№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әдебиет түзелмей, әлеумет түзелмейді

Әдебиет түзелмей, әлеумет түзелмейді

Сөз тану – тектіліктің белгісі. Сөз тану – адам ой-өресі деңгейінің өлшемі. Яғни сөз тану – адамтануға бастар жол. Мұны Абай бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп: «Сөзіне қарай кісіні ал, кісіге қарап сөз алма» дейді. Осыдан-ақ әдебиет сыншысының арқалар жүгінің салмағын бағамдауға болады.
Бірауыз сөзге батпандай салмақ дарытып, көркем сөздің көш түзеуіне үлес қосып жүрген сындарлы сыншының бірі Бақыт Сарбалаев Сыр өңіріне келді дегенді естіп, телефон шалдық. Сұхбат алуды сұрадық. Сөздің киесін қадірлейтін қаламгер уәделескен уақытта қара шаңыраққа бас сұқты.
– «Жаңақорған тынысы» маған өте ыстық. Алғаш өлеңімді басып, ақ жол тіледі. Сөйтіп қаламгерлік қадамымның тұсауын кесті, – деп бастады әңгімесін әдебиет сыншысы.
Жаңақорғанның төл газетін жақын тартып, жоғары бағалағанына көңіліміз жылып, еркінсіп қалдық.
– Аға, қаламды қай кезден қолыңызға алдыңыз? Есіңізде болар. Әңгімені содан бастасаңыз, – дедім.
Балалық шақтың жаныңды жадыратын қызықты сәттері есіне түсті ме, езуін тарта жымиып:
– Жайылманың топырағында туып-өстік. Дәлірек айтсам, Бұқатышқанда дүние есігін аштым. Шешем – сауыншы, әкем – сиыр фермасының меңгерушісі. Сиырдың тұяғы қайда беттесе, сонда көшіп жүреміз. Бұқатышқандағы жайлау – қалың қамыс, жері суатты, көк шалғын. Жазда жайлауға – Қаратау баурайына ауамыз. Сондағы жасыл желек, қызыл-жасыл гүлдер, мөлдіреген бұлақ құлаққа сыр сыбырлап, көкейіме жыр ұялатты-ау...
Жайылмада бастауыш мектепке бардым. Құттықожа, Бөртөскен және Қожамбердідегі мектепте білім алуды жалғастырдым. Жоғары сыныптарды Сүттіқұдықта оқыдым. Химиядан беретін мұғаліміміз теориядан бөлек тәжірибе жүзінде қызықтырып, химияға әуесім ауды. 5 сыныпта түрлі жеміс ағаштары мен өсімдіктердің жапырағынан гер­барий жасасам, Сүттіқұдықта оқыған жылдары минералды заттар – цинк, түрлі пішіндегі, әр түрлі қасиетті тастарды жинай бастадым, – деді қаламгер.
Бізге оның әдебиетке қалай келгені, сыншылық өнер қалай қонғаны қызықтырды. Әңгімені осы бағытқа бұрдық.
– Ол кездегі қариялар әріп танымайды демесеңіз, көкірегі шежіреге, тарихқа толы еді. Әулеттің үлкен немересі болғандығымнан әжем бауырына басты. Әжем айтқан ескінің есті сөздерін құлағыма құйып өстім. «Барар жерің – Балқан тау, Ол да біздің барған тау» дегенді жиі айтушы еді әжем. Өзімше осы сөздің мәнін, мағынасын зерделейтінмін.
Негізі Сарыбала атам би болған. Ауылдың үлкендері бидің баласы деуші еді. Осының бәрі сөз өнерінің затын тануға ықпал етті-ау, – деді ол.
– Әдебиеттанушы, сыншы Құлбек Ергөбек ағамыз: «Бақыт Сарбалаұлы – әдебиетке ақын болып келген ақынжанды сыншы» деп баға беріпті. Алғашқы өленіңізді қашан, қалай жаздыңыз?
– Ұмытпасам 5 сыныпта «Сұлтанқожа кітаптарды лақтырып» дегендей жолдардан басталатын өлең арқылы бұзық оқушыны сынадым.
11 сыныпта оқып жүргенімде аудандық «Коммунизм жолы» және облыстық «Ленин жолы» газетінде өлеңдерім шықты. Сол жылы «Лениншіл жас» газетіне «Әзіл», «Қос шынарым» атты өлеңім де жарық көрді. Содан жер-жерден жылы лебізді хаттар келе бастады. Тіпті Өзбекстанның Тамды ауданынан хаттар келді. Ақын Қадыр Мырза Әлі «талаптана бер» деген мазмұнда хат жазды. Көбісіне жауап та жаздым.
– Ақындық жолды жалғағанда Мұқағали, Мұхтарлардың қата­рында болар ма едіңіз?
– 10 жылдан аса өлең жаздым. Байқаймын – ұйқасым тастай, жаңа, жақсы ой айта аламын. Сезім де бар. Яғни бойымда ақынға тән барлық қасиет бар. Бірақ оқыған адамды ерітіп, елітіп, баурап әкете ме? Бұл – бөлек сөз...
Қазақ әдебиетінде 300-ден аса ақын болса, оның бәрі Тұманбай, Мұқағали, Қадыр, Олжас, Мұхтардай танымал емес. Ең болмағанда ақынның бір-екі өлеңін халық жатқа білмегеннен кейін, қалай ақын дейсіз?! Халықтың ақыны болу екінің бірінің бағына бұйыра бермесі анық.
– Сынға қалай келдіңіз?
– 1965 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түстім. Бірінші курста «Лениншіл жас» газетінде «Сізге қандай өлең ұнайды?» деген тақырыпта пікірталас жүріп жатты. Басылымнан Сабырхан Асанов, Жүсіп Қыдыровтың мақаласын оқыдым. Сосын «Өлең салмағы жүрекпен өлшенеді» деген көлемді мақаламды жолдадым. Онда Сәкен Сейфуллиннің өлеңдерін мысалға алып, шығарма жүректен шығуы тиіс екенін талдадым. Жастар газетінің ішкі екі бетінің төменгі жағына қос етек болып берілді. Көлемді. Ойлы. Содан қатарластарым «сыншы» деп атай бастады. Тіпті Жұмекен Нәжімеденов «Пәлі, мынау бала Сейфуллинді сынайды» деп бағасын беріп, қанаттандырды.
1969 жылы 4 курста оқимын. Жазушылар Одағының кезекті съезі өтті. Соған қатыстық. Қызылордадан Тынымбай Нұрмағамбетов және тағы үш адам бардық. Сағат Әшімбаев екеуміз сын секциясына қатыстық. Секция жұмысына Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин жетекшілік етті. «Қазақ әдебиеті» газетіне «Тұлпардың тұяқтары» атты мақала жіберген едім. Газетке басылмаған. Бірақ Мұхтар Мағауин оқыған екен. «Сарбалаевтың бойында сыншылық өнер бар» деп бағасын берді сол кезде. Осындай қолдау, қолпаштаулар өзіме деген сенімді орнықтырып, жиі сын жазуға көштім. Сынға осылай келдім.
– Енді еңбек жолыңызға тоқ­талсақ қайтеді?
– Институтта жүргенде практикадан өтеміз ғой. Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы мектепте тағылымдамада болдық. Сонда Балқия Жарқынбаева деген көркі сымбатына, ақылы ажарына сай ұстаз болды. Соған арнап «Махаббат құдіреті» деп өлең жазып «Қазақстан мұғаліміне» жібердім. Өлеңім шықты да.
1969 жылы институтты бітіргеннен кейін ауылда мұғалім болдым. Бір жылдан кейін Алматы облысындағы Іле аудандық «Ильич жолы» газетінде қаламгерлік жолымды бастадым. Алматыға бір келгенімде республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетіне соқтым. Әдебиет бөлімінің меңгерушісі: «Сен Бақытпысың? Әлгі «Махаббат құдіретін» жазған. Бізге келсең қайтеді? Орын бар. Жүр, редакторға барайық!» деді. Не керек, студент кезімде жазылған өлеңнің арқасында «Қазақстан мұғалімінің» қатарына қосылып, әдеби ортаға жақындай түстім. Жазушылар Одағына барып тұрамыз. Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповті көргеніміздің өзі неге тұрады?!
1974 жылы «Лениншіл жас» газетінің әдебиет пен өнер бөлімінде жұмыс істедім. Бұл – әдебиеттің нақ ортасы еді. Бір күнде ондаған хаттар келеді. Басылым әдеби бағытта болмағандықтан бәрін қамтуға мүмкіндік аз. Өлеңге талғаммен қараймыз. Үздігін саралап, оқырманға ұсынамыз. Талай қаламгердің бағын бекемдедік. Неге десеңіз, газетке шыққан талапкер танымал атанып, ертесіңе халық «ақын» деп баға беретін... Кітабым шықпай тұрып одаққа мүше болдым.
1978 жылы «Жалын» альманағының сын мен өнер бөлімінде, 1982 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегия­сын­да еңбек еттім. 1986-1990 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімінде ұлт руханиятына қызмет еттік. Шерағаңның тәлімін алып, қамқорлығын сезіндік. Сын жазамыз. Біреуі сынды мойындаса, екіншісі жерден алып, жерге салады. Осындай сәтте Шерағаң араша түседі, қорғап, «тағы сын жаз» деп демейді. Шіркін-ай, қазір Шерхандар жоқ қой! 1990 жылы «Ана тілі» газетіне ауысып Жарылқап Бейсенбайұлымен қатар еңбек етіп, сөз өнерін ұлықтадық. «Қазақ Елі» газеті мен «Сын» журналын шығардым.
– Кітабыңыз шықпай-ақ одаққа қалай мүше болдыңыз?
– Шерхан Мұртаза ағамыз жастарға қамқорлық танытып, шығармашылығын шыңдауға мән берді. Елдің, әдебиеттің болашағы деп қарады. «Шерағаның шекпенінен шықтық» деп жүрген жастар шоғырына Оралхан Бөкей, Кәрібай Ахметбеков, Кәдірбай Сегізбаев, Әнес Сарай және т.б. жатқызуға болады.
Жастардың басты қажеттілігі не? Баспана. Жазушылар одағының екінші хатшысы Шерағаң мұңы жақсы түсінеді. Одақ 40 пәтерлі үй салдырды. Содан бізге пәтер берді.
Артынша «Сарбалаев одақтың мүшесі емес. Қалай пәтер алды?» деген сөз шықты. Шерағаң жазушылар қатарына енуді тапсырды. Талпындық. Өттік. Бірнеше айдан кейін алғашқы кітабым да жарық көрді. Шерағаңның арқасында үйлі болдық, одаққа да өттік. Сөйтіп әдебиеттің өз адамына айналдық.
Шіркін, Шерағаңдар «жақсылық жасадым» деп ешкімге тіс жармай өмірден өтті. Тектілік қой, тектілік!
***
Ашылмай қалған тақырып болса, тағы бірде тоқталармын дейтіндей сыншы Бақыт Тұрсынұлы қарашаңырағымызға күнде соғатын қонақ емес, Алматыда тұрады. Осы жолғы сапарын пайдаланып, сыншылық өнері жайлы егжей-тегжей сұрап қалуға асықтық.
– Сыншылық – сирек талант. Сыншы үшін мол білім қажет. Ақиқат деген адалдық, әдебиетке деген әділдік, өлең тағдырына, өнер табиғатына деген жауапкершілік керек. Жақсылыққа жазушының өзіндей қуана білу, жамандыққа жазушының көзіндей ренжи білу шарт. Қысқасы, сыншы әділдігін жазады, ақиқатын тауып айтады. Ең бастысы, ұстанған қағидасынан ауытқымауы тиіс, – деп сыншы болудың негізгі критерийлерін атады.
Осы ретте, сыншы Құлбек Ергөбектің: «Бақыт Сарбалаев – принциптің сыншысы. Нағыз «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп қасқайып қарап тұрар қара қылды қақ жарған сыншы. Онымен сын ащылығына қарай қаламгер қауымының әуелі суысып, соңынан принциптілігіне ден қойып, қайта туысып жататыны да содан» дегені ойға түседі.
Яғни студенттік кезінде ұстанған қағидасынан бір сәтке де ауытқыған емес. Ол – қаламгердің талабын, талғамын танып, туындысының әділ бағасын беру.
Сыншының жарқын келбеті, жылы жүзі, байсалды жүріс-тұрысы мен сөз саптау дағдысына қарап отырып кешегі алаштық қайраткерлердің болмыс-бітімі көз алдыма келді. Жүсіпбек, Міржақыптардың сынығы сынды әсер етті.
– Аға, қатар қалам ұстап, қаламгердің қалам алысын сынаған сыншылар жайлы не дейсіз? – деп сын тақырыбынан ауытқымауды көздедік.
– Асқар Сүлейменов сынға өнер тұрғысынан қарайтын. Зейнолла Серікқалиев ғылыми тұжырым жасап, шешендікпен қабыстыра білетін. Ал Сағат Әшімбаев, Төлеген Тоқбергеновтің мәтіннен тыс талдап, салыстырмалы сынау әдістерін жоғары бағалаймын, – деп жауап қатты.
Иә, сыншы суреткер шеберлігін жан-жақты саралап, салыстыра талдап, жаңалығын сүйіншілеп, сәтсіз тұсын сынайды. Осындайда Мұхтар Әуезовтың «Сыншы – әдебиеттің бағы» дегені ойға оралады. Сын – сараптама, сын – ғылыми жұмыс, сын – талғам таразысы. Яғни көркемөнердің кем-кетігі мен күш-қуатын көрсететін құрал. Бақыт Сарбалаевтың ізденісінен осыны анық аңғарасыз...
Әдебиет сыншысының тырнақалды туындысы – «Қызыл алма». Онда Әбіш Кекілбаевтың «Бір уыс топырақ» аталатын туындысын талдайды. Сыншы қазақ әдебиетіндегі жанр  өрісі, табиғаттас туындылар тағдырын қоса қабат әңгімелей келе, Әбіш Кекілбайұлының әдебиет есігін өлеңмен ашып, сосын прозада өндіре жазғанын дәл келтіреді. Оның қаламынан туған «Ақиқаттың алдында», «Бейімбет Майлин», «Өткірдің жүзі», «Ілияс Жансүгіров», «Нұрлан», «Жиырма бес» атты кітабы қазақ әдебиетінің, қазақ руханиятының құнды олжасына айналды. Мәселен, бір ғана «Бес мүшелін» алайық! Онда ақын Мағжан Жұмабаевтың лирикасы, Ілияс Жансүгіровтің өлеңдерінің идеялық мазмұнын ашып, Жұбан Молдағалиев, Құдаш Мұқашев, Төлеген Айбергенов, Есенбай Дүйсенбаев, Иранбек Оразбаевтың поэзиясына өз бағасын береді. Бейімбет Майлин, Әнес Сарай, Сұлтанәлі Балғабаев және т.б туындыларын нысанаға алып, қаламгерлік қуатын сөз етеді. Бір ғана кітабында осындай зор салмақ, мол құндылық бар.
Белгілі сыншының әрбір сөзіне зер салып, ұйып тыңдап отырып, келесі сұрақтың құлағы қылтия кетіп: – Сіздің сыныңызға ренжіп, өкпе-назын айтқандар болды ма? – дедім. 
– Ақын Қадір Мырза Әліні сынағаным рас. Ренжіді. Бірақ Қадір аға парасатты адам ғой! Бір кездескенімде «Осы сенің де көрмейтінің жоқ» деп тіл қатты. Кейін жақсы байланыс орнап, сыйластық, – деп жауап қатты күлімсіреп.
Расында Бақыт Тұрсынұлының сыны – шыншыл сын. Шыншыл сын шынайы таланттың қорытынды шығаратыны анық.
Қазір көркем әдебиеттен бұрын, газет-журналдар мен радио-теледи­дардың тілін дұрыстап, бір жүйеге бағыттау міндеті тұр. Яғни журналистика саласына нағыз сын керек. Осының жайын да сұрадық сыншыдан.
– Дұрыс айтасың, бүгінгі журналистика тіл заңдылықтарына бағынбай барады. Бұған мемлекеттік деңгейде мән беру керек. Өйткені тіл – ұлттың жаны.
Тілді дұрыстау үшін балабақшадан бастап әдебиетті енгізіп, мектеп бағдарламасында әдебиет пәніне басымдық беру керек. Жастар көркем сөз қуатын сезінсе, одан қайраткер де, ғалым да, өнертапқыш та, мықты журналист те шығады.
Бұл сөзімізге Нобель сыйлығын алған француз физигінің сөзі дәлел бола алады. Ол: «Елді дамыту үшін алдымен әдебиетті жүйелі дамыту керек. Өйткені көркем шығармада – адамдардың асыл арманы, тағдыры беріледі. Ел басынан өткен қилы-қилы оқиғалар, сол жолдағы күрес-тартыстары, ұлттың ерлік дәстүрлері, тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпы, ырым-жоралғысы қамтылады. Мұны оқыған адамнан ұлтқа пайдалы қайраткер шығады» деп сөз саптапты.
Көрдіңіз бе, әдебиет түзелмей, әлеумет түзелмейді. Бұл – ақиқат. Осыны түсінетін кез келді. Тәуелсіздік таңының атуында қаламгерлердің үлесі мол. 60-жылдары әдебиетке өзіндік қолтаңбасымен келген Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауиннің тарихи туындылары ұлттық жадымызды тірілтіп, өз-өзімізді тануға себеп болды. Ілияс Есенберлиннің қиын кезенде жазған «Көшпенділер» және « Алтын Орда» трилогиясы қазақ жастарының рухын асқақтатып, көкірегіне сәуле құйды. Осы идеямен сусындаған жастар 86-жылы алаңға шығып, өз құқығын талап етті...
– Соңғы кітабыңыз жайлы айта кетсеңіз...
– 2017 жылы «Менің құрдастарым» атты кітап одақтың қаржыландыруымен шықты. Онда 1947 жылы туған қаламгерлер – Сағат Әшімбаев, Нұрлан Оразалин, Иран-Ғайып Оразбаев, Дәуітәлі Стамбеков, Жарылқасын Боранбай, Әділбек Тауасаров, Смағұл Елубай, Несіпбек Дәутайұлы, Ризабек Әдуов, Ырым Кененбай, Жарылқап Бисенбайұлы қамтылды. Кітаптан қазақ әдебиетіне олжа салған бір буын өкілдерінің көркемдік әлемін терең тануға болады.
– Соңғы сауал. Бұл соңғы кітабыңыз емес шығар.
– Әлбетте, соңғысы емес. Қазір үш кітабым баспаға дайын тұр. Қаржыландыру көзі табылса әлі талай кітаптар шығаруға ниеттіміз.
P.S.: Сыншы қоғамның кітап, газет-журнал оқудан ажырап қалғанына қынжылды. Бұл жол – тұңғиыққа тірейтін жол екеніне өкініш білдірді. Өйткені рухсыз халық өмір сүре алмайды, ал, әдебиет – ұлттық рухтың қайнар көзі...
 
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
08 қараша 2020 ж. 11 656 0