№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » КҮЛДІРЕ БІЛУДЕ ҮЛКЕН ӨНЕР

КҮЛДІРЕ БІЛУДЕ ҮЛКЕН ӨНЕР


                               

«Өнерліден өнеге ал, таланттыдан тәлім ал». Себебі, өнер - он іспен тең, өнерпаз – он кісімен тең деген баға бар. Осындай киелі өнер кім көрінгенге жұға бермейді, оның құдіреті жан-тәніне қонған кісі ғана көтере біледі. Біздің бүгінгі сұхбаттасымыз Ғалымжан Қаппаров сондай саңлақ сипатқа ие айтулы өнер адамы. Ол – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік «Шаншар» әзіл-ысқақ және сатира театрының белді әртісі. Әрине, бұл әзіл отауын білмейтін адам кемде-кем шығар. Өйткені, өнер ұжымы қоғамның көлеңкелі тұстары мен шынайы бейнесін қазақы қалжыңмен, астарлы әзілмен жеткізуге шебер. Осындай көрерменнің көзайымына айналған театрда сан рөлдерді айрықша сомдап жүрген Бірлік ауылының тумасы Ғалымжан Қаламбайұлымен сәті түскен кездесуде әңгімеге тартқан едік.
Аға, талай талантты ұлдардың ауылдан шыққаны ақиқат. Себебі ауыл мәдениеті – ұлттық құндылықтардың алтын өзегі. Осы тұста, ең алғаш өнер әлеміне қадам басу мектеп сахнасынан басталған шығар?
Ол рас. Ауылдағы түлеп ұшқан қасиеттті білім шаңырағы көптеген танымал өнер иелерінің қабілетін шыңдаған киелі орда. Жастайымнан қазақы қалжыңға жақын болдым. Мектеп қабырғасында жүргенде түрлі мәдени шаралар, көңілді тапқырлар клубында, скетчтік қойылымдарда ойнадық. Алайда ең алғашқы өнерге деген талпынысым тоғызыншы сыныпта ашылды. Бірде тау беткейде қозы бағып жүрген жерімнен ауылдық клубқа алып кетті. Бұл 1992-і жыл. Барғаннан кейін белгілі болғандай, Бірлік ауылдық клубында халық театры атағын қорғағалы жатыр екен. Осылайша қарапайым қозы бағып жүрген ауыл баласына спектакльде кішігірім рөль берді. Міне, киелі сахнаның құдіретін осы қойылым барысында ұқтым. Өнерге деген қызығушылығым одан әрі арта түсті. Бірақ, 1994 жылы мектепті бітіргеннен кейін әкем мені Алтайбай деген кісінің қолына қойшыға көмекші қылып жіберді. Дала қонысында төрт түлікке ие болып, қойшының қолқанатына айналдық. Десе де, шын талантты болсаң, Жаратқан жерде қалдырмайды екен. Ауылда Нұрғайша Қыпшақбаева деген режиссер әпкеміз бар. Мәдениет майталманы. Міне, осы кісі Жетісай қаласындағы Ш.Қалдаяқов мәдениет училищесін тәмамдап келгесін, ауылда қызмет атқарды. Кәсіби тұрғыда өнер жолына түсуіме себепкер болған Нұрғайша апайға қашанда алғысым шексіз. 1995 жылы Бірлікте өзім секілді бойында таланты бар талапкерлерді жинап, өзі тәлім алған Жетісайдағы училищеге алып барды. Нұрғайша апайым барғанша Қалтай Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» атты пьесасындағы «Шыбын» деген монологты жаттаты. Шыны керек училищеге бойымдағы таза талантымды бағалап қабылдады. Өйткені, қолымда аттестатымда жоқ еді. Оқуға түскеннен кейін, алты айдан кейін мектепті әктеп жүрген апайларым тауып алған ғой аттестатымды. Бұйырған деген осы. Араға төрт жыл салып, дипломы бар әртіс болып шыға келдік.
Расында шын талантқа тұсау жоқ. Өнерге деген жақындық қанда бар қасиет болып тұр-ау шамасы...
Иә, шаңырақта он ағайындымыз. Марқұм анам Жанат он құрсақ көтерген. Оның сегізі өнерге жақын. Әкеміз Қаламбай көпке сыйлы, ақжарқын аптал азамат еді. Ұзақ жылдар фермада бас есепші болып абыройлы қызмет етті. Оған қоса, саналы ғұмырын ауыл-аймақта ағайын-туыс пен бұқара халықтың қуанышына ортақтасып, қырық жыл асабалық қызмет көрсетіп, елдің ықыласына бөленді. Міне, алманың алма ағашының ұзаққа түспейтінінің белгісі.
Алғашқы еңбек жолыңызды қайдан бастадыңыз?
– 1999 жылы Жетісай мәдени-ағарту колледжін тәмамдағанан кейін, осы қаладағы Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театрға әртіс болып жұмысқа орналастым. 2012 жылға дейін осы театрда шығармашылық шабытымызды шыңдап, қалыптастық. Осы жылдар ішінде, 60-жуық спектакльдің 80 пайызында басты рөльдерді сомдадым. 2005 жылы Қызылорда қаласында өткен халықаралық театрлар фестивалінде «Алпамыс батыр» спектакльн сахналап, бас жүлде алдық. Сондай-ақ театрмен қоса өзім сатираға жақын болғандықтан «Шымшыма» әзіл-ысқақ отауының негізін қаладым. Драма мен сатира театрын қоса алып жүріп, көпшіліктің ықыласына бөлендік. Содан 2012 жылы Шымкент қаласында «Күлкі күніне» орай фестиваль өтті. Байқауға «Шымшыма» театрымды алып барып, авторлық «Өзгізбайдың отбасы» атты қойылымды сахналадық. Осы жерде «Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әбдірайымовтың көзіне түстім. Содан ары қарай осы сатира театрындағы жерлес інім Дәурен Әбиев себепкер болып, «Шаншар» әзіл-ысқақ және театрының әртісі атандық.
Аға, күлдіре білуде үлкен өнер. Себебі, бүгінгі бұқараны арзан күлкімен алдай алмайсыз. Осы тұста, талғампаз көрерменді шынайы күлкіге қарық қылу қаншалықты қиын?
Расында қазіргі таңдағы қарбалас заманда халықты күлдіру оңай шаруа емес. Театрда көбіне әзілдерді өзім жазамын. Ел-жұрттың арасында жүргенде образ жинап жүреміз. Боямасыз өмірдегі қарапайым адамдардың байқамай тұрған тұсын байқап, қиялмен суреттеп сахнаға алып шығамыз. Жалпы, қазақы қалжыңның әзілі мен мысқылы, қайталанбас қағытпа сөздері сүйегіңнен өтетін өткір келеді. Кешегі Бейімбеттің мысқылы, Қалтайдың қалжыңы, Асқардың сықағы, Оспанханның әзіл-оспағы деген теңеулер осыдан қалса керек-ті. Біздің театр көбіне қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді уытты әзілімен түйреуге қалыптасқан. Бір ғана «Өзгізбайдың отбасы» атты қойылым қоғамдағы шырқы бұзылған отбасылардың бейнесін сомайды. Оған қоса, доллар бағамының көтерілуі, білім реформасындағы өзгерістер жайлы өткір сықақтарымыз елдің көңілінен шықты.
Иә, «Шаншар» десе, ел ішкен асын қоя салып, теледидарға телміреді. Және де көзіқырақты көрермен көңілінен шыққан сәтті сықақтың бірі ол өзіңіз басты рөльде ойнайтын ұялы телефонға қатысты қойылым...
Жасыратыны жоқ, үңілген жастардан, түңілетін заман туды. Бұрындары майл-ру сән еді. Бүгінде «Уацапсыз» уақыты өтпейтіндердің саны өсуде. Қайда барсаңда, телефонға телмірген жастарды көресіз. Әрине, жас буын қалтафонның ішіндегі интернетті игілігіне икемдесе қуанамыз. Бірақ, көбісі ойын ойнап, әлеуметтік желінің әлегіне түсуден әрі аса алмай жатыр. Бір сөзбен айтқанда, уақыттың қадірін түсінбей жатырмыз. Себебі, уақыт – адамзат баласына берілген баға жетпес құндылық. Міне, осындай қоғамдағы өзекті де өткір мәселеден туындаған ойдың нәтижесінде телефон туралы тамаша көрініс шықты. Яғни, ұялы тетіктің кесірін өткір әзілмен көрсеттік. Негізі біз халықтың өз бидайын өзіне қуырып берудеміз. Астарлы әзіл аспаннан емес, ел ішінен шығады. Сондықтанда жас буынға айтарым, ұялы телефонға телміргеннен гөрі, әдеби кітаптар мен жергілікті «Жаңақорған тынысы» газетін оқыса көкжиегі кеңейер еді.
«Туған жер» дегенде ең әуелі есіңізге не түседі?
Ес біліп, ер жеткен шағымның он сегіз жылыЖаңақорғанда өтсе, өнерге бейімделіп, кәсіби маман болуыма себепкер болған Жетісай қаласында он сегіз жыл тұрыппыз. Ауыл деген шіркін, қашанда ыстық қой. Туған жерге табан тіресек, ағайындарды көрген сайын марқұм ата-анамызбен қауышқандай болып қайтамыз. Өздеріңізге белгілі, Елбасы рухани жаңғыру мақаласында: «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Өйткені, туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді» деп атап өтті. Тамаша айтылған тебіреністі сөз. Себебі, туған жерге деген сүйіспеншіліктің барлығы да кіндік қаның тамған атақонысқа құрметіңнен басталады. Сондықтанда Қарт Қаратаудың етегіндегі Ақүйік ауылына қашанда құрметім жоғары.
–«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, отбасыңызда өнерге бейім ұрпақ өсіп келе жатқан шығар?
Шүкір, жарым екеуміз Алланың берген төрт ұл, бір қызын тәрбиелеудеміз. Төрт ұлымның барлығыда өнерге жақын. Уақыт төреші. Бәлкім біздің жолды жалғастырып, танымал, ел сыйлайтын мәдениет майталмандары шығып қалар. Бастысы, Алла тіл-көзден сақтап, еліне елеулі, халқына адал қызмет ететін патриот болып өссін.
–Рахмет аға, өнеріңіз өрге жүзсін!
                                                                                  Әбдісамат ӘБДІШ.
                                              
20 сәуір 2018 ж. 2 102 0