» » » Барыңды бағалай білу – бір бақыт

Барыңды бағалай білу – бір бақыт


Жер беті жаралғалы адамзат өмірді қалай жақсы өткіземін, қайтсем мағыналы ғұмыр кешемін деген ойдың жетегімен жүр. Диірменнің тасындай дөңгелеген дүниеде өз орнын тауып, ортасына сыйлы, отбасында ардақты азаматтың бірі – Баянбек Оразбекұлы. Жақында 63 жастың асқарына шығып, елдің ыстық ықыласына бөленді. Ел ағасын «Сенбілік сұхбаттың» төріне шақырып, өмірден не түйгенін сұрадық.


– Әркімнің өмір жайлы таным түсінігі әр түрлі. Әркімнің жаны жұмбақ. Философ Сократ жалаң аяқ өмір кешкенін оқығаным бар. Бұл қарапайым қоңырқай тіршілік кешкенін көрсетсе керек-ті.
Өмірден түйгенім, байлық – бұл жаныңа жақын адамдарыңның қасыңда болғаны, ең қиыны, жақыныңды жоғалту. Сондықтан жақыныңның қадіріне жетіп, барында бағалай алсаң, өмірдегі ұтқан нәрсең сол дер едім.
– Жоғарыда Сократ туралы айтып қалдыңыз… Кітапты қаншалықты жиі оқисыз? Соңғы рет оқыған кітабыңыз жайлы айтсаңыз…
– Кітапты кешеге дейін көп оқыдым. Соңғы кезде көзімнің нашарлығы мен уақыттың тапшылығынан кітапты көп оқи бермеймін. Соңғы оқығаным В.Успенскийдің «Тайный советник вождя» деген кітабы. Онда Сталин туралы жазылған.
– Зиялы деп кімді айтар едіңіз?
– Бүгінгі жиі ұшырасатын «зиялы» ұғымының түбірі араб тіліндегі «зия» сөзінен келіп шығады екен.«Зия» сөзі – нұр, жарық, ағарту мағыналарын білдіреді. Меніңше, зиялы деп елге еңбегі сіңген, обал-сауапты білетін, әділдікті айтып, шындыққа тура қарайтын, елдің қамын өзіндік мүддесінен жоғары қоятын, ел басқарған кісіні айтар едім.
– Сіз айтып отырған анықтамаға сай келетін жерлестерді айта аласыз ба?
– (Күліп!) Әрине ел болғаннан кейін бізде де болмысынан зиялылықты тануға болатын азаматтар көп.
– Ауылды – ел бесігі дейміз. Шүкір, бүгінгі елді мекендердің жағдайы жақсы. Десек те, одан әрі дамытудың жолы қалай?
– Ауылды дамыту – ол елді дамытудың өзегі. Аграрлық секторды дамыту арқылы жетістіктерге жетуге болады. Мысалы, біздің өңірдің етінің дәмділігі бүкіл Қазақстанның сұранысын тудырып отыр. Өйткені ол даланың таза табиғи шөптерімен қоректенген. Сол сияқты айран, сүті мен шұбаты да тіл үйіреді. Өнімділікті көбейтеміз деп дәмі жоқ, көп жеміс беретін ағаштарын өсірумен айналысып жатқан шаруашылықтар бар. Негізгі ұстаным табиғи таза өнім болу керек. Біз сонда ғана сұранысты өз деңгейінде ұстана аламыз. Сол сияқты көпбалалы аналарды қолдау, төрт балалы аналарға «Батыр ана» статусын беру керек. Біз аналарға жағдай жасау арқылы қазақтың санын көбейте аламыз.
– Сіз үшін депутаттық міндет пе, мандат па?
– Депутат халық пен биліктің дәнекері. Елдің арасында жоғары жақта отырғандар білмейтін небір мәселелер бар. Соларды өз деңгейінде жеткізу міндеті тұр. Депутаттық мандат елге қызметтің бір платформасы деп ойлаймын.
– Көпбалалы әкесіз, бала тәр­биелеудегі ұстанатын принцип­теріңіз бар ма?
– Шүкір, Алланың берген 5 ұл, 2 қызын өсіріп тәрбиеледік. Ауыз толтырып тәрбиесімен айналыстым дей алмаймын. Ер азамат түздің адамы, көбіне балалардың тәрбиесімен отанасы Шекер айналысты. Ылғи «Әкелерің келе жатыр» «Әкелерің шаршап отыр, мазасын алмаңдар» деп отыратын. Сосын да болар, қас-қабағыма қарап үйдің тірлігін өздері істеп қоюды әдетке айналдырған. Үлкенім – Әділбек жоғарғы білімді маман. Бүгінде жеке кәсіпті қолға алып отыр. Гүлжауһар –жылжымайтын мүлік орталығында, Гүл­дана – аудандық аурухананың қабыл­дау бөлімінде, Данияр – «Жиделі» су қоймасында инженер-техник, Алшынбай – аға өрт сөндіруші, Арыстанбек оқу бітіріп келсе, Руслан магистратурада білімін жетілдіруде. Шүкір, Жаратқанның берген ырзық несібесін еңбекпен тауып жүр.
– Шаңырақ шаттығы, үйдің берекесі әйелге байланысты деп жатамыз. Осы тұрғыда үйдегі отанасы жайлы айтып өтсеңіз?
– Өмір болған соң небір жағдайлар өтеді бастан. Кейбір ойлаған нәрселерің орындалмай жатады. Сондай қиын күндерде отыңның басында жайлылық болса отбасыңнан қуат аласың, көңілің жайланады. Мәшһүр Жүсіп пен Абай кездесіп қалып, бір-бірімен айтысқанда Абай Мәшһүрге «Жұмақ деген не? Тозақ деген не?» деп сұрақ қойыпты. Сонда Мәшһүр Жүсіп «Әйелің жақсы болса жұмағың үйіңде, нашар болса, тозақ үйіңде» деп жауап берген екен. Шүкір, жеңгең үйге кіргенде күліп қарсы алатын, тірлігі тындырымды, мінезі жайлы жан. Мақтағаным емес, өзі он бір баланың ортасында өскендіктен бе көпшіл. Балалардың бабын сол кісі жасайды, мұны оның мамандығымен де байланыстырамын. Өзі тәрбиешілікті оқыған.
– Бүгінде немере сүйіп отырған бақытты атасыз, бала тәтті ме, немере тәтті ме? Осы жерде айта кетсеңіз, немереңізге асық жинадыңыз ба?
– Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті деген рас екен. Бұрын балаларымыз айтқанымыздан шықпайтын болса, бүгінде немерелердің айтқанын істегің келіп тұрады. Теледидарды да солар көреді. Телефонды да солар ұстайды. Асық жинағам. Ойнайды, бірақ өзіміздің балдар секілді құмартпайды. Жасыратыны жоқ, бірақ бүгінгінің балалары асықтан гөрі смартфондағы қызылды жасыл суреттер мен видеоға құмар.
– Қызмет өтіліңіздің 40 жылын су саласына арнадыңыз. Қырық жыл бұрынғы қызметкер ісін неден бастады?
– Алғаш еңбек жолын тап осы мекемеде бастағанмын. Құлжабек Әйменов, Болат Бегімбетов, Өндірбек Өмірбеков, Дәрібай Айдарбековтер басшылық еткен мекеменің ыстық-суығын көрдім десем қателеспеймін. Канал қазуға, тазалауға бардық. Көп жұмысты өзіміз істедік. Егіншілерге су жеткізу міндеті тұрғандықтан жұмыста санаспадық. Он жылдан бері мекемені басқаратын Әбдімәжит Ахметов те іскер, талапшыл басшы. Еңбегімді елеп, Зұлпыхар Мұсахановтың 100 жылдығы қарсаңында «Үздік су мұрабы», жақында «Ауыл шаруашылығы саласының ардагері» медалі табысталды.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
18 мамыр 2021 ж. 9 653 0