» » » СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР


Жаңақорған төскейде малы, қырманда егіні жайқалып, нағыз дала еңбегінің көркін келтірген аудан. Мұның барлығы еңбеккерлердің тынымсыз еңбегінің жемісі. Алайда, сол диқаншы қауымды аяқ сумен қамту жауапты мамандардың мойнында. Осындай жауапты салада 45 жылға жуық уақыт қызмет қылған Өндірбек Өмірбековті «Сенбілік сұхбат» алаңына шақырдық.

– Биыл су тапшылығы аздап мазаны алып тұрғаны жасырын емес. Осы саланың білікті маманы ретінде мұны қалай түсіндіре аласыз?
– Дария суын Шардара мен Көксарай су қоймасы реттеп отырады. Жылда жауын-шашын мен қардың көп болуы, сондай-ақ, көрші айырқалпақты ағайыннан келіп құйылатын судың арнасы тұрақты болатын. Мәселен, Шардараға 5,2 млрд, Көксарайға 3 млрд. текше метр су сияды. Биыл мұндай деңгейде су жинау мүмкін болмады. Соның салдарынан Сыр өңірінің егіншілеріне су мәселеге айналып отыр.
– Еңбек жолыңызға көз салсақ, бір мекемеде 40 жылдан аса уақыт қалтқысыз қызмет етіпсіз. Бұл мамандыққа шынайы берілгендік пе, әлде басқа салада бағыңызды сынап көруге жүрексіндіңіз бе?
– Қандай салада болмасын ісіне адал, еңбегіне ептілікпен қараған адам ғана мамандықтың шыңына шыға алады. Ең әуелі өз-өзіңе адал бол. Өзіңді өзгерте алмасаң, қоғамға әсер ете алмайсың. Міне, мен осы ұстанымды ұстадым. Сондықтан болар еңбек жолымды бір мекемеде бастап, сол мекемеде зейнетке шыққанмын. Бір сөзбен айтқанда, еңбекке деген шынайлығың, халыққа деген қарапайымдылығың жоғалмаса бағың беселі болады. Мен осыны өмірлік тәжірибемнен байқадым.
– Адам өміріне бағыт-бағдарды мектептен алады. Осы естен кетпес жылдарға саяхаттап көрсеңіз...
– Бала жасымнан білімге деген құлшынысым жоғары болды. Мектепке таудан әпкеммен еріп келетінмін. Екпіндіде туылғаныммен балалық шағым көбіне тауда өтті. Өйткені, әкем қойшы болды. Бала кезде тауға келетін археологтарды көріп, болашағымды сол саламен байланыстыратынмын.
Сегіз жылдық мектепті бітіргеннен кейін облыс орталығындағы Ю.Гагарин атындағы №1 интернатта жоғары сыныптарды оқыдым. Жоғары білімді Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында инженер-гидротехник мамандығы бойынша алдым. 1973 жылы тамыз айында аудандық суландыру жүйесі басқармасы басшысы Құлжабек Айменов инженер-гидрометр қызметіне алды. Осылайша су деңгейін өлшеуші маман ретінде қызметімді бастадым.
Бір жылдан кейін құрылыс бөлімінің бастығы болдым. 1980 жылы бас инженер, 1986 жылы мекеме бастығы, 1994 жылдан зейнеткерлікке дейін су пайдалану бөлімінің бастығы қызметінде болдым. Міне, менің қызмет жолымдағы қысқаша тарихым осылай өрбіді.
– Сыр беткейдегі ауылдағы ағайынның негізгі еңбек көзі егіншілік. Әсіресе, күріштен нәпақасын тауып отырған тұрғындар үшін су тапшылығы тұрмыстың түзелуіне әсер етпей қоймайтыны ақиқат.
– Судың да сұрауы бар. Әрине, әр кезеңнің өзіндік ауыртпалығы болады. Әлі есімде, 1974 жылдың тамыз айында су болмай егіншілердің жерге төккен тері ақталмады. Тіпті, Келінтөбе каналы тұрғындарды тығырыққа тіреді. Осы жағдай 80-ші жылға дейін жалғасты. Кейбір шаруалар шығынға ұшырады. Осындай сындарлы сәттен сүрінбей өткен ауылдастардың бірлігі бекем болды. 1992 жылы Заңға өзгерістер енгізіліп, су жеткізіп беру жүйесі іске кірісті. Яғни, егістің әр гектарына арнайы тариф белгіленіп, қажетті мөлшерде су берілді. Мәселен, бір гектарға 25 400 куб текше метр су берілетін болса, онда бюджеттік келісімге келеді. Күріш 100 күннен аса суда тұруы тиіс, соған кететін шығынын, тағы қажетті құжаттарын есептеп тиісті суын алады. Бұл заң жүйесі әлі күнге дейін жүзеге асуда. 2012 жылдан бері 280 қожалық осы заң аясында аяқ сумен қамтылып келеді.
– Бізде осы егін-жайды сумен қамтамасыз ететін қанша канал бар?
– Бесеу: Келінтөбе, Сумағар, Тайпақкөл, Күркіреуік және Сунақ ата каналы. Оған Бесарық және Жиделі су қоймасын қосыңыз. Биыл Талап пен Манап ауылына агро-аймақ құрылатын болса, Бесарық өзенінің суына сұраныс артады. Жиделінің суы Жайылма ауылының негізгі күнкөріс көзі екені белгелі.
– Кәнігі мұрапшы ретінде ауданның су шығатын жерлерін жақсы білесіз ғой! Біздің аудан суармалы егістігін әлі де арттыруға мүмкіндігі бар ма?
– Мен ауылшаруашылық саласының маманы болмасам да, жердің құнарлығын зерделеп, таныс болып қалдым. Бізде егін қолайлы тұсы күннің көзі бірінші түсіп, жылуды керекті мөлшерде бере алуында. Алайда, жеріміз биік, әрі құмсауыт жері көп. Кейде биік жерлерге арықпен су жіберетін болсақ әлсіз ағынмен уақыттан ұтыламыз. Бірнеше жыл бұрын Байқоңырға барып қайттым. Бір байқағаным олардың жер асты суының ызасынан топырағы құнарлы келеді. Сондықтан, тамыз айында олар бізден бұрын өнім жинайды. Әрине, қыруар қаржы жұмсап, каналдарды жаңғырту жұмыстарын жүргізсе егін-жайдың көлемін арттыруға болады...
– Қариялық жасқа жеткенде өмірден үйренгеніңіз көп шығар. Адам тұлға болып қалыптасу үшін қандай қасиет керек?
– Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез. Олай болса, әрбір істі ақылға салып ойланып, сабырлы болған ләзім. Пенде болғаннан кейін қателеспейтін жан болмайды. Дегенмен қателіктен сабақ алып, оны қайта қайталамауды басшылыққа алған адам ұтады.
Қазақта «ердің ісін елі таразылайды» деген сөз бар. Шүкір, еңбегім бағаланды. Жақында «Су шаруашылығы саласының ардагері» төс белгісімен марапатталдым. Бұл да уақыт керуеніндегі еңбегімнің жемісі шығар.
– Өз кәсібінің жай-жапсарын жетік білетін, мамандығының қыр-сырын үздік меңгерген маманды кім қадірлемейді, кім сыйламайды?! Қызметіңіздің қырық жылын басшылықта өткізген уақытта қатал болып, тізеңіздің біреуге батқан кезі болды ма?
– Шыны керек, өтірік айтқанды жаным жек көреді. Туралыққа құмартып өстім. Сондықтан болар өмір маған қатал болуды үйретті. Егер ұрысып, дауыс көтерсем бұл қызметкерлердің еңбегіне тура қарап, ісіне адал болса дегенім ғой. Алайда, біреуге жекіріп, кек сақтаған кезім болған емес.
– Адам ұрпағымен мың жасамай ма? Бала тәрбиесінде де қаталсыз ба?
– Шүкір Аллаға! Төрт ұл, екі қызым бар. Көз қуанышым немерелерім қасымда. Әрине, тәрбиеге аса мән беремін. Жұбайымның мінезі жұмсақ. Ол да тәрбие мәселесіне келгенде елеңдейді. Себебі, ол өмірде ұстаздық салада аянбай еңбек етті. Дегенмен, тәрбие мәселесінде тым жұмсақтық танытуға болмайды. Әсіресе, ер балалардың еркелеп өскені қате. Мен жалғыз ұл болсам да, әкем мені еркелетіп өсірмеді. Содан болар мен тыңбай еңбек етіп, бүгінде абырой биігіндемін. Екіншіден, баланы жастайынан имандылыққа тәрбиелеген абзал. Зейнет жасына келіп мен де сәждеге бас иіп, парызымды өтеп келемін. Жалпы, баланы имандылыққа, туралыққа, батылдыққа бағытта тәрбиелесек, онда өскелең ұрпағымыз қуатты болады.
– Елге айтар тілегіңіз болса...
– Келер ұрпақтың аман болғанын, ел ынтымағының ажырамауын тілеймін. Ең бастысы қазақы болмысымызды, ұлттық санамызды жоғалтып алмасақ болғаны. Қалғаны уақыт еншісінде...
– Айтқаныңыз келсін. Рахмет!

Тілдескен Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
16 маусым 2018 ж. 1 934 0