Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАҢАҚОРҒАНҒА КӨПЕН КЕЛДІ

ЖАҢАҚОРҒАНҒА КӨПЕН КЕЛДІ


«Көпен келе жатыр» дегенде көптің езуіне еріксіз күлкі ұялайды. Бұл тіркес Көпен Әмірбектің сатира әлеміндегі «визиткасына» айналғандай. Астарлы зіл әзілдері арқылы қоғамдық пікір қалыптастыра алатын сықақшы, ақын Көпен Әмірбек Жаңақорған топырағына келді.
Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде көрермендерімен кездескен қаламгер шығармасынан туған туындыларынан сыр шертті. Аудандық «Жаңаша» әзіл-сықақ отауының 30 жылдық мерейтойымен ұштасқан шара мағыналы өрбіді. Әу дегеннен-ақ қоғамдағы келеңсіз көріністерді, замандастарының болмыс-бітімін сатира найзасына ілген сатирик қазақтың белгілі тұлғалары туралы да естеліктерімен бөлісті. Көрерменнің езуіне күлкі үйіріп, қоғамның шынайы бейнесін сықақтың шырағымен түйіндеген ақын әзілі жиылған қауымның көкірегіне күлкінің дәнін сеуіп, шынайы күлдіре алды.
«Көпен келе жатыр» атты әзіл-сықақ кешінде ол өзінің өткір әзілдерімен қоғамдағы бүгінгі жағдайларды астарлап жеткізді десек, әңгіменің әлқиссасын содан бастасақ. «Қарға келіп қарқ етіп, қалқып ішіп ол кетті, көбелек келіп күмп етіп, көлпіп ішіп ол кетті, сауысқан келіп саңқ етіп, сарқып ішіп ол кетті. Бұрынғылардың бұл өсиеті бүгінгі қоғамның айнымас келбеті. Сондықтан, сатира осындай оқулыққа таптырмас қару болып тұр» дейді сықақшы. Сондай-ақ, қоғамның сан саласынан саңылау тауып, әдемі сөзбен өрнектеген әзілдерін сүйсіне тыңдадық.
Рухани жаңғыру орайында тәрбиелік маңызы зор кеште аудан әкімі Ғалым Әміреев құттықтау сөз сөйлеп, қаламгерге құрмет көрсетті.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өтіп жатқан тағылымы мол рухани кештің куәсі болуына себепкер болған Көпен Әмірбектің еңбек жолы кейінгіге өнеге. Елдік сананы адами қарапайым болмысымен өлшеп, ұлттық сананың түзілуіне үлес қосып, туған жерге деген патриотизмнің асқақ рухын танытып жүрген Көпен ағамыздың Жаңақорғанға келуі үлкен құрмет. Сондықтан, сізге үлкен рахмет айта отырып, шығармашылық шабыт тілейміз, – деп ізгі тілегін білдірген аудан басшысы кеш иесіне шапан жауып, сый-сияпатын жасады.
Ал, белгілі ақын Әбілқайыр Сыздықов өз арнауын арнады. Мақамды сөздің майын тамызатын майталманның оспақсүйер оқырманды оқиғасының қызықтылығымен де, кейіпкерінің мінез-құлық, болмыс-бітімімен де, сөзбен күлкілі сурет сала білетін сайыпқыран шеберліген бүгін тағы куә болдық. Сатириктің жұртқа ұсынған сықақтары күнделікті өмірдегі қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігінен алынған белгілі жайттар.
Жазушының сатиралық әңгімелерінің тақырыптық ерекшеліктеріне тоқтала кетсек, оның қамтыған тақырыптары әр алуан. Қоғамның келеңсіз жайттары, сыбайлас жемқорлық, өмірдің одағай жақтары, адамгершілік болмысқа кінәрат түсуі, басшылардың бүгінгі беделі және басқа да тақырыптары кең көлемде түсіндірілді. Оның бейнелі теңеулерінің қашанда ұлттық ұғыммен қабысып жататын тартымдылығы, тіліміздің көркемдік құнарын барынша аша түсетін сөз қоры, сөйлем құру нақыштары сықақшыны басқа әріптестерінен ерекшелеп, оқшаулап тұрады.
«Көпен ауызекі сатираның да түбін түсіреді. Бүлдіре сөйлемейді. Күлдіре сөйлейді». Бұл қазақ ақындарының Көпен Әмірбекке берген бағасы. Сатира, юмор құр күлу үшін қажет емес, күлу, күлдіру істің басы ғана. Сықақшының күлкі тіршілікке пайдалы, қоғамға қажетті, ілгерілуімізге көмектесетін болуы керек, дегені ойға орамды.
Кеш барысында 30 жылдық тарихы бар «Жаңаша» әзіл-сықақ отауының әртістері де өз интермедия, скетчтерімен кештің қызықты өтуіне атсалысты. Әсіресе, аталған әзіл-сықақ отауының әртістері Балмұхаммед Әбжаппаров пен Тоқтар Әжімұратов орындаған «Көкпар» қойылымы ат спортына ден қоятын аудан жұртшылығын бір серпілтті. Шәмші әндеріне попури орындалып, туған жер туралы әндер әуеледі.
Рухани шара соңында ардагер Зинабдин Шермағамбет аудан тұрғындары атынан ыстық ықыласын білдіріп, иығына шапан жапты.

Әли ТЕМІРБЕК.
17 сәуір 2018 ж. 1 606 0