№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Еңбек ширатты, өмір өсірді

Еңбек ширатты, өмір өсірді

Кешегі сұрапыл соғыс, майдан даласында от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлер үшін тылда талмай тамшы тер төгіп, балалық дәуренін құрбан еткен бүгінгі ардагерлердің қатары сиреп барады. Дала төсінде төселіп, түйір дәнді бала жүрегімен мәпелеп өсіріп, жемісін жеңіс үшін арнаған олар туралы қалай жазсақ та жарасады. Балалық дәурені ашаршылық пен соғыстың соқпақты жылдарымен келген Ибадулла Байқожин атамыздың да ғұмырнамасынан қасыретті күндердің естелігі таңбаланды. Ашаршылықтан аттап, соғыс жылдарында шыңдалып, жұртына еңбегі сіңген тұлғаны «Сенбілік сұхбат» алаңынан жолықтырдық. Өткенмен бүгінгіні сабақтастырып, сыр шерттік.
90 жастың төріне адымдаған абыз ақсақалдың денсаулығы сыр бере бастапты. Көненің көзіндей қарияның қолынан еңбектің, жүзінен бейнеттің, сөзінен тарлан тағдырдың тарихы есіп тұр. Аман-саулық сұрасып, Ұлы Жеңістің 76 жылдық мерейтойымен құттықтап барғанда, ұзақ ойланып, күрсініп алып, сөзін бастады.
– Балам, мен сөзімді ауыртпалығы мол бала кезімнен бастайын. Сосын қарттықтың қажауы болар көп естеліктер естен шығып қалыпты. Кейде ұмытып қаламын, сондықтан шатасқан жерім болса түсінген елім түзер. Менің негізгі туған жылым 1929 жыл болатын, бірақ құжатта 2 жыл кейінге шегеріліппін. 30-жылдардағы ашаршылық пен қан майдан менің балалық шағымның балдәуренін ұрлады. Емшекте кезімде анамнан айырылдым, әкем мені асыраймын деп, «бір үзім нан» үшін ел асып еңбекке жегілді. Ауылнай мен колхоз бастығының кесірінен «ишан» деп айып тағылып, жер ауып кеткен кезі де болды. Ес біліп, ойын баласына айналған шағымызда екінші дүниежүзілік соғыс басталып, еңбекке ерте араластық. Мұндай балалықты ешкімнің пешенесіне жазбасын.
– Еңбек ерте есейткен сол бвғландардың қазір қатары азайды. Қандай бейнет кешкендеріңізді көрмесек те, көзіңізден түсіндік.
– Ойын қумай, ой қуған, балалық шақ! Басына түскен аса ауыр жағдайдан ерте есейген, буыны бекiп, бұғанасы қатпай еңбекке араласқан бейкүнә өрендер. Жетiмдiктің жырын жаралы жүрегiнде жылдар бойы сақтаған, жанары жасқа толып, батысқа телмiрiп, әкесiн күтуден талмаған, сәби қолдарымен салтанаты ортақ Жеңiстiң туын көтеруге қолтаңба салған, ерлiк пен өрлiктiң үздiк үлгiсiн көрсеткен, ерте есейген балалық-ай! Әкеден ерте айырылып, ағайыннан ажырап, ағаны сағынған қатарластарым көп болды. Екі күннің бірінде ауыл азаматтары соғысқа аттанып жатты.
Соғыс кезінде тәртіп қатаң болды. Таңның атысы мен қараңғы түскенше жұмыс істейтін. Бетімізді шала-пұла жуып, егіс басына барып, қамыт-саймандарды жөндеп, өгізді соқаға жегетінбіз. Содан күн көтеріліп қызғанша жер жырттық. Осындай қиыншылық заман еді. Шөп айырлау, көтеру ауыр жұмыс болатын. «Басқа түссе, баспақшыл» дегендей, ауыртпалыққа төзіп, майдан үшін еңбек еттік. Шөп жинау науқаны біткен соң, егін жинауға жұмыла кірісетін. Бидайды қалбыр елеуішпен елеп, арам шөптерден тазартып, астық қоймасына тапсыратын. Үстіміздегі киімдеріміз ескі-құсқы жамаулы болса да, тоңу дегенді білмейтінбіз. Осылайша, соғыс жылдарында қинала жүріп, еңбекпен шынықтық, ширадық. Өмір деген зымырап өтеді екен. Кешегі балалар – бүгінгі қариялар.
– Соғыс аяқталған соң ел етегін жинап, жастар оқуға бет бұрды. Сіз ше?
– Соғыс уақытында мал шаруасы шынында тұралады. Төрт түлікті түгендеп, майданға жіберді, әсіресе жылқы жануары жылдам жегіліп, ұрыс даласына жөнелтілді. Бәрі аяқталып, ел қайта түлігін төлдетіп, тұрмысын түзей бастаған уақытта мал дәрігеріне сұраныс артты. Менің мақсатым – осы саланы дамыту еді, сондықтан Алматыдағы малдәрігерлік зоотехникалық институтына оқуға түстім. 1951-56 жылдар болатын, жоғары білімді алып келіп, қызметке кірістім. Алдымен, Сұлутөбе совхозына, одан кейін Қазалыға қызметке ауыстым. Бозкөл совхозында бірінші ветеринариялық дәрігер болып 3 жыл, яғни 1959 жылға дейін еңбек еттім. Одан кейін ауылды су алды, бірақ тіршілік жалғасып жатты. Апат біздің ауданды да айналып өтпеді, көп ұзамай туған өлкеге қайта оралдым. Жұмыстың реті болмады, тек Төманарықтағы темекі қосымша шаруашылығына орналастым. Егумен айналысып, әрі мал шаруасына дем бердім.
– Ауданды су алған тұста ел есеңгіреп қалғаны рас дейді, алайда мал басын шығын етпеудің жолын тапқан екенсіз.
– Ауданды су алып, біраз мал жем-шөпсіз қалды. Сонда райкомның хатшысы Әлжанов пен екінші хатшы Мәмбетов және Мұсаханов үшеуі тікұшақпен шөп пен азық түлік тасытты. Мен өз шаруашылығымды Хорасан ата айналасында Үшқұм деген жерге көшірдім. Көп ұзамай маған да келді, бірақ олар аң-таң қалды. Өйткені, бірде-бір мал суға кетіп, шығын болмады. Сонда Мұсаханов: «Мына бала бізде өніп-өсті, оқыды, білім алды, бірақ неге халыққа қызмет жасамайды?» деді де дереу жұмыс ұсынды. «Красная звезда» совхозына қызметке орналастым. Абыройлы қызметтен кейін, ұжымдастыру кезінде 17 жыл өндіріс басқармасында бас ветеринар болып еңбек еттім. Кейіннен 30 жылдық совхозында 3 жыл директорлыққа ауыстым.
– Сіздің іскерлік қабылетіңізге, ел қадірлеген қызметіңізге шынайы бағасы осы тұста берілгені рас па?
– Жалпы, мен қай жерде қызмет жасасам да, елдің игілігі жолында жүрдім. Бар білгенімді, өмірден түйгенімді, тәжірибемді туған жердің түлеуіне арнадым. Иә, бұл совхозға келгенде тоқырау кезеңі болатын. Дереу іске кірісіп, алдымен малшылар қауымына жағдай жасауға кірістім. Құдық суын көтеріп, шөбін қораға жинауға дейін жәрдемдестім. Бақсам, шопандар жер кепеде отырады, оларға ұжымдасып үй салып бердік, бір сөзбен айтқанда, ескіліктен арылып, жаңа кезеңге қадам бастық. Кооммуникация жүрді, мектеп пен клуб үйлері жаңарды. Ауыз су мен аяқ су мәселесін шештік. Қызметім ақталып, облыс орталығына ауысар тұста халық шынайы бағасын берді. «Байқожин келіп, 8 директор атқармаған шаруаны 3 жылда игерді. Біз еңбегіңе оң бағамызды бердік» деп шығарып салды. Іштей қуандым, шүкір еттім.
– Зейнетке шықсаңызда қоғамнан алыстамадыңыз, әсіресе ел еге­мендігін алған кезең, тоқырау тұста да елмен болдыңыз.
– Иә, зейнетке 1993 жылы шықтым. Тоқырау болғанда, жұмыссыздық мәсе­лесі еді халықты қинаған. Әсіресе, ауылшаруашылығы саласы тұралап, өндіріс орындары тоқтады. Бірақ ел мойымады, еңбек етті, тіршіліктің қам-қарекетін жамылып, келешекке сеніммен қарады. Қарап отырсам ол кезең артта қалды. Қазақстан жаңа кезеңнің парақтарын ашты, қазір шүкір деймін. Қазір Жаңақорған мал шаруасынан Сыр елінде көш ілгері екен, мұның барлығы сол атакәсіптің күретамыры деп білемін. «Республикаға айрықша еңбегі сіңген дербес зейнеткер» деген атқа ие болдым.
– Апамызбен отау құрғаныңызға да 70 жылдан асыпты, отбасыңыз туралы тарқатсаңыз...
– Жалпы анам Айнагүл өмірден ерте өткеннен кейін, әкем Бабқожа екінші рет отау құруды ойлады. Бірақ тағдыр әкеме тұрмыстың тауқыметін көп тартқызды. Мен әкемнің ұлымын деп өстім. 1949 жылы Өзипа Қожамұратқызымен бас қостым. 11 ұл-қызды болдық. Адам ұрпағымен мың жасайды, демекші шүкір, немере-шөберенің арасында Алланың берген жасын жасап келемін.
– Адамның болмысы қызметпен ғана өлшенбейді, азаматтық қадір-қасиет бәрінен биік тұру керек дейтін еді бұрынғылар...
– Оның жөн, мен өмірде көп жанды көрдім, болмысы бөлекті де, іскер азаматты да, ұлтқа шынайы қызмет ететін ұлы адамдармен де қызметтес болдым. Бірақ адамның шынайы болмысы, азаматтығы ел басына күн туғанда көрінеді. Міне, мен сондай азаматтарды білемін және насихаттап жүремін. Ең бастысы, азамат беделін көтеретін қасиет – ар тазалығы. Сондықтан, елге қызмет жасап жүрген болсаңыздар турашыл, шынайы, әрі жомарт болуға тырысыңздар, айналайындар...
Сұхбатымызды мына өлең жоларымен түйіндедік.
Жайсаң жігер, жанымды жетеледiң,
Оттан шыққан отаншыл от-өренiм.
Балалары соғыстың, басымды иiп,
Мәртебеңдi мәңгiлiк көтеремiн.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
08 мамыр 2021 ж. 9 451 0