Соңғы жаңалықтар

№81 (8792) 12

12 қазан 2024 ж.

№80 (8791) 8

08 қазан 2024 ж.

№79 (8790) 5

05 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » ХИРУРГКЕ ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ ТӘН

ХИРУРГКЕ ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ ТӘН


«Хирургтың қолы – әйелдердікіндей нәзік, көзі – бүркіттікіндей қырағы, жүрегі – арыстандыкіндей айбатты болуы керек» деген қанатты сөз бар. Әрі, олардың сөзі де қуатты, жанға жылу беретіндей болғаны абзал. Осыдан-ақ, хирург болудың жауапкершілігі жоғары екенін ұғасыз. Адам өміріне жауапты мамандықтың салмағы да өте ауыр. Осы тұста, Нұрхан Инятханұлы бұл саланы таңдағанын мақтан етеді. Сондықтан, біз медицинаның қыр-сырын меңгерген білікті дәрігердің бір күндік қызметімен танысуды жөн көрдік.
Сағат 10.00. Жоспар бойынша аудандық емханаға жол тарттық. Сырттай бақылағанға оңай көрінетін дәрігерлер тынысының бір күні түсінгенге қиындығы көп. Таңғы қарбалас жұмыс уақытында №210 бөлменің есігін қақтық. Біз барған уақытта хирург егде жастағы ақсақалдың тізе ауруына ем-дом жасап, артынша жетпісті алқымдаған әженің сараптамасын көріп, бауырды тексертуге қайта жіберді.
Жалпы, денсаулық сақшысының жұмыс күні пациент қабылдаудан басталады. Ол науқасты тексереді, ем тағайындайды. Арнайы мамандандырылған мамандарға немесе ем қабылдауға жатқызуға жолдама жазады. Ауырғандығын растайтын парақша рәсімдейді, медициналық тексеру картасын толтырады. Құжат толтыру, есеп беруді түзу, тұрғындармен санитарлық-ағартушылық жұмыс жасау да хирург-дәрігердің міндеті екенін аңғардық. Міне, осындай тынымсыз қызметтің арасында уақыт тауып әңгімеге тарттық.
– Түске дейін 20-дан аса науқасты қарап, қажетті дәрі-дәрмегін жазып береміз. Егер уақыт күттірмейтін сырқаттың түрін анықтасақ бірден іске кірісіп, ота жасауға дайынбыз. Емханада осындай мүмкіндік жолға қойылды. Бір сөзбен айтқанда біздің қызмет дер кезінде ауырған жанға араша болу, – деген дәрігер жаңадан келген заманауи аппарат түрлерімен таныстырды.
Алдымен, ота жасауға арналған «Цистоскопия» аппаратымен таныстық. Оның қызметі қуық жолдарының қабынуын, ер адамдардағы зәр жолдарының өткізгіштігін, несіп зәр жүйесіндегі тасты анықтауға және оны уақытылы алып тастауға арналған. Болашақта жарық (грижа) және басқа да ауру түрлеріне ота жасайтын құрылғының әлеуеті зор.
– Технологияның дамыған уақытында заманауи медициналық аппараттарды меңгеру талабы күшейді. Өйткені, оның тиімділігі көп. Мәселен, қазақша айтқанда ысытып-құрғатқыш стирелдеу шкафын алайық. Оның қызметі отадан кейінгі инструменттерді сол құрылғыға салып қойып, аз уақыттың ішінде құрал-саймандар таза күйінде қайта отаға дайын күйінде болады. Яғни, отадан кейінгі инструментті аз уақыт мерзімде шкаф арқылы залалсыздандыру. Бұл уақыт тиімділігін арттырады. Көгілдір лампылар шкафы да бар. Міне, осындай көмекші құралдармен уақыт үнемдеу мен сырқаттың алдын алуға мүмкіндік мол, – деді хирург.
Елбасы жылдағы Жолдауларында денсаулық сақтау саласына жіті қадағалау жасап келеді. Биылғы «Төртінші революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану мен «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттігін айтқан болатын. Осы орайда жуырда «компьютерлік томография» қызметі іске қосылмақшы. Нұрхан Асханов сол саланың маманы болатынын жеткізді.
Түскі сағат 15.00. Кейіпкеріміз аудандық қорғаныс істер бөліміне аяқ басты. Жастарды медициналық тексеруден өткізіп жатқан ақ халатты жан бала кезден дәрігер болуды армандапты. М.Нәлібаев ауылында дүниеге келген болашақ хирург №196 мектепті үздікке бітіріп, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түседі. Жоғары білімін 2006 жылы тәмамдағаннан кейін, еңбек жолын аудандық ауруханада дәрігер мамандығы бойынша бастайды. Қабылдау бөлімінің бөлім меңгерушісі болған ол бүгінде емхананың хирург дәрігері қызметінде жүр.
Хирург-дәрігер болып жұмыс істеу үшін берік жүйкеден басқа, шыдамдылық, ұстамдылық, сабырлылық қасиеттерге ие болуы тиіс. Әрі, медициналық аппараттар мен хирургиялық құралдарды пайдалана алуы керек дейді кейіпкеріміз. Бүгінде қос баланың әкесі, білімді де, білікті дәрігер көпке үлгі болатындай маман. Бір сөзбен түйіндегенде, болашағын адам денсаулығының арашасы ретінде таңдаған Нұрханның қызметіне тұрғындар разы.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
03 ақпан 2018 ж. 2 090 0