№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Ақ халаттылар антына адал болса екен»

«Ақ халаттылар антына адал болса екен»


Көптің игілігіне талаптанған жанның артында таудай белгі қалады. Табанынан тозып жүріп, жаңақорғандықтарға жаңа аурухана салып беруге күш жұмсаған білікті басшы, денсаулық саласының қайраткері Нұрылда Талиповтың есімі ел жүрегінің төрінде деуімізге болады. Бүгінде Астана қаласында тұрып жатқан ағаға арнайы жолығып, өткені мен бүгіні жөнінде келелі сыр-сұхбатқа қанықтық.
– Дәрігер мамандығын таңдауыңыздың себебі неде?
– Дәрігерлікті таңдауым – тағдырдың тартуы. Жаныңа аса жақын адамың жастайынан кесел жамап, сырқаттың азабын шегуі сенің жүрегіңе де ауыр соғады екен. Қайтсем де дәрігер боламын, ауруды емдеп жазамын деген мақсат бала кезімнен басты арманыма айналды.
Туып өскен жерім – Екпінді ауылындағы мектепті тәмамдаған соң Семей медициналық институтының педиатрия бөліміне оқуға түстім. Қызылорда облыстық ауруханасында интернатурадан өтіп, балалар бөлімінде хирург болып жұмыс атқардым. 1976 жылдан 1994 жылға дейін хирург, бас хирург, балалар бөлімі меңгерушісі бола жүріп, балалар және ересектер хирургиясы бойынша жоғары санатты дәрігер деңгейіне қол жеткіздім.
1994 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйғарымымен Жаңақорған аудандық ауруханасы бас дәрігері қызметіне тағайындалдым.
– Туған жер – тұғырың деп жатамыз. Ата-қоныс – аяулы мекеннің топырағының өзі кісінің бойына таңғажайып күш-қуатын құяды емес пе? Ауыл медицинасын алға апарудағы айшықты қызметіңізді Жаңақорғанға жаңа аурухана салу қамымен Астанаға сан рет қатынаған қарекетіңізбен дәлелдегенсіз. Бүгінгі күннің биігінен қарағанда талап тұғырына қалай қол жеткізуге болады?
– Жаңа ғасырдың табалдырығында қос өкпеден қысқан өтпелі кезең оңтайландыру деген оспадарсыз науқанға дем беріп, әлеуметтік сала әлемтапырақ күй кешіп, тұралаған сәттерді бастан өткерді. Оптимизацияның әлегінен медицина саласы дәрменсіздіктің кебін киді, қаржы жоқ, дәрі-дәрмек тапшы. Аудан орталығындағы ескі аурухананың жағдайы заман талабынан кейіндеп қалып қойған еді. Мұндай жағдайда ел саулығы қалай тіктеледі?
Жаңа аурухана салдырып, жабдықталу жүйесін жаңғырту талабына біржолата ден қойып, осы мақсаттың жолына шырақ алып түстім десем болады. Осы кездері Астана мен елдің арасын төрт жыл жол қылыппын. Еңбегіміз нәтиже тауып, жаңа нысанның қазығы қадалды. Заманауи соңғы үлгідегі соғылған, архитектуралық ансамблі айшықты, жаңа технологиямен жабдықталған 190 орындық денсаулық нысаны тұрғындарға есігін айқара ашты. 8,5 шақырымға канализация жүйесіне қосымша қаржы бөлдіріп, жаңа жайда толыққанды жағдай қалыптастырдық.
Жаңа аурухана жаңа медициналық аппаратуралар: рентген, УЗИ, реанимация, физкабинет құрал жабдықтарымен толықты. Осыған сәйкес кадрлардың біліктілігін арттыруды жолға қойдық. Жабылу қаупі туған ауыл ауруханаларын фельдшерлік амбулаториялық бекет деңгейінде сақтап қалуға күш жұмсадық.
Үкіметтің ел денсаулығына бағытталған қамқорлығына қиянат жұқтыруға болмайды. Емдеу нысандарында дәрі-дәрмек тапшылығы дегенді болдырмауға нақты жұмыс жасалды. Осындай таза ниетті талаптың нәтижесінде ана мен бала саулығын жақсартып, салада сан түйткілдерді тікелей облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе шешуді жолға қойдық.
– Емдеу нысандарындағы нәтижелі қызметтің сапасы білікті кадрға байланысты ғой. Дәрігер мамандығының мәртебесін қалай қалыптастыруға болады?
– Дәрігер өмір бойы үйренуі керек. Өз мамандығын терең сүйетін жан оның қалтарысы мен қырын бес саусақтай меңгеріп, қиындығын да қайыспай көтереді. Қазір маман тапшылығы дегеннен құтылдық. Мамандарымыз ұдайы білімін жетілдіріп отыруы тиіс.
Кәсіп беделін бекемдеуге деген көзқарас дұрыс болу керек. Дәрігердің жұмыс жүктемесіне қарай ақы төлеуді әділ жолға қою да ынталандырудың бір жолы. Ең бастысы, ақ халаттылар антына адал болса екен деймін.
– Елдің өз денсаулығына деген жауапкершілігіне қандай баға бере едіңіз?
– Жайбарақаттық басым. «Қазақпыз ғой, жүре береміз» деген жаттанды сөздері бар. Әркім алдымен өз-өзін сыйлай білуі керек дер едім.
Адам өмір сүру ұзақтығының 30 пайызы медицинаға тәуелді. Қалғаны адамның әлеуметтік деңгейіне, содан кейін салауатты өмір салтына тікелей байланысты. Темекі шегу, ішімдікке әуестік те өз өміріне бата шабумен бірдей. Біз мұндай кеселден саналық тұрғыдан жаңару арқылы ада-күде арыламыз. Өмір жасына интеллектің де әсері бар. Адам интеллектуалды қызметпен айналысқан сайын өмір жасы да ұзарады. Замандастарыма, жастарға айтарым, таза ауада ұзақ серуендеп, рухани тағылымдық шаралардан шет қалмаңыздар. Көркем әдебиетті көп оқып, ән мен күйге жақын жүру де жан сарайын азықтандырады, жүрекке қуаныш сыйлайды.
– Бос уақытта немен айналысасыз?
– Театр, мұражай, ұлттық кітапхана сынды мәдениет нысандарын араласам жаным жай табатынын жасырмаймыз. Туған жердің тынысына құлақ түріп, жылт еткен жаңалығын бөлісуге асығып тұрамын. Туған ауылыма мешіт салып беріп, көңілімді бір демдеген жайым бар. Ауылдастарымнан қолымнан келгенінше қамқорлығымды үзбеуге тырысамын. Туған жерге мәңгілік қарыздармын. Әріптестеріме айтарым, кәсіби кемелділік – денсаулық сақшысы мамандығына мағына беретін күре жол осы. Осы бағыттан таймаңыздар.
– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Баян ҮСЕЙІНОВА.
21 сәуір 2018 ж. 1 829 0