалыптасқалы бері кітапхана қорындағы кітаптардың барлығын компьютерлік тізімге енгізіп жатырмыз. Жаңашыл жүйеден ұтарымыз көп. Біріншіден, біздің қорда қандай кітаптар бар екенін білеміз. Екіншіден, кітаптарды сөрелерден іздегеннен гөрі электрондық нұсқадан тез тауып алуға мүмкіндік мол. Үшіншіден, қорда жоқ кітаптардың да тізімі автоматты түрде белгілі болады, – дейді кітапханашы.
   Бүгінде кітапхананың 840 тұрақты оқырманы бар. Күлаш Мүбаракқызы оларға сапалы қызмет көрсетуді өзіне айнымас міндет санайды. Әр оқырманның іздегенін тауып беріп, жоқ кітаптарды сырттан алдырып отырады.
– Күлаштың ауылда кітапханашы болғанына 30 жылдай уақыт болды. Өз ісіне адал. Оқырманның қалаған оқулығын тауып беруге тырысады. Кейде қорда жоқ кітаптарды ауылдан шыққан азаматтармен байланыса отырып, Алматыдан, Астанадан алдыртады. Одан бөлек, үнемі мәдени-рухани шаралар ұйымдастырып, оқушыларды қоғамдық істерге тартып жүреді, – дейді ауыл ақсақалы, белсенді оқырман Әріпбек Асанов.
   Ақсақалмен тілдесіп болғанымыз сол, рухани ордаға бір топ мектеп оқушылары келіп, кітапханашыдан қажетті кітаптарын сұрады. Бірі көркем әдебиет сұраса, енді бірі үй тапсырмасына берген қосымша материалды интернеттен тауып беруін өтінді. Шәкірттердің әр сөзін байыппен тыңдаған кітапханашы оларға кітапханада бар кітаптарды ұсынып, жоғын «онлайн кітапхана» арқылы ғаламтордан іздеп, қажеттісін тауып берді.
   Иә, кітапханашы болу әркімнің қолынан келе бермесі анық. Өйткені, кітаптің мол пайдасы мен құдіретін терең түсінген адам ғана рухани орында жұмыс жасай алады. Ал, бүгінгі кітапханашылардың негізгі міндетінің бірі – жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеп, олардың талғамына сай әдебиеттерді ұсынуға көмектесу, оқуға деген ынтасын арттыру. Осы ретте, Күлаш Мүбаракқызы да бірнеше әдеби-рухани шаралар ұйытқы жүр.
   – Кітапханашының жұмысы жаңалыққа құмарлықтан басталады. Себебі, кітапхана – тәлім-тәрбие ошағы. Жастар осында өткен шаралардан шабыттанып, кітап оқуға деген ықыластары артады. Мәселен, өткен жылы 40-тан астам рухани-әдеби жиын өткіздім. Шаралардың уақытылы, мәнді өтуіне ауылдың белсенді оқырмандары мен мектеп оқушылары, ұстаздар атсалысады. Көктем айында тағы бір іс-шара өткізу жоспарды бар, – деген кітапханашы Күлаш алдағы өткізетін жиынның дайындығына да кірісіп кетті.
   Білім ордасының белсенді оқушыларының басын қосқан кітапханашы олармен бірге алда өтетін Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» шығармасына арналған оқырмандар конференциясына дайындалу үстінде екен. Оқушыларға тапсырма беріп,  шараны жоғары деңгейде өткізуге барын салуда.
   Үнемі ізденіс үстінде жүретін кітапханашы ауыл кітапханасында өтетін шаралармен шектелмей, өзі де кітапханашылар арасындағы додаларға қатысып, аудан намысын қорғап жүр. Мәселен, 2018 жылы облыстық Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханада өткен кітапханашылар сайысында үшінші орынды қанжығасына байлаған. Атқарған жұмыстары елеусіз қалмай, облыстық мәдениет басқармасының және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатына лайықты деп танылған.
Р.S.: Кітапхана – мәңгілік парасаттың киелі мекені. Ал, қасиетті қазынаны көзінің қарашығындай сақтап, оны ел игілігіне жарауына икемдеп жүрген Күлаш Сұлтанбаева сынды кітапханашылар рухани орданың шырақшысы екені сөзсіз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.

03 ақпан 2019 ж. 3 835 0