Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МЕЙІРБИКЕ – МЕЙІРІМ ИЕСІ

МЕЙІРБИКЕ – МЕЙІРІМ ИЕСІ


Мейірбике – науқастың саулығына дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарайтын денсаулық жанашырының бірі. Дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің ем-домды уақытылы көрсетіп, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруына тікелей байланысты екені анық. Осы орайда, ақ халаттылардың айнымас серігіне айналып, науқастардың дертіне дауа дарытуға атсалысып жүрген денсаулық сақшысының бірі ретінде Ақмарал Бердиеваның еңбегін ерекше атауға болады.
Ол аудандық орталық аурухананың «Хирургия» бөлімінде 30 жылдан аса қызмет жасап, өзіне жүктелген сенімді абыроймен арқалап жүрген адам жанының жанашыры. Қызылорда қаласындағы медициналық колледжді бітіргеннен кейін аудандық аурухананың хирургия бөліміне анестезист-медбике болып орналасып, наркозға және тыныс алуға арналған құрылғыларды, инфузион және трансфузионға арналған заттарды дайындап, операциядан кейінгі науқастарды күтіп, анестезиолог дәрігерлердің қасында шыңдалады. Кейіннен кезекші мейірбикелікке ауысады. Ал, 2009 жылдан бері қарай хирургия бөлімінің аға медбикесі қызметін абыройлы атқарып келеді.
Бөлім құжаттарымен айналысып, басшылармен жұмыс жасайтын аға мейірбикенің жауапкершілік жүгі ауыр. Өйткені, өзі басшылық етіп отырған медбикелер мен тазалықшылардың міндеттерін реттеп, жұмыс кестесі мен тәртібін қадағалап, қол астындағы қызметкерлерді науқасты күтіп-баптауға үйрету тікелей соның жауапкершілігінде. Сонымен қатар, жұмыс сапасын арттыру, шаруашылық бөлімді қадағалау, дәрігердің нұсқауларын сапалы орындау мен қажетті дәрілерге ұсыныс жасап, оларды мейірбикелерге уақытылы бөліп отыру да аға мейірбикенің құзіретіндегі іс.
– Жалпы, аурухана ісінің оңайы жоғы белгілі. Десе де, хирургияның көтерер жүгі ауыр. Өйткені, бұл жерге көбіне ауыр дертке шалдыққан науқастар түседі. Осы уақытқа дейін қызмет барысында көп оқиғаны бастан өткердік. Мұндай жауапкершілігі жоғары қызметті арқалап жүрген бөлім медбикелері мен тазалықшыларының еңбегі зор. Түрлі науқаспен жұмыс жасайтын болғандықтан қызметкерлерге ең бастысы – ептілік, мейірімділік, жанашырлық қажет. Осындай қасиеттің барлығы біздің қыздардың бойынан табылады, – дейді аға медбике.
Оның сөзінше, қазір бөлімде сегіз мейірбике, он тазалықшы жұмыс жасайды. Бүгінде науқастарға арналған 20 төсек бар. Дегенмен, бұл бөлімде осыған дейін 40 науқасқа дейін ем алатын болған. Кейіннен «травматология» бөлініп шығып, төсек саны біршама азайған.
Иә, көбі қырық науқасқа дейін ем алатын, күн-түнмен санаспай адам жанына араша түсетін бөлім қызметкерлерінің еңбегі қашанда еленуге лайық. Өйткені, нақ осы хирургия бөлімінде түрлі ота жасалып, ашық жарақаттардың ем алатыны анық. Ал, осындай жауапкершілік жүгі ауыр бөлімді басқарып, ондағы қызметкерлердің жұмысын үйлестіру ептілік пен іскерлікті талап етеді. Міне, осындай асыл қасиет бүгінгі кейіпкеріміздің тұла бойына сіңіп, болымыс-бітімінен орын тапқандай.
– Ақмарал Қалдарбекқызының ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Оған жұмыс барысында куә болып жүрміз. Өз ісіне үлкен жауаптылықпен қарап, ыждағаттылықпен атқарады. Дәрігер ретінде ол кісінің атқарған жұмысына көңілім толады, – дейді бөлімнің хирург-дәрігері Құрманбек Шакенов.
Түйіндей айтқанда, медицинадағы ауыр жүкті арқалайтын негізгі буын ретінде Ақмарал Бердиева сынды медбикелер науқастарға көмектесуді алдыңғы кезекке қоятын, олардың сапалы ем алуын тікелей қадағалайтын адам жанының жанашыры.

Айсұлу ӘЛІМБЕТОВА.
17 наурыз 2018 ж. 3 647 0