Ұстазбен сырласу
Қоғамда әйелдер орны тек ынтымақтастыру, мейірбандық, сезімталдық, болжампаздық, шыдамдылықпен шектелмейді. Тарихқа үңілсек, өмір өзенінің ағысын өзге арнаға бұрып, тарихи оқиғаларды жасаған тұлғаларға көзіміз түседі. Түркі, оның ішінде қазақ даласында әлемді таңдандырған абзал аналар мен үкілі қыздар, қадірлі әжелер аз болған жоқ. Сонау дәуірлерді дүр сілкіндірген Тұмар анамыздан бастап, ұлттық тәрбиеміздің діңгегіне айналған ертегілер мен жырларымыздағы қоғамдық танымы мен тағылымы мол, үлгі-өнегеге толы аналар тұлғасы жетерлік. Олардың бірсыпырасы қиын кезеңдерде ер азаматтармен бірге қолына қару алып, жауға аттанды, білігі мен шешендігін танытып, дауға араласты. Қандай жағдайда да елінің бірлігі мен болашағы жолында аянбай ерлермен бірдей, кейде тіпті, ерлерден де жоғары деңгейдегі ерліктерге барды.
Жиырмасыншы ғасырда білім мен ғылым дамыған заманда ғылым саласында да, қоғамдық өмірде де танылып жүрген аналар көптеп саналады. Кеңес дәуірінде жаппай сауаттанған қазақ қыздары тың серпінмен барлық салада қажырлы еңбегімен, кемел білімімен, қоғамдық белсенділігімен отбасы, ошақ қасын үйлестірумен қатар, мемлекеттік деңгейдегі қызметтерді қатар атқара білді. Балалық шағы кешегі Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, одан кейінгі қиын жылдарды басынан өтізсе де, қиындыққа мойымай, жоғары білім алып, білімі мен білігін көпке үлгі ете білген абзал аналарды көптеп кездестіруге болады. Сондай асыл аналардың бірі- менің аяулы ұстазым, ақын Қадиша Баязитова.
Ақын-ана дегенде, ойымызға өлеңдері күнде теледидардан оқылып, сөрелерде том-том кітаптары тізіліп тұратын Фариза, Күләш, Ақұштап апаларымыз көз алдымыздан тізіліп өтері сөзсіз. Ал біздің кейіпкеріміз ақындық жолға бір жола түспей, отбасының асылы, аяулысы болумен қатар, ауылдың күйбең тірлігі мен мектеп басшылығын қатар ала жүріп, ойына оралған орамды сөз маржанын ақ қағазға түсіріп, баспа беттеріне жарияламай-ақ, жүрген ортасында тек өзіне ғана тән тартымдылығымен қойын дәптерін ашып оқи кететін. Барлығымыз үнсіз тыңдап, өлең құдіретіне еріксіз беріліп, тыңдаушы едік. Өлең біткенде, өтініп тағы оқуын сұрай қалсаң, «қайтесіздер, бұл бір осы жерде айтылған ой ғой» деп жымиып күліп, ынтықтыратын да қоятын.
Бүгін де күнделікті болып жататын күйбең тірліктен өзіме ерсі, қоғамға жат кездейсоқ оқиғадан кейін, қолыма ұстазымның кітабын алып, парақтай отырып, көптен шешілмей жүрген ойларымажауап тапқандай болып, еріксіз қолыма қалам алып, ұстазыммен сырласуды жөн санадым. Неге? Неге?.. Сұрағымды қоймай тұрып жауап таптым.
– Айқара тартқан аққырау аппақ жаулықты,
Талқыға салмай жарлы ма, қонақ қай мықты.
Ақ пейілменен дастарханын жайып сап,
Ақ тілекпенен сұрасқан есен – саулықты...
Көз жауын алған, алқызыл алау нұр толып,
Күтімсіз болса, қалмай ма ерте гүл солып.
Таппайды тірлік, ләззатын ана болмаса,
Ата боп, жар боп, әке боп, асқар тау болып, – дейді ақын ана.
– Рас, анасыз тірлік жанданып, анасыз мейірім мен сүйіспеншілік болмас та еді. Дегенмен:
– Биязы жібек пәктігін, назын, қылығын,
Жоғалтып біткен әдеп-салтын, ырымын.
Әйгерім, Тоғжан секілді ару ұрпағы,
Шөп желке болған шолтитып кесіп бұрымын.
Есірткі боп тұр «атадан қалған ас» бүгін,
Уланып зәрге мезгілсіз солды жас гүлім.
Қырықта қажып, отызда шаштар ағарып,
Ерте алып кетті қыранның алау жастығын, – деп, өзіңіз жырлағандай, «қыранының» қадіріне жете алмай, елінің салтын ерсі көріп жүргендер ше?
– Сұрақ балам, тым қатал, жанға батты,
Алпыс екі тамырды шымырлатты.
Сырға берік жан едім сынар көзден,
Бүгіп қала алмаппын ақиқатты.
Бірақ балам, жан азап шегіп қатты,
Талақ етіп, мал-мүлік, адамзатты.
Жатқанымда шарана шырылынан,
Тылсым дүние беймәлім дәмін таттым, – деген «ана жүрек» айнала дүниеге мейірімін төгіп, адасқанды бір күні райынан қайтар деп үміттенуден танбай, жаныңды жабырқата берме, көп нәрсе уақытша, өткінші, өкінбе:
– Жүз жаманнан бір жақсы,
Толымды ой толғаптастаған.
Жүз жақсының бір жаман,
Басқанда ізін ластаған, – деп көңілге медеу беріп, олар жүзден біреу, бүкіл қоғамды бүлдіре алмайды дегенді алға тартады.
Асылы, көзге шыққан сүйел секілді, адам жаманды тез байқайды, көргіш, сезгіш келеді. Жақсыны көру, оны жан-тәнімен сезіну – кез келген адамға бұйыра бермейтін бақыт. Қолыңнан келсе, жаманды көре тұрып, сол жаманнан жақсыны ізде, жақсылық тап, жамандығын бетіне баспа, жақсылығын елеусіз қалдырма, сонда ғйана сенің санаңа нұр ұялап, жүрегіңде жылылық сән құрады. Арғы-бергі тарихта айламен алып, күшпен бағындырып, байлықпен басынып, Алла алдына барған пенде жоқ,
– Шынымен пәрмен бір құдайым,
Ішінен аман шыққан Жүніс жайын.
Малды өлмесе, Қарынбай мәңгі жасап,
Жүрмес пе еді күшті өлмесе Зұлқарнайын,- бұл-ақиқат. Сондықтан көп қажыма, кітаппен сырласқаның, жоқты іздепадаспай, барды іздегенің болар, мені тапқаның, жаныма жақын екендігіңді танытқаның. Бір кезде мен де ұлы бабамыз Абаймен сырласып:
Түлкідей қызыл, жүзіндей қылпып ұстара,
Құйтырқы заман жалт берген зауал тұстарда.
«Қанағат, рақым ойлап қой» деген сөзін еске алып, – деп сабырға келетінмін. Сен де ақылды кітаптан іздеп, сабырды серік етсең, биігіңнен түспегенің, ұлы сөзді ұлықтай білгенің, ұғымтал болғандығың.
Ұқсаң балам, бір кезде өзің ұйымдастырған кездесу кешінде айтқанымдай:
– Әйел-әжең, әйел- балғын келінің,
Әйел-анаң, әйел-жұбың, серігің,
Қырмызы гүл, қызғалдақтай қыз- ару,
Көз қуаныш, көркі туған төріңнің.
Әйел-елшің, қара орманың, қанатың,
Әйел-емші жан жарасын жазатын.
Әйел-арқау, алтын көпір өткелің.
Жалғастырар әке-бала арасын.
Әйел-ана, әйел-жұбың, жан-серік,
Ол бар жерде тұлғаң биік еңселі.
Бар әлемге күн сәулесін сыйлаған,
Нұрлы болғай аналардың ертеңі, – дедіңіз де, ақырын, ақырын алыстап, сона-а-а-ау биік шыңға қарай ұзап кете бардыңыз.
Батырхан ЖОЛАНОВ