№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » АУЫЛ АЗАМАТЫМЕН АЖАРЛЫ

АУЫЛ АЗАМАТЫМЕН АЖАРЛЫ


Тарихқа көз жүгіртсек, Өзгент совхозы 1973 жылы құрылды. Содан бері елді мекеннің іргесі бекіп, даму жолында талай азамат еңбек сіңірді. Солардың қатарында Қалкөз Әбдікәрімов болды. Ақсақал әлі қатардан түскен жоқ. Ауыл жұртының ауызбіршілігін арттырып, ортақ істерге бастамашыл болып жүр. Біз ел ағасын «Сенбілік сұхбаттың» төріне оздырып,
өмір жолы жайлы сұрадық.
– 1961 жылы Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы институттың (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) жаратылыстану факультетінде «Биология және ауылшаруашылық негіздері» мамандығы бойынша білім алдым. Дипломды алғаннан кейін еңбек жолым Жаңарықтағы №167 мектепте басталды. Онда жастарға биология пәнінен сабақ бердім. 1967-73 жылдары аудандағы партия комитетінің, мектептерді ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1973-97 жылы Өзгент кеңшары кәсіподақ комитетінің төрағасы, ауылдың әкімі қызметін абыроймен атқардым. Дегенмен, ұстаздық жолы маған ыстық болды. 1999 жылдан зейнет жасына дейін №224 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болдым.
Әрине, ұстаз болу өте үлкен жауапкершілікті жүктейді. Әсіресе, бастауыш сыныптың қазығы берік болғаны дұрыс. Өйткені елдің болашағы баспалдақтан басталады.
– Өзгенттегі өрімі өзгеше бетбұрыстар жайлы айта аласыз ба?
– Өзгент совхозы қалыптасу, даму кезеңдерінде түрлі қиындықтарды бастан өткерді. Алайда ауыл халқының ынтамақшылдығының арқасында өтпелі кезеңдерден абыроймен өте білді. Әсіресе, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауыртпалықты сезіндік. Еңбекқор өзгенттіктер нарыққа тез бейімделіп, шаруалары ширай түсті. Оған демеу болған зиялы қауымның қызметі бір төбе. Сол үрдісті бүгінде іні буын жалғастырып келеді.
Кейінгіге өнеге қалдыратын шаруа жасау мақсатында ауылдың 40 жылдық мерейтойын жасадық. 2013 жылдан бастап «Ауыл күні» деген мерекені өткізуді қолға алдық. Биыл осы мерекеге бес жыл толады. Оны ұйымдастыру арқылы әрбір үйдің ауласының, көшенің тазалығын сақтадық, мекемелердің мерейін өсіріп, жомарт жандарды ел алдында дәріптедік. Жалпы айтқанда, ауылды көркейтуге осылай ат салысып келеміз.
– Өзіңіз де ауыл басқардыңыз. Кешегі кеңестік жүйенің де, бүгінгі нарықтың талаптарын да жақсы білесіз. Басқару жүйелеріне қандай баға берер едіңіз?
– Кеңестік жүйе орталықтан басқарылатын. Сызып берген бағдардан шықпауың тиіс-тұғын. Ал, қазір ауылды дамыту үшін мүмкіндіктер бар. Әсіресе, кәсіпкерліктің дамуын ұтымды ұйымдастырып, ауылдың әлеуетін көтеруге болады.
Кеңестік кезең бізді ерте бейнетке байлады. Жас болсақ та жігеріміз жасымады, қайта қызметке қызықтық, еңбекке етіміз үйренді. Ал, қазіргі қоғамда шүкір бәрі бар. Мемлекет басшысының салиқалы саясаты арқасында өркениет көшіне ілестік. Болашақты бағдарладық. «Мәңгілік Ел» жасау қамына кірістік. Енді тек жас буынның білімге деген құштарлығын арттырып, еңбексүйгіш етіп тәрбиелесек болғаны.
– Бүгінгі өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көңіліңіз тола ма? Қазір дипломы бар түлектердің бос жүргені көп. Ауылда жастарға жұмыс бар ма? Осы сұрақтарды түйіндесеңіз.
– Тәрбиеге көңілім толады деп айту қиын. Жасыратыны жоқ оған өзіміз кінәліміз. Мәселен, мектеп қабырғасындағы кейбір пәннің орнына имандылыққа тәрбиелейтін дәрістер берілсе, сол арқылы балаларды шыншылдыққа, туралыққа үйрететін едік. Тек қазақы болмысымыздан, ұлттық тәрбиемізден айырылып қалмасақ игі. Себебі, жастар біздің болашағымыз. Елбасы қазығын қаққан «Мәңгілік Ел» идеясын іске асырушы өскелең ұрпақ. Расында, қазір мемлекет тарапынан қабылданып жатқан заңдар жетерлік. Түрлі жобалар бар. Тіпті, аудан әкімі Ғалым Әміреевтің кәсіпкерлік саласына, әсіресе жастарға ден қоюы бекер емес. Соны біздің жастар игілігіне пайдалана алса дейміз.
– Елбасы жуырда халыққа Жолдауын жолдады. Не түйдіңіз?
– Өзім қоғамнан алыс емеспін. Президенттің Жолдауымен тұтастай танысып шықтым. Таңдауым агрономдық сала болғандықтан Жолдаудағы жаныма жақыны ауылшаруашылық бағытындағы жаңашыл жобалар болды. Мәселен, «Ақылды технологиялар» агроөнеркәсіп кешенінің қарқынды дамуына мүмкіндік беретіні рас. Сондықтан, тілін ұқсақ техниканың заманауи дәуірге дәреметі мол.
– Сізді танитындар турашыл, әділ, әрі қарапайым дейді. Мұндай адами қасиеттер текпен келген болар?
– Әрине, тектілік атадан қалатын аманат. Азамат оны қастерлей алса игі. Кезіңде жастардың тәрбиесінде ауыл үлкендері атсалысушы еді. Яғни, ақсақалдар бағыт-бағдар беріп, адами қасиеттерді бойымызға сіңіретін. Сондай жақсы ортадан шыққанымыздан болар қарапайым, турашыл болуға тырысатынбыз. Адамға ең бастысы ар тазалығы керек.
– Жетпіс жаста адамның көңілі өзгермейді, көйлегі өзгереді дейді. Жетпістің бел ортасы келгенде өмірден не түйдіңіз?
– Өмірден түйгенім көп. Адам баласы фәниге келгеннен кейін ең алдымен өзінің бес парызын орындауы керек. Екіншіден, «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, кейінгіге өнеге қалдыра білу тиіс. Үшіншіден, адам болып қалыптасу. Бақсам, әрбір еңбектің бағасы бар. Өзім тер төккен төрт қызметтің де төріне шығыппын. Шүкір. Пенде болғасын еңбектің еленгенін қалайсың ғой. Өзің емес, өзгенің берген бағасы өміршең болады. Қауқарым қырдан түскенше еңбек еттім. Жоғарыда айтқандай түрлі салада ізім қалды. Міне, соның арқасында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, ВЛКСМ Орталық комитетінің «Комсомолдағы белсенді қызметі» төсбелгісімен, облыстық кәсіподақтар кеңесінің және облыстық білім департаментінің «Құрмет» грамотасымен марапатталдым.
– Соңғы сұрақ аға. Соңына перзент қалдыру үлкен сауап, садақалы іс екен. Өнегелі ұрпақ ретінде әке алдындағы парызды өтедім деп ойлайсыз ба?
– Шүкір, екі ұл, үш қызымнан немере сүйіп отырмын. Барлығы өмірден өз орнын тауып келе жатқан жандар. Жарым да химия пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз. Қос мұғалімнің шаңырағынан тәрбиелі балалар шығуы керек шығар. Сонда да, әке алдындағы парызымды өтедім деп айта алмаймын. Себебі, әкем мен үшін нағыз үлгі тұтар ердің төресі еді. Сондықтан, Алла берген ғұмырыңда адами болмысыңды өзгертпей, ел алдындағы парызыңды өтей білгенге не жетсін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әлібек ТЕМІРБЕК.
23 қаңтар 2018 ж. 1 681 0