№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Бплп дәрігері

  Тілі шықпаған сәбидің ауруын табу үшін байқампаз, қырағылық қажет. Ол үшiн баланың тәнi мен жанын жақсы бiлу маңызды. Халыққа сапалы медициналық көмек көрсетіп жүрген аудандағы балалар ауруханасындағы ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегін айту. Он бестен аса қызметкері бар бұл мекемеде білікті мамандар мен білімді жастар еңбек етуде. Дәрігер Ханзада Байниязованың басқаруымен майталман мамандар шыңдалып, сапалы қызмет төрінде жүр. Солардың қатарында Ақсуат ауылының азаматы Нұрдәулет Әбдірахманұлы да бар. Бес жылдан бері ауданға қатынап жұмыс жасайтын дәрігердің қызметіне жаңақорғандық жұртшылық көп жүгінеді. – Бұл менің жүрек қалауымдағы мамандық. Түйген тәжірибем мен алған білімімді балалар болашағына арнауға қызмет етіп жүрмін. Әрбір перзент өзінің жан дүниесіне жақын мамандықты таңдап, жүрегімен сүйсе ғана абыройлы шыңға шыға алады деген өмірлік қағидам бар, – дейді ол. Ол 2014 жылы Түркістан медицина колледжіне оқуға түсіп, 2017 жылы емдеу ісі мамандығын тәмамдап шықты. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы демекші, өмірге деген құлшынысты, тәлім-тәрбиені ата-анасынан кейін берген Фатима Ерімбетова, Гүлмира Егізбаева ұстаздарына алғысы зор. Күнделікті жұмыс барысын баяндаған кейіпкеріміз әр науқасқа бар ниетімен әрі шынайы пейілімен қамқорлық таныту өте маңызды екенін айтады. Оның айтуынша, бұл мамандық өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Себебі, денсаулық адам өміріндегі ең қымбат байлық болғандықтан, оның кері кетуіне түрткі болған дәрігер қателігін ешкім де кешіре қоймас. «Бұл мамандыққа келген соң, кез келген жанға қол ұшын созуға дайын болуың керек» деген Нұрдәулет Әбдірахманұлы кішкентай науқас балалардың көңілін табу қиынға соғатынын жасырмады. – Еңбек жолым басталған сәтте демеу болып, білгенін үйретіп, жұмысқа деген құштарлығымды оятқан дәрігер Ханзада апайдың еңбек жолымда көмегі көп тиді. Мен бөлімге келгенде жалғыз ер бала болдым. Ұжымым үлкен құрметпен қарайды. Қазақта «білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деген сөзінің астарында қаншама тәрбие мен өнеге жатыр. Сондықтан да әріптестер тәжірибе алмасып, жиі жұмыс барысын талқылап, білгендерін бөлісіп отырады. Өз мамандығыммен, ұжымыммен шын жүректен мақтанамын. Адам жанына жанашыр, емдеріне шипа тауып алғысқа бөленсек, міне ақ халатты абзал жанның нағыз бақыты осы, – деп шынайы көңілінен шыққан сөздерін ақтарыла сөз етті. Иә, медицина қызметкері болу қашан да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе, жұмысың балғын балақайлармен байланысты болса, онда оңай болмасы анық. Кішкентайлардың ауырған жерін анықтау, дертіне шипа табу аса ұқыптылықты қажет етеді емес пе, деген сұрағымызға кейіпкеріміз: «Балаларға ана ретінде барынша сүйіспеншілікпен қарауға тырысамын. Сәбилер – өте пәк, жұмбақ болады. Олардың тілін табу, бабын жасау әрине, қиынныңқиыны. Әйтсе де, қиналғанын жүрегіңмен сезу, аурудың алдын алуға кеңес беру біздің басты міндетіміз» – дейді Ханзада дәрігер. Міне, міндетіне адал жан Ханзада Байниязова бастаған балалар бөлімінің, жалпы барша ақ халатты дәрігерлердің ерен еңбегі осылай көрінеді. Олардың әрбір шуақты сөзі мен алтын қолы балалар еміне шипа, дертіне дауа болғаны қандай құрмет.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ
06 наурыз 2023 ж. 1 977 0