№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Егін сайлы, көңіл жайлы

Егін сайлы, көңіл жайлы

Бір түйір дәннің қадір-қасиетін терең түсінетін жанның бірі – Әбсаттар Мырзабаев. Еңбектің арқасында маңдайы майланып, оның шаруа қожалығы аудандағы іргелі құрылымға айналды. Қазір онымен бірге шаруашылықтың жүгін көтеріп жүргендер еңбектің парқын жақсы біледі. Біз ырысты мезгілде «Мырзабай» шаруа қожалығының дәнді жинау науқанын көріп қайттық.
Шаруашылық төрағасы Әбсаттар Мырзабаев қырман басынан күтіп алып, теңіздей шайқалған күріштікке қарай жол бастады.
– Биыл күріштің шығымы өте жақсы. 2016 жылы гектарынан 45 центнерден келсе, биыл гектарына 70-80 центнерден айналуда. Өнімділік екі есеге артты деген сөз. Қазір қырманға 30 тоннадан астам дақыл жиналды. Аз уақыт ішінде қожалықтың дирменінде дәнді дақыл ақталып, дайын өнім нарыққа шығады, – деп бастады әңгімесін төраға.
– Күрішке сұраныс қалай?
– Сұраныс жоғары. Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда қаласынан сұраныс жақсы.
– Нарықта күріштің бағасы қалай? Еңбекті ақтай ма?
– Жерге сіңірілген еңбек қашанда ақталады. Бүгін өтпесе қоймада сақтап, қыс, көктем айларында нарыққа шығарамыз. Жалпы биыл күріш бағасы көңілге қонымды, келісі 200 теңгеден. Диірменнің басынан алуда.
– Қанша жерге күріштің дәнін тастадыңыз?
– Шаруашылық иелігінде 2000 гектардай жер болса, соның 200 гектары күріштік алқапты құрайды. Биыл «Маржан» элиталы күрішке басымдық бердік. Жоңышқалық 200 гектарға жуық, сондай-ақ, алма ағашын баптап, күтіп отырмыз. Қуанатын жайт, тек бізде ғана емес, барлық шаруашылықта биыл күріш шығымы өте жақсы.
– Техника жағы қалай?
– Төрт комбайн, төрт К-700 пен екі беларус тракторы, шөпті престейтін және шөп пен жемді майдалайтын техника мезгілдік жұмыстарға сақадай сай.
– Бұл техникалар қожалықтың иелігінде ме?
– Әрине, барлық техника алажаздайғы еңбекпен келді. Жылда күріштен түскен табысқа жылда бір техника алуға тырыстық. Өйткені заманауи техникасыз мол өнім алу мүмкін емес. Мүмкіндігінше ауылдағы ағайынға көмек қолын созуды да ұмыт қалдырмаймыз. Әсіресе күзде күріш жинау науқанында жаңадан алған «Macdon» техникасына сұраныс жоғары.
– Заманауи техниканың артықшы­лығы неде?
– Субсидия арқылы алған бұл тех­никаның құны 70 млн. теңге тұрады. Бір күнде 40 гектар күріштіктің шаңын шығарады.
– Қанша адамды жұмыспен қам­тып отырсыз?
– Маусымдық жұмысқа ауылдағы жұмысқа ынталы азаматтарды тартамыз. Қазір 15 жұмысшы бар. Оның сегізі егін шаруашылығында. Олардың еңбек­ақысы 70 000 теңгеден жоғары. Ал мехенизаторлардың айлығы одан жоғарылау. Шынын айту керек, қазір механизаторлар жетіспейді. Жастардың қолынан келгенімен, олар ауылда жұмыс жасағысы келмейді. Бәрі қалаға қашады, осы жердің барлығы сол жастарға қалады емес пе? – деп көңілін мазалаған ойын жеткізді.
Иә, қазір жастардың басым көбі ауылда қалғысы келмейді, тіпті Сыр беткейдегі кейбір ауылдағы жастар Ресейге жұмыс іздеп кеткені рас.
Қыркеңседен бірнеше шақырым жүргенде шаруашылықтың жеріне кірдік. Күріштіктің арасында биік-биік саялы ағаштар қазықтай тізіліп тұр. Комбайн шаңдатып жатқан жерге жақындадық.
Жерді игеру, ұжымдасып табыс табу диқаншылықтың дәру талабы. Әбекең мұны жақсы біледі. Сондықтан ауылдан іске епті, жауапкершілігі жоғары жастарды жинайды. Қолына кетпен беріп, жер анадан ризығын алуға бағыт-бағдар көрсетеді. Қайрат сенімді ақтады. Сөз жоқ, мол өнім алу үшін төр теге керек-ақ, бәрінен бұрын атыз-танаптың, судың, дақылдың не тілеп тұрғанын тану маңызды. Сегіз жылда Қайрат күрішпен сырласуды меңгеріп, шарауашылыққа еңбек сіңіріп келеді. Төраға диқанды шақырып, мән-жайды сұрады.
– Биыл «Маржан» дәнін тастадық. Жылда 50-55 центнерден өнім алатын болсақ, биыл 70-тен асты. Оның сыры – күзгі зябьтың пайдасы орасан. Арамшөптің тамыры суыққа үсіп, әрі жер тыныстайды. Содан ерте көктемде жерді қайта айдап, тегістеп, минералды тыңайтқыш беріледі. Мұның бәрі күріштің қорегі, дәнді, өнімді болуының негізі, – деп өнімділіктің сырымен бөлісті диқан.
Сәлден кейін ойын жалғастырып:
– Күрішті қырқынан шыққанға дейін мәпелеп қарайсың. Минералды тыңайтқышты дер кезінде беру де маңызды. Биыл Әбекең Өзбекстаннан «карбамид» минералды тыңайтқышын алдырып, ұшақпен сепкізді. Мұның бәрі күріштің өнімді болуына әсер етті, – деп мән-жайды түсіндірді.
Қайрат Сейітқұлов нағыз дала жұмысына берілген жан екен. Бала-шағасының ырзық-несібесін қара жерден теріп жүрген оның еңбегі адал. Тамшы тердің арқасында күріштен мол өнім алуда. Мұның құпиясын былай түсіндірді:
– Бала кезден еңбекке ерте араластық, әсіресе дала жұмысына төселдік. Күріштің бітік шығуы минералды тыңайтқыштан бөлек судың да уақытылы берілу әсер етеді. Алайда, ең қауіптісі ыза өтіп кетпеуі керек. Әрбір атыз біркелкі суда тұрса онда өнім жақсы болады, әрине жердің құнарлы болуы да заңды, – деді күрішші.
Күріштің халін түсінгеннен кейін нағыз еңбектің көрігі қызған егістікке қарай беттедік. Комбайн сары сабақты күрішті тоқтаусыз жұтып бара жатыр. Су жаңа комбайнның жүрісі де жылдам. Атыздың бір басынан екінші басына бірнеше минутта жетіп барады.
«Жер ылғалдау болғаннан кейін комбайн сәл бәсеңдеп қалып жатыр» деген комбайн тізгінін ұстаған Ғалым Каюпов: «Құдай қаласа, бірнеше күнде күріш орылып бітеді. Биыл дәнді дақылдың шығымы жақсы. Тіптен, кейбір атызда күріштің басы 200-290 дән байлағандықтан, қамбаға мол өнім жиналуда. Алтын дәнді ысырап етпеу үшін комбайн жаткасын мүмкіндігінше төмен түсіріп, орудамын. Десе де, жаңа техниканың мүмкіндігі мол. Артық шығын келтірмейді», – деп көңіл-күйін жеткізді Ғалым Қаюпов.
Күріш плантациясынан байқағанымыз дала еңбеккерлерінің көңілдері шат-шадыман күйге бөленген. Мұның өзі еңбектің ақталғандығының белгісі емес пе?

ТҮЙІН. «Сыр – суымен даңқты, ел – еңбегімен даңқты» дегендей, еңбегімен елге еленіп жүрген «Мырзабай» шаруа қожалығының жұмысшылары әрбір минутын сапалы іске жұмсаған. Лайым, молшылықтан айырмасын.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
28 қыркүйек 2019 ж. 2 384 0